Үш таған және үміт
Ата-бабамыз пайдаланған үш аяқты ошақ менің қызмет тағдырымды шешеді деген ой үш ұйықтасам да түсіме енбес еді, егер мына оқиға болмаса.
Осыдан біраз жыл бұрын Президент алғашқыда аудан, ауыл әкімдері елдің алдында жылына бір рет есеп беретін Жарлық шығарды. Ол жылдың басына жоспарланып, аудандық газетке есеп беру кестесі жарияланатын. Кездесу ақпанның қара суығына тура келді.Ауданның шығысындағы ауылдардан басталған есеп кезекпен біздің ауылға да жақындап келеді. Естуімше, ауыл әкімдерінің төрт-бесеуін жиналыс қорытындысымен жұмыстан алатын болыпты.
Аудан әкімінің қарқыны жаман көрінеді, жұмыс болған жерде кемшілік те болады. Жұмыстан босатам десе сылтау көп. Әлде жоғарыдан көп жыл істеген ауыл әкімдерін орнынан босат деген тапсырма келді ме, білмедік. Жұмыстан шеттетілген ауыл әкімдерінің жұмыс өтілдері жоғары. Бірақ біреуіне де жұмыс ұсынбапты. Өте қиын жағдай, заман болса мынау, жұмыс табу оңай емес. Қызмет қолдың кірі болмай шықты, ол үшін күресу керек болды. Сол кездердебіз сияқты ауыл шаруашылығы мамандары совхоз тарап, береке кеткен соң, көбісі жұмыссыз қалған. Ауыл шаруашылығы мамандары керек болмай, елдер өз балаларын заңгерлік пен экономистікке оқуға жіберіп жатқан кез. Жұмыстан босаған әкімдердің шығу себебі де әр түрлі. Біреуі ауылдағы жарыққа байланысты, екіншісі жұмыссыздыққа, ауызсуға, әйтеуір кемшілік табылып келеді екен.
Содан не керек, ертең жиналыс өтеді деген күні мені жұмыстан шығаратын себеп анықталып,құлағыма жетті. Халық жиынында клубтың жылуына жауапсыздықпен қарағаным қатаң сыналу керек екен. Өзім де ең жанды жерден ұсталғанымды түсіндім. Жұмыстарымнан кінәрат таба алмаған болу керек. Ауыл қанша жыл қиындықты көріп келе жатса да қолдан келгенін істеп елдің ортасында бірге келемін. Ол кезде аудан басшылығы мамандарды қабілетіне қарай сатылап өсіретін. Жұмсаған жеріне әйел, бала-шағаңды алып көшіп жүре бересің. Сол тәртіппен аудандық су шаруашылығында қазіргі Н.Ілиясов, О.Мәлібаев ауылдарында бас инженер, гидротехник қызметтерінде 14 жыл жұмыс істеп, Қалжан ахун ауылының әкімі болып тағайындалғанмын. Оған да 10 жылдан әрі асыпты. Бұрынғы кадрлық жүйе де өзгере бастады. Амалын тауып орында қалу керек болды. Дереу ауылдағы жанашыр үлкендер мен мамандарды ауыл әкімдігіне жинап, ашық жиналыс өткіздім. Барлық жағдайды ашық айтып, қолдап жатсаңыздар тығырықтан шығатын жол іздеуді ортаға салдым.
Күн тәртібінде – клубты жылыту, екінші аудан әкімінің бетін қайтарып қызметте қалу. Ол кезде клубтың бу қазандық жүйесі жұмыс істемейді. Төбесі жұқа қаңылтыр және биік. Жөндейтін қаражат жоқ. Іс-шараның көбісі қыс айларында мектепте өтеді. Жиналысты мектепке ауыстыруға болмайды, себебін айттым. Ақылдаса келіпшаруашылықтың бас инженері Нұрым құрдасымның айтқан ұсынысына тоқтадық. Ол «клубты киіз үйдегідей қазан асып жылытамыз» деді. Кәдімгі тойдағыдай, залға төрт үлкен қазан ошағымен тауып түнімен асу керек. Ал клуб жылы болса, әкімді райынан қайтаруды ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы Баку аға мен мектеп директоры Қайрақбай ағайлар мойындарына алды.
Сонымен дайындық басталып кетті. Қазан-ошақты залға төрт жерге орналастырып, газды үлкен балондармен төрт-бес сағат жақсақ та жылу ошақтың айналасынан шықпады. Бұл жұмыс іске аспады. Газдың иісі шығып, мазамыз болмай отырғанда ілгеріде мал баққан, көргені көп Қуандық аға келе қалды. «Ой, мына темір ошақ жылуды қайдан жіберсін, бастарың істемейді, қазақ зәулім киіз үйді қақаған қыстың күні тезекпен қалап жылытқан. Ойларың дұрыс, бірақ ошақты өзгертіңдер, киіз үйдің ошағы үш аяқты, жан-жағы ашық, жылу тарататын болады» деді.
Уақыт аз, дала қараңғы болып барады. Дереу жігіттер бөлініп үйді-үйді, көрші ауылдарға дейін жағалап ошақ іздеп кетті. Әйтеуір үш ошақ тауып әкелді. Кешқұрым ошақ іздеп жүрген біздің жігіттерге көрші ауылдағы ағайындар күліпті. Содан отты жақтық, жылудың тебетін түрі бар, үміт оты жанғандай. Әттең енді бір ошақ болса деп тұрғанда, Қайрақбай ағай келіп, ойланып тұрып, ол аудандық музейде болу керек деді. Клуб меңгерушісі Қошық Марат пен қоймашы Күшікбаев Бақыттың қалай келіскендерін қайдам, музейдегі ошақты әкелді.
Сонымен төрт қазанды буын бұрқыратып қайнатып қойған соң, клуб іші жылығандай болды. Сағат он бірдің шамасында Баку ақсақал келіп, тағы бір мәселе шығарды. «Қазақта бос қазан қайнатпаған, жаман ырым» деді қария. Әлі жиналысқа дайындалу керек дегендей, амал жоқ түн ортасында ауылдас достарым Тереңөзектегі ет сататын жалғыз дүңгүршекті аштырып, бір сиырдың басын төртке бөліп, ет қосып, қазандарға салды. Қазір еске алсам, бәрі қызық секілді. Ауыл болып жүгіріп жүрген елдің азаматтарына қалай риза болмайсың. Әр қызметтің уақытына сай өз қиындықтары болады. Ол кездегі ауыл әкімінің жұмысын, казіргі ауыл әкімдерінің жұмысымен салыстыра алмайсың. Алдында бір-ақ мақсат – елдің тыныштығын, ауызбіршілігін сақтау. Ауылда бір отбасы аш болмау керек. Проблема шаш етектен, оны тауыса алмайсың. Ауыз су, отын, жарық, азық-түлік, жұмыссыздық, төленбеген айлық,әлеуметтік төлемдерді айтпағанда да жетіп жығылады.
Қой, сонымен жиналыс болатын кезге 10 минут қалғанда қазаншылар қазан ошақтарын жинап жоқ болды. Президиумның артына үлкен екі тоқ пеш тауып әкеп қосып қойғанмын. Ауыл тұрғындары түгел, зал толы адам. Келген қонақтар сырт киімдерін шешіп, жиналысты бастап кетті. Әуелі ауыл әкімінің, сосын аудан әкімінің есебі тыңдалды. Бәрі жақсы, ауыл әкімінің есебі туралы сөз алған Қайрекең мен Бакең дайындаған адамдар жақсы деген баға беріп жатыр. Артық сұрақ жоқ.
Әкімнің көмекшілері жылу трубаларын ұстап, қайта-қайта көреді, олар мұздай оны бәріміз байқап отырмыз.
Мәслихат хатшысы Батырбекаға ғана шығып бара жатып «түнде клубта той болған ба?» деді. Бізде үндемей басымызды шұлғыдық.
Расында клуб іші асылған еттің иісіне аңқып, оның буымен жылып тұрған. Адамның денесінің күші де жылу шығарып, клубты суытпады.
Аудан әкімін облыстан келген өкілдерімен бірге клубтың ауласынан шығар жерден Баку ақсақал құшақ жая күтіп алды.
Бакеңнен сөз қалған ба, әкімді құшақтап тұрып «Сіз қызметке келгеннен бері үйден сыбағалы ас берудің реті бүгін түсіп тұр, қонақтарыңды үйгеалып жүр» деп үйіне бастап кетті. Сонымен, бізге ауданнан «дастарқан дайындалмасын» деген тапсырма орындалмай қалды. Ауылдың жігіттері кешеден бері Бакеңнің үйінде қонаққа дайындалып жатқан. Осымен «қызметте қалу» операциясыжақсы аяқталып, ауыл жақсыларының арқасында орнымда қалдым. Қазақ «Ел сыйларлық бағаң болмаса, елге аға болдым деме» деген.
Енбек етсең, бірлігі бар ауыл қадірлей де, қорғай да біледі. Ауылыма шексіз ризамын. Кейін музейге директорлық қызметке барғанда, ата-бабамыздан қалған үш аяқты ошақты көрген сайын осы оқиға есіме түседі. Үш аяқты ошақ әлі де кәдеге жарап тұр, тек жәдігер есебінде. Жылу мәселесін қарайтын жиналыстың күн тәртібінен менің мәселемді әкім алып тастапты.
Марат Омаров,
Тереңөзек кенті