Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі ерен ел ағасы

Еңбегі ерен ел ағасы

«Адам жақсы ойлап, жақсы әрекет етсе, ұзақ өмір сүреді». Швед тілінен тура аударғанда осындай мағына беретін бұл тәмсілді атақты Альфред Нобель өзінің жеке күнделігінің бастапқы бетіне жазған екен. Бұл сөзді данышпан қазақ «Жақсының өзі қартайса да сөзі қартаймайды» деп түйіндейді. Біз білетін қайраткер-тұлға, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Нұрпейіс Сағиев – жақсы ойлап, жақсы әрекет етіп, жақсы қартаюдың да үлгісін көрсетіп келе жат­қан қазыналы қариялардың бірі де бірегейі.

«Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Нұрпейіс Сағиевтің есімі аудан жұртшылығына, оның ішінде түтіні түзу ұшқан Сәкен Сейфуллин ауылына етене таныс. Ардақты азамат саналы ғұмырында ауданның дамуы үшін жемісті еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Ардагер бүгінде әсем қала Алматыда тұрып жатқанымен туған жерге жиі келіп тұрады. Айына бір рет, кейде екі айда бір рет ағайын-туыстың қуанышына ортақтасып, игі тілегін арнайтын қария мыңдаған шақырым құрайтын екі араны даңғыл жол қылған. Тереңөзекке әр келген сайын қасиетті қарашаңырақ – редак­цияға да ат басын бұрып, біздің хал-жағдайымызды біліп, рухани шөлімізді басып кетеді. Әсіресе ауданның, ауылдың тарихы, бағындырған белестері мен жетістіктері туралы әңгімелегенде уақыттың қалай зымырап өтіп жатқанын байқамай қаламыз.


Өткен жолғы сапарындағы жүздесуімізді:

– Ауыл-ел аман ба? – деп бастады Нұрпейіс аға. Әркез тілектестік игі ниетін білдіріп, қуанышымызға қуанып, жетістігімізге шаттанып жүретін ардагердің даладай кең, баладай таза көңілі бізді бірден баурап алды. Аудан тарихын, азаматтар еңбегін терең әрі нақты білетін жады, сөз саптауы тіптен керемет. Ал «Ауылдан асқан қымбат мекен жоқ. Сыр елі – ырыс-құттың, бақ-берекенің, жарасым мен сыйластықтың темірқазығы болса, Сырдария – дарындылардың кіндік қаны тамған, өсіп-өнген, алыптарға алтын бесік болған мекен» деген орнықты ойынан, пайымды пікірінен жүрегі туған жер деп соғатынын анық аңғарамыз. Осылайша, әрдайым әңгімеміз жарасып, қажетті тұстарын қойын дәптерімізге түртіп алуды жөн көреміз.

– Жастық шағым, еңбек жолым туралы ойласам, ойыма бірден С.Сейфуллин ауылы түседі. Бұл ауыл мен үшін өте қымбат. Кезінде совхоз директоры болдым, ауыл тұр­ғындарының бәрі мен үшін туыс, бауырдай жақын. Аудандық газеттен ауыл туралы жазылған мақалаларды үзбей оқимын. Жақсы дүниелер жарияланды. Оның ішінде бірер жыл бұрын жарыққа шыққан ауыл туралы кітаптың орны ерекше. Бұл ауыл тарихына қосылған құнды қазына, – деген Нұрпейіс Сағиев кітапты жарыққа шығару ісіне атсалысқан барлық азаматқа шынайы алғысын айтады. Оның ішінде кітапты құрастыру ісінде көп еңбек еткен еңбек ардагері Жақай Бодықбаевтың еңбегіне ерекше ризашылығын білдіреді.

Әңгіме барысында ардагер өзімен бірге тарихи суретті ала келгенін және ол суреттің кітапқа енбей қалғанын атап өтті. Бұл сурет ауылдағы кезекті жиын барысында түсіріліпті. Ол кезде Нұрпейіс Сағиев совхоз директоры болса, Қарсақбай Ибрагимов совхоздағы партия комитетінің хатшысы екен. Ал ауылдық советтің төрағасы қызметін Мұсабек Күндәулетов атқарса, Зұлқарнай Тасбергенов жұмысшылар комитетінің төрағасы болыпты.

– Айтылған нәрсе – әңгіме, жазылған нәрсе – тарих екенін ескерсек, суретті де өткен күн­нің ескірмейтін естелігі деп бағалауға болады. Сондықтан аудандық газет арқылы осы суретті оқырман қауым көрсе деп ойладым, – деген Нұрпейіс Сағиұлы ұсынған суретті біз жергілікті басылымда жариялаған болатынбыз. Осы ретте әр сөзін салмақтап сөйлейтін, әр ісін байыптап атқаратын ардагердің қарапайымдылығы мен кеңпейілділігі туралы айтпай өту мүмкін емес. Кейіпкерімізді өзінің ұстамдылығынан айырылмаған, адамгершілігі мен парасаттылығын, ізеті мен инабаттылығын жоғалтпаған азамат десек те болады. Асылында ішкі дүниесі бай әрі таза адам орнымен сөйлейді, үлгілі іс істейді. 85 жасқа зор абыроймен жетіп отырған қарияның қайраткерлік күш-жігерінің астарында талай байлық жатыр. Ол байлық – рухани байлық.

– Ойы терең, сөзі мағыналы Нұрпейіс аға­мызды еңбегі ерен ел ағасы десек жарасады. Ең үлкен ерекше қасиеті – досқа адал, көпшіл, көңілі дархан, пейілі таза. Жүрекке жететіндей етіп, жүректегі сөзін айта алады. Еңбек жолын Тереңөзек ауданының 18-партсъезд колхозында агроном қызметінен бастап, 1963-1994 жылдары комсомол комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, Партияның ХХІ-съезі атындағы совхозда агроном, жұмысшылар комитетінің председателі, бас агроном, партия комитетінің секретары, Тереңөзек аудандық тұқым инспекциясының бастығы қызметін атқарды. Қай уақытта да бір өзгермейтін Нұрпейіс Сағиұлы ағайын-туысқа да сыйлы, жанашыр. Ардагер ағалар – тамыры тереңге тартқан тағылымды тарихтың тірі шежірешісі. Олардың жүріп өткен жолы, қиын кезеңде атқарған қызметі, еткен еңбегі – жас буынға үлгі-өнеге, – дейді Болат Ахметов. Ардагердің сөзін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев бастаған қариялар қуаттап, өнегелі өмір иесінің еңбегін жоғары бағалады. Бұл – Нұрпейіс Сағиевке деген ел-жұрттың пейілінің ақтығы, ниетінің пәктігі.

– Нұрекең жас кезімізден бірге өскен, бір ауылдан, өмір сынынан сүрінбей өткен, достықтың туын биікке көтере білген замандасым. Еңбекте шыңдалған, өсіп-өнген атпал азамат қай салада қызмет атқарса да елді игі іске жұмылдыра білді, білімі мен біліктілігі, тынымсыз ізденісі мен еңбегі арқылы абыройға көтерілді. Партия, комсомол, кәсіподақ саларын ойдағыдай басқарып, өндірісте бас агроном болып тәжірибе жинақтаған Нұрекең 1981 жылы С.Сейфуллин атындағы совхоз директорлығына жоғарылады. Бұл өсу мен өркендеу кезеңі еді, – дейді Жақай Бодықбаев.

Елге еткен еңбек ескерусіз қалмайды. Еңбек жолында да, өмір жолында да өзіндік орнын қалыптастыра білген Н.Сағиевтің еңбегі лайық­ты бағаланды. Тынымсыз еңбегі үшін Бүкіл­одақтық көрменің алтын, күміс, қола медалымен бірнеше рет марапатталды. Сонымен қатар Тереңөзек, Сырдария ауданының 80, 90 жылдық мерекелік төсбелгісінің иегері атанды. Мұнан бөлек облыс, аудан әкімдерінің Құрмет Грамотасы мен алғыс хаттары үйінің төрінде ілулі тұр. Ең жоғарғы марапаты да, атағы да – аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілген «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы.

Қызметте абырой биігіне көтерілген тұлға отбасында аяулы жар, ардақты әке, үлкен әулетің тірегі. Осыдан жеті жыл бұрын өмірден өткен жары Рсалдымен бірге бақытты өмір сүрді. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Бауыржан Алматыдағы іргелі компания­да бөлім басшысы болса, Еркін мен Ержан көкөніс өсіретін, қысы-жазы өнімін шетелге жөнелтетін үлкен агрофирманың басшылары. Ал Гүлнар нотариус саласында еңбек етсе, Сәуле жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. Ұл-қызынан тараған немере-шөберелердің қызығына кенеліп отырған ардагер абыройы асқақ, беделі биік азаматқа айналды. Бұрын кейіпкеріміз туған жерімен мақтанса, қазір туған жері, жерлестері Н.Сағиевті мақтан тұтады. Еңбегі ерен ел ағасының «Әр перзент, әр азамат туған жерін тұғыр көруі қажет» деген бұлжымас қағидасы патриоттық сезімімізді оятып, ауданға деген сүйіспеншілігімізді арттыра түседі. Шіркін, 85 жасқа абыроймен жетіп, тоқсанның төріне қадам басқан әр ардагердің туған жерге деген көзқарасы, тілектестік ниеті осындай болса, нұр үстіне нұр болар еді...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

13 ақпан 2024 ж. 256 0