Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал еңбекті ту еткен ардақты азамат

Адал еңбекті ту еткен ардақты азамат

Таулардың алыстаған сайын биіктей түсетіні белгілі. Тұлға­лардың да азаматтық болмыс-бітімі, адамгершілік қадір-қасие­ті, кәсіби қарым-қабілеті де сол таулардың биіктей түсетіні се­кіл­ді. Олар өмірден өтіп, жанымыздан алыстағанымен адал ең­бегі, өнегелі істері көңілдерде жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, жұртшылық арасында есімдері қай кезде де құрметпен ата­лады. Біз білетін ақжармалық Айтмағанбет Нұрсейітов адал ең­бекті ту еткен ардақты азаматтардың бірі де бірегейі еді.

Адал еңбекпен еңсе тіктеп, ел-жұртқа та­нылған Нұрсейітовтер отбасын ауданда біл­мейтін жан кемде кем шығар. Болат Нұрсе­йітовтің еңбегін бүгінде Ақжарма ауылы ғана емес Сырдария ауданы үлгі-өнеге тұта­ды десек артық айтқандық емес. Қиын кезеңдер­де елге ие болып, іргелі істердің бастамашысы бо­ла білген қайраткер-тұлға ауыл шаруашылығы өндірісінің білікті ұйымдастырушысы болған. Бүгінде Ақжармадағы орталық алаң Болат­ Нұр­сейітовтің есімімен аталады. Ал осынау тұл­ғаның бүгінгі ұрпақтары да осал емес. Олар­дың қатарында осыдан он жыл бұрын өмір­ден өткен Айтмағанбет Нұрсейітовтің есімі ерекше аталады.

Айтмағанбет Нұрсейітов – сонау 1947 жыл­дың тумасы. Ол 1953 жылы Шаңдайкөл орта мектебінің табалдырығын аттап, әкесінің қыз­мет бабына байланысты үшінші сыныптан бас­тап оқуын Шымкент қаласында жалғастырады. Кейін туған жерге қайта оралып, ауылдағы 7 жылдық мектепте, сондай-ақ Қызылорда қала­сындағы білім ордаларында оқиды. Мектеп бітіргеннен кейін еңбекке араласып, 1964-1967 жылдары жұмысшы-механизатор ретін­де еңбек етеді. Ал 1967 жылы көршілес Жалағаш ауданының кәсіптік-техникалық учи­ли­щесінің жеделдетілген курсында білім алып, механизатор-жүргізуші мамандығын мең­ге­реді. Сонан соң Отан алдындағы борышын өтеуді мақсат етіп, Ресейдің Челябинск каласында әскери міндетін атқарады. Әскерден келген соң облыс орталығындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа түсіп, 1974 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп шығады. Институтта оқып жүріп ғылыми жұмыстармен айналысатын студенттердің республикалық конференциясына қатысады. Бүкілодақтық Лениндік коммунистік жастар одағының Орталық Коми­тетінің «Құрмет Грамотасына» ие болады. Бұл жылдар кейіпкеріміз үшін білім алу, тәжірибе жинау кезеңі еді.

Еңбекке ерте араласып, тиянақтылығымен, жауапкершілігімен, белсенділігімен танылған Айтмағанбет Нұрсейітов әуелі облыстық туризм және экскурсия бюросында меңгерушілік қызмет етеді. Мұнда өңірдің туризм саласын дамытуға күш салып, түрлі тарихи орындар мен киелі мекендерге экскурсиялық саяхаттар ұйымдастырудың негізін қалайды. Жауапты жұмысты атқара жүріп, мол тәжірибе жинап, алдыңғы буын өкілдерінің тәрбиесін көргеннен кейін 1974 жылы Қызылорда қа­ласындағы Аманкелді атындағы кинотеатрға жұмыс ауыстырады. А.Нұрсейітов кинотеатрда директорлық қызмет атқарады. Бұл қызметті де төрт жылға жуық уақыт абыроймен атқарып, ұжымның құрметіне, әріптестерінің ризашылығына бөленеді. Сөйтіп, әрі қарайғы еңбек жолын өзі туып-өскен сол кездегі Те­реңөзек ауданында жалғастырады.

Қай кезде де жұмысты бірінші орынға қоя­тын еңбек адамы 1981 жылы аудандық «Білім» қоғамы ұйымының жауапты хатшысы болады. Жас маманның жұмысы көзге көрініп, көпшіліктің оң бағасына ие бола бастаған тұс­та А.Нұрсейітовті аудандық партия комитеті қызметке шақырады. Содан аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болып тағайындалады. Қызмет ете жүріп, бі­лім алу мен ізденуді бір сәтке де назардан тыс қалдырмаған азамат Алматы қаласындағы Ауылшаруашылығы институтының сырттай бөлі­мінде оқиды. Жоғары оқу орнын ғалым-агро­ном мамандығы бойынша тәмәмдайды. Осы жылдары кейіпкерімізбен бірге еңбек еткен, облысымызға белгілі қайраткер-тұлға Алмагүл Божанованың естелігіне назар аудар­ғанды жөн көрдік.

– Біз Айтмағанбетпен таныспай тұрып оның ата-анасымен сыйластық қарым-қаты­наста болдық. Әкесі Болат аға соғыс және еңбек ардагері, өте сыйлы кісі еді. Болат аға Ақжарма шаруашылығының Абай (Сағат талы) бөлімшесін басқаратын. Бөлімше қарауында күріш өсіретін бірнеше өндіріс бригадасы болатын. Анасы Жаңыл апа да қолы ашық, дас­тарханы кең, бар өмірін Бөкеңнің абыройына, балаларының бақытына арнаған көп балалы ардақты ана еді. Осындай ата-анадан тәрбие алған Айтмағанбеттің адамгершілік қасиеттері бірден көзге түсіп тұратын. Біздің жолдастық, достық қарым-қатынасымыз оның аудан орталығына жұмысқа келгенінен бас­талды. Мен ол кезде қазіргі А.Тоқмағамбетов ауылындағы №135 орта мектептің директоры едім. 1983 жылы мен аудан орталығына ауысып, аудандық партия комитетінің идеология және әлеуметтік мәселелер жөніндегі хатшы қызметін атқарып, Айтанмен бір аппаратта жұмыс істедік, отбасымен жақсы ара­ластық. Ол 1988 жылы Қараөзек кеңшары пар­тия комитетінің хатшысы болып ауысты. Бұл аудандағы мал шаруашылығымен, оның ішінде қаракөл қой шаруашылығымен айналысатын бірден-бір шаруашылық еді. Кеңшардың экономикалық-әлеуметтік жағдайы күрделі­леу, жайылымдық, шабындық, аяқ су мәселе­ле­рі шешілмеген еді. Тұрғындарының да тұр­­­­­мыс­тық жағ­дайы қиындау болатын. Айт­мағанбет осы жұмыстардың бәріне аянбай кірі­сіп кетті. Оған аудандық штабта қызмет атқарғаны, ауыл шаруашылығы мамандығын мең­геріп алғаны көмектесті. 1988 жылдың күз айында мен Тереңөзек аудандық атқару коми­тетінің төрағасы болып сайландым да ең бірінші шаруашылық аралаған сапарымды Қа­раөзектен бастадым. Қолдан келген көме­гімді көрсетіп, бірлесе жұмыс істедік. Айтан осы шаруашылықта 1992 жылға дейін пар­тия тарағанша еңбек етті. 1993 жылы «Да­лакөл» ауылдық кеңесінің төрағасы, 1994 жыл­дың қаңтарынан бастап осы ауылдың әкімі болып тағайындалды. Айтмағанбет қай қызметті де ыждағаттылықпен атқарды. Мен оны тапсырылған жұмысты тиянақты орындай білетін білікті басшы бола білді деп санаймын, – дейді А.Божанова өзінің «Ел ардақтылары» деген кітабында.

Жоғарыда аталған қызметтерді абыроймен атқарған А.Нұрсейітов 1998 жылдан бастап 2004 жылға дейін Ақжарма ауылындағы №130 Абай атындағы орта мектептің директоры болады. Бұл ауыл балаларының алаңсыз білім алуына бүгінгідей барлық жағдай жасалмаған қиын кезеңдер еді. Жарық та бірде бар, бірде жоқ. Қыста білім ордасының салқын болатыны тағы бар. Дәл осындай сындарлы уақытта мектеп тізгінін Айтмағанбет Нұрсейітов қолға алады. Бұл туралы ардагер-ұстаз Мәдина Оспан пікір білдіреді.

– Айтмағанбет Нұрсейітов ауыл мектебіне директорлық қызметке келген уақыт 1998 жыл­дың наурыз айы еді. Көп сөйлемейтін қа­сиеті, бір тоға мінезі, қалың ойда жүретіні бір­ден аңғарылды. Дегенмен, жаңа басшы көп ұзамай-ақ өзінің көшбасшылық мол тәжі­рибесін, іскерлігін көрсете білді. Оқу жылы аяқ­талуға жақын қалғанда мектепте қарбалас жұмыстардың көбейетіні белгілі. Бір жылғы еңбектің қорытындыланып, мемлекеттік емтихан, мектеп бітіру іс-шарасына ерекше ба­сымдық беріледі. Қала берді қыстай от жағы­лып, күл шығарылған сынып бөлмелерінің ыстан көрінбейтін қабырғасын да ретке кел­тіру керек. Ол кезде қаржы жағы тапшы болатын. Айтекең бар сенімін мұғалімдер мен ата-аналарға артты. Бар жағдайға қанық мұ­ғалімдер ата-аналармен байланыс жасап, сынып бөлмелерін он күн ішінде ағартып, сырлап шықты. Ұжымдық ортақ іске деген құл­­шыныс көп көңілінен шықты. А.Нұрсейітов «қыс­қа жіп күрмеуге келмейтін» жағдайдан қалай шығу керектігін терең түсінді. Қыста қалайда мектепті жылыту қажет. Директор ретінде аудан басшыларына қайта-қайта кі­ріп, оқу бөлімін мазалап, ауылдағы шаруа қожалықтарын жағалап жүріп, жылыту пешін орнатты. Іштегі шіріген трубаларды ауыстыру, батареяларды жаңарту, ұсталарға жалақы төлеу сияқты мың сан түйткілдердің шешімін табу да мектеп басшысына үлкен сынақ еді. Білікті басшы осы сыннан сүрінбей өтті. Мектепте жылу қалпына келіп, қуанғаннан «Ура» деп айқайлап, балаша шаттандық. Мұрнымыз жылып, қалың киімді шешіп, оқушыларға білім беруге құлшына кіріскеніміз көз алдымда, – деп еске алады Мәдина Торғайқызы.

Ардагер-ұстаздың пікірін білім беру са­ла­сының майталмандары Қынаш Әуелбе­кова мен Жанатбек Жағыпар да қуаттай түсе­ді. Олар ардақты тұлғаның әсіресе азамат­тық, адамгершілік болмыс бітімін жоғары баға­лай­ды. Сондай-ақ отбасындағы рөлін, бала тәрбиелеу мен үлгілі ата-ана болу жолындағы ізгі істерін үлгі-өнеге етеді.

– Біраз жыл басшылық қызмет жасаған, мектепте директор болған Нұрсейітов Айтма­ғанбеттің өмірден озғанына 10 жыл толыпты. Ол кісі артына өшпес із қалдырды. Мен Айтмағанбетпен, Сайлаукүлмен бұрыннан таныспын. Өнегелі отбасынан түлеп ұшқан ұл-қыздар бүгінде еліміздің дамуына лайықты үлесіп қосып жатыр деп есептеймін. Директор болған кезінде А.Нұрсейітов мектеп мұғалімдерінен оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруді қатаң талап етуші еді. Мұғалімдердің білімін жетілдіру ісіне терең мән беретін. Сондықтан оқушыларымыз аудандық пән олимпиадаларынан әркез жүлдемен оралатын. №130 орта мектеп білім сайысынан ауданда алдыңғы орында еді, – деп еске алады Қынаш Әуелбекова.

Ал Жанатбек Жағыпар ардақты азаматтың ұқыпты, тазалықты жаны сүйетін іскер, ұйым­дас­тырушылық қарым-қабілеті жоғары азамат болғанын айтады.

– Әлі есімде Айтмағанбет ағай үлкен бір игі іске бастамашы болды. Директор болған жылдары мектеп айналасындағы жер телімдерін бөліп, әр сынып оқушыларына берді. Міндет – ауланы жасыл желекке айналдыру. Еңбек пәні мұғалімдеріне мектеп алдын гүлзарға айналдыру бойынша да тапсырма берілді. Мектеп залдарын әсем гүлдермен безендіру қолға алынды. Сөйтіп, ауыл мектебінде гүлдер аллеясы пайда болды. Бұл істе мектеп ұстасы Нұрадин Бердешовтің, еңбек пәні мұғалімдерінің еңбегі зор. Қазақта «Мың қосшыға бір басшы» деген қанатты сөз бар. Бұл осы Айтмағанбет Нұрсейітовке қарата айтылғандай. Себебі ол кісі білікті басшы ғана емес көпті ұйыта білетін іскер ұйымдастырушы да еді, – дейді Жанатбек Жағыпар.

Тағы бір есте қаларлық естеліктерді тіз­бектейтін болсақ, 2003-2005 жылдар елі­мізде «Ауыл жылы» болып белгіленді. Сол кездері ауыл мектептеріне ерекше мән беріліп, білім беру ошақтарының әрбір игі ісіне қолдау көр­сетілді. Осыған байланысты облыс бо­йын­ша ауыл мектебі мұғалімдерінің білім беру әдісі­нен үлкен іс-шара ұйымдастырылыпты. Аталған сайыста №130 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Арай Қойшығұлова «Жыл мұғалімі» мәртебесіне ие болған. Жаңа жыл қарсаңында Президент қабылдауындағы кездесуге барған ол Мемлекет басшысының қолынан бағалы сыйлық алған болатын. Бұл да болса, мұғалім еңбегімен қоса, мектеп директорының облыстағы беделінің жоғары екенін білдіреді. Ал «Әйтек» су торабын іске қосу іс-шарасына қатысқан Ел Президенті ау­дан бойынша бір ғана мектепке «Уаз» авто­көлігін тапсырғаны әлі есімізде. Сол көліктің кілтін Президент білікті ұстаз Айтмағанбет Нұрсейітов ұстатқан. Бұл ауыл мектебінің ғана емес ауданның білім беру саласы үшін жоғары марапат еді. Мұның бәрінде мектеп директорының маңдай тері мен ізденісі бар екені сөзсіз.

Қызметте абырой биігіне көтерілген азамат отбасында аяулы жар, ардақты әке болды. Бүгінде Айтмағанбет Нұрсейітов пен Сайлаукүл Келгенбаевадан тараған ұрпақтар өсіп-жетілді. Олар түрлі салада жемісті еңбек етіп, ата-ана үмітін, ұстаздар сенімін ақтады десек те болады. Үйдің үлкені Мархабат Қы­зылорда қаласындағы №6 есту қабілеті бұ­зылған балаларға арналған арнайы түзету мектеп-интернатында ұстаз болса, оның ұл-қыздары медицина саласында қызмет етіп, халықтың игілігіне қызмет жасауда. Салтанат – Сырдария аудандық ауруханасының мейірбикесі. Оның да ұл-қыздары медицина саласы бойынша жоғары білім алып, қазіргі таңда тәжірибеден өтуде. Отбасындағы үшінші қыз Торғын бүгінде Астана қаласындағы «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы қызметін атқаруда. Торғынның қыздары аудармашы, музыка саласының маманы екен. Әке жолын жалғап, мемлекеттік қызмет саласында ауданда абыройлы еңбек ете білген Қанат Нұрсейіт – қазіргі таңда Қызылорда обл­ыс­ының ауылшаруашылық және жер қа­ты­настары басқармасының инвестиция және өңдеу бөлімінің басшысы. Ол бұған дейін Сыр­дария ауданы әкімінің көмекшісі, Ақжарма ауылының әкімі, аудан әкімі аппа­ра­тының бас инспекторы, Қызылорда қала­сы әкімі аппаратының бас инспекторы қыз­меттерін абыроймен атқар­ды. Қанаттың кіш­кен­тайлары бүгінде мектеп­те оқиды, олар оқуда озат, белсенді. Ал үйдің кенжесі Серік Айтмағанбетұлы «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның қар­жы­ландыру бөлімінің басшысы лауа­­зымында еңбек етіп келеді. Серіктің де балалары талапты, өнерлі.

Жалпы, Нұрсейітовтер әулеті өсіп-өнген отбасылармен құда-жегжат болды. Бүгінде тамырын тереңге жайған бәйтеректей көктеп-көгеріп, өркендеп-өсіп келе жатқан іргелі от­­басының өзіндік орны, мәртебелі төрі бар. Осы балалардың және немерелердің қызығын көріп отырған Сайлаукүл анамыз да ұзақ жыл білім беру саласында еңбек еткен ардагер ұстаз. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған зейнеткер бәріне шүкіршілік айтып, елдің өсіп-өркендеуін, өңірдің дамуын тілегіне қосып отырады.

«Орнында бар оңалар» демекші, бүгінде Айтмағанбет Нұрсейітовтің өзі өмірден өтсе де оның ізін жалғайтын ұрпақтары, еңбегін насихаттайтын замандастары бар. Аз сөйлеп, көп іс тындыра білген, қиын кезеңдерде еңбек еткен білімді, мәдениетті, іскер азаматтың жат­қан жері жайлы, топырағы торқа болсын деп тілейміз!


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер Одағының мүшесі

13 желтоқсан 2022 ж. 361 0