Нұрпейіс САҒИЕВ, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы»: Ауылдан қымбат мекен жоқ
«Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Нұрпейіс Сағиевтің есімі аудан жұртшылығына, оның ішінде биыл 45 жылдық мерейлі мерейтойы аталып өтілген Сәкен Сейфуллин ауылына етене таныс. Ардақты азамат саналы ғұмырында ауданның дамуы үшін жемісті еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Ардагер жақында туған жерге табан тіреп, ауданға келген сапарында қасиетті қарашаңырақ – редакцияға ат басын бұрып, аз-кем пікірлескен болатынбыз. Сонда ауданның, ауылдың тарихы туралы әңгіме қозғалған еді.
– Ауыл-ел аман ба? – деп бастады Нұрпейіс аға әңгімесін. Әркез тілектестік игі ниетін білдіріп, қуанышымызға қуанып, жетістігімізге шаттанып жүретін ол кісінің даладай кең, баладай таза көңілі бізді бірден баурап алды. Аудан тарихын, азаматтар еңбегін терең әрі нақты білетін жады, сөз саптауы тіптен керемет екен. Ал «Ауылдан асқан қымбат мекен жоқ. Сыр елі – ырыс-құттың, бақ-берекенің, жарасым мен сыйластықтың темірқазығы болса, Сырдария – дарындылардың кіндік қаны тамған, өсіп-өнген, алыптарға алтын бесік болған мекен» деген орнықты ойларынан, пайымды пікірлерінен жүрегі туған жер деп соғатынын аңғардық. Осылайша, әңгімеміз жарасып, қажетті тұстарын қойын дәптерімізге түртіп алдық.
Ардагер ағаның айтуынша, карантин талаптарына сәйкес шағын құрамда ғана аталып өтіліп, ауыл мен мектеп тарихы жөнінде жазылған қос кітаптың тұсауы кесілген С.Сейфуллин ауылының 45 жылдық мерейлі мерейтойы – ауыл үшін ғана емес, аудан үшін аса маңызды. Себебі, ұядай ауылдан бүкіл қазаққа белгілі көптеген азаматтар шыққан. Ауылдың атақ-абыройын асырып жүрген олардың бәрі туған жердің мақтаныштары. Өзі де кезінде аталған совхоздың директоры болған және мұны зор абырой деп санайды.
– Жастық шағым, еңбек жолым туралы ойласам, ойыма бірден С.Сейфуллин ауылы түседі. Бұл ауыл мен үшін өте қымбат. Кезінде совхоз директоры болдым, ауыл тұрғындарының бәрі мен үшін туыс, бауырдай жақын. Аудандық газеттен ауыл туралы жазылған мақалаларды үзбей оқимын. Жақсы дүниелер жарияланды. Оның ішінде мерейтойға байланысты жарыққа шыққан қос кітаптың орны ерекше. Бұл ауыл тарихына қосылған құнды қазына, – деген Нұрпейіс Сағиев кітапты жарыққа шығару ісіне атсалысқан барлық азаматқа шынайы алғысын айтты. Оның ішінде кітапты құрастыру ісінде көп еңбек еткен еңбек ардагері Жақай Бодықбаевтың еңбегіне ерекше ризашылығын білдірді.
Әңгіме барысында ардагер өзімен бірге бір тарихи суретті ала келгенін және ол суреттің кітапқа енбей қалғанын атап өтті. Бұл сурет ауылдағы кезекті жиын барысында түсіріліпті. Ол кезде Нұрпейіс Сағиев совхоз директоры болса, Қарсақбай Ибрагимов совхоздағы партия комитетінің хатшысы екен. Ал ауылдық советтің төрағасы қызметін Мұсабек Күндәулетов атқарса, Зұлқарнай Тасбергенов жұмысшылар комитетінің төрағасы болыпты.
– Айтылған нәрсе – әңгіме, жазылған нәрсе – тарих екенін ескерсек, суретті де өткен күннің ескірмейтін естілігі деп бағалауға болады. Сондықтан аудандық газет арқылы осы суретті оқырман қауым көрсе деп ойладым, – деген ауданның Құрметті азаматы қазіргі С.Сейфуллин ауылының қазіргі дамуын жоғары бағалайтынын жеткізді. Ауылда бой көтерген әлеуметтік нысандар, жөнделген жолдар мен абаттандыру жұмыстары сапалы жүргізілгенін атап өтті. Бұл ауданәкімдігінің және аудандық мәслихат депутаттарының тікелей қолдауымен болған іргелі істер екенін жеткізді.
Иә, ардагер ағалар – тамыры тереңге тартқан тағылымды тарихтың тірі шежірешісі. Олардың жүріп өткен жолы, қиын кезеңде атқарған қызметі, еткен еңбегі – жас буынға үлгі-өнеге. Бір сағат көлемінде өрбіген кездесуде Нұрпейіс Сағиев көп естелік айтты. Оның ішінде «Әр перзент, әр азамат туған жерді тұғыр көруі қажет» деген бұлжымас қағидасы патриоттық сезімімізді оятып, ауданға деген сүйіспеншілігімізді арттыра түсті. Шіркін, жетпістің желкенін абыроймен керіп, сексеннің сеңгіріне шыққан әр ардагердің туған жерге деген көзқарасы, тілектестік ниеті осындай болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ