Ашықтыққа негізделген жиын
«Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, жыл басынан халыққа есеп беру жиындары өтуде. Соның аясында аудандағы Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі ауылдық округі әкімдері 2022 жылы атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер жөнінде ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Тұрғындармен кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдағы мекеме басшылары, еңбек ардагерлері қатысты.
Ашықтыққа негізделген есеп беру жиынында ауыл әкімдері 2022 жылғы атқарылған жұмыстар мен биыл атқарылатын жұмыстардың есебін берді. Сонымен қатар атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша ағымдағы жылы жалғасатын ауқымды жобалар туралы тұрғындарға ақпарат ұсынды. Өз хабарламасында ауыл әкімдері қаржының игерілуі, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім, спорт, мәдениет және тағы басқа салалардағы жоспарлы жұмыстарды, жетістіктерді тізбектеді. Оған қоса, осы жылы ауылішілік көшелер жөндеу көретініне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, биыл аудан орталығынан шалғайдағы Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл ауылдарының электр желілері толық ауыстырылатын болады. Тұрғындар тарапынан көптен бері айтылып жүрген ұсыныстың іске асуына республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Бүгінде мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігер анықталған.
Жалпы, өткен жылы барлық ауылдық округте көше жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған тиісті қаржы қаралған. Сонымен бірге кейбір ауылдарда жаяу жүргіншілер жолы салынып, халық игілігін көріп келеді. Бесарық ауылындағы спорттық кешенінің құрылысы да биыл аяқталса, ауыл жастарының саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуына мол мүмкіндік жасалмақ.
Жол жөндеу жұмыстарының ең негізгісі – осы жылы Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарын қосатын үлкен жол жөнделетіні тұрғындардың қуанышын еселей түсті.
Есепті кездесу барысында ауылдық округтердегі әлеуметтік нысандардың жағдайы да назардан тыс қалмады. Тұрғындарды жұмыспен қамту, жастарды қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікпен айналысуға мемлекеттік грант беру мәселесі бойынша сұрақтар қойылып, оған тиісті жауаптар берілді. уылдық мектеп, балабақша, амбулаториялық бекет, тағы басқа нысандар тұрғындарға үздіксіз қызмет етуде. Әлеуметтік нысандарда кез келген уақытта туындаған мәселе тез шешімін тауып, тұрғындардың игілігіне қызмет етуі тиіс.
Жиындарда ауыл тұрғындары өз ұсыныстарын білдірді. Оның қатарында жұмыссыздыққа, жолға, жарыққа қатысты мәселелер бар. Ауыл әкімдері айтылған ұсыныстар назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізетінін жеткізді.
Қорытынды сөз алған аудан әкімінің орынбасарлары барлық ұсыныс-пікірлер жинақталып, оң нәтиже шығарылуына жұмыс жүргізілетіні айтылды.
Б.ЖАНӘЛІ