Болмысы бөлек тұлға
Сырдариялық ардагерлер мен зиялы қауым өкілдеріне «Құрмет белгісі» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері Абызбай Маханбетовтің есімі етене таныс. Қайраткер-тұлға ұзақ жыл білім беру саласында, партия органдарында, сондай-ақ аудандық газет редакциясында басшылық қызметтерді абыроймен атқарды.
Саналы ғұмырын ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына арнаған ардақты тұлғаның есімін жаңғырту мақсатында жаңа кітапты жарыққа шығару жұмыстары қолға алынды. «Болмысы бөлек тұлға» атты ғұмырбаяндық кітап бірнеше бөлімнен құралады және келесі жылдың басында жарыққа шығады деп жоспарлануда. Осыған орай А.Маханбетовтің ұрпақтары мен кітапты құрастыру алқасы қайраткер-тұлғаны білетін, әріптес болған, өмір жолы мен қызмет барысында араласқан азаматтарға кітапқа естелік ұсынуға болатынын хабарлайды.
– Әке сөзі кімге де болса әркез ыстық. Ал біздің әкемізді сырбойылықтарға таныстырудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Әкеміздің өмірі осы өңірдің өсіп-өркендеуіне арналғандықтан сырбойылық зиялы қауым өкілдері Абызбай Маханбетовті жақсы таниды деп сенеміз. Өз еңбек жолын білім саласынан бастаған әкеміз аудандық партия комитетінде, журналистика саласында жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы бола білді. Халық қалаулысы ретінде де ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына зор еңбек сіңірді. Мұның бәрі жаңа кітаптағы естеліктерде кеңінен баяндалады. Ал біз ардақты тұлғаның ұрпағы екенімізді, қоғам алдындағы жауапкершілігіміз бен міндетімізді терең сезінеміз. Бұл кітап ауданның дамуына үлес қосқан тарихи тұлғалардың тағылымды шежіресінің жалғасы боларына сенеміз. Кітапқа естеліктер ұсынып, ой-пікір білдіруге ниетті барлық азаматқа шын жүрегімізбен шексіз алғысымызды білдіреміз, – дейді ұрпақтары.
Айта кетейік, кітапқа естелік ұсынып, ой қосып, пікір білдіретін азаматтар аудандық газет редакциясының 21-1-41, 21-5-73 байланыс нөмеріне хабарласуға болады.
«Тт» ақпарат