Тыл ардагеріне лайықты құрмет
Қазіргі таңда соғыс ардагерлерімен қатар майдангерлермен теңестірілген тыл ардагерлеріне де мемлекет тарапынан қолдаулар мен құрметтер көрсетілуде. Бұл олардың қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға мен құрмет екені белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданымызда да жүйелі жүргізілуде.
Аудандық басылым бетіне майдангер аталардың ұрпақтары өз естеліктерін жазуда. Жарияланған мақалаларды оқи отырып, мен де қолға қалам қалдым. Мен жалынды жастық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген тыл ардагері, ұлағатты ұстаз Рахима Қызылхожаеваның қызымын.
Анамның есімі аудан жұртшылығына етене таныс. Жасы 90-нан асқан ардақты анамыз ауданның білім беру саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Соғыс жылдарында тылда жұмыс істеп, қиын кезеңді ел-халықпен бірге еңсерді. Анамның ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, былтыр «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Құрметті марапатты аудан әкімі Руслан Рүстемов табыстады. Бұл ұрпақтары үшін ғана емес, шәкірттері үшін де зор қуаныш болды. Анамның шәкірттері бүгінде елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым докторлары, академиктер екеніне біз әркез мақтанамыз.
Анам Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін жақсы көңіл-күйде қарсы алды. Бүгінгі күніне шүкір етеді. Ұрпақтар қиындық көрмесе екен деп ойлап, әркез ақ батасын беріп отырады. Саналы ғұмыры білім беру саласына арналған жанға өзі еңбек еткен №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің ұжымы тарапынан да тұрақты түрде құрмет көрсетілуде. Мұнан бөлек аудандық білім бөлімі де назардан тыс қалдырған емес. Жалынды жастық шағын соғыс өрті шарпыған тыл ардагері үшін бұдан асқан бақыт жоқ.
Анамыз облыстың, ауданның әр жетістігіне тілектес болып отырады. Облыстық, аудандық газеттерден жақсы жаңалықтарды оқып берсек, аймақтың басшыларына риза кейіпте көңілі көтеріліп қалады. Бұл оның бітім-болмысы қоғаммен тығыз байланыста екенін, қай кезде де ортақ абыройға қуана білетін көңілінің кеңдігін аңғартады. Сондықтан Ұлы Отан соғысының қиындығын көріп, тылдағы тауқыметті адал еңбекпен еңсерген, ұзақ жылдар білім саласында жұмыс істеген ардақты жанның ұрпақтары облыс, аудан әкімдеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
Раушан ОСПАНОВА,
мәдениет саласының ардагері