СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ АТҚАРУШЫ БИЛІК ӨКІЛДЕРІНІҢ ЖҰМЫСЫН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ
Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес кеше С.Сейфуллин ауылдық округінде есепті кездесу жиыны өтті.
Жиынға облыстан бекітілген өкіл ретінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары, ауыл тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Есеп беру кездесуінде аудан әкімі Ғанибек Қазантаев баяндама жасап, аудан әкімі өз сөзінде былтырғы жылдың аудан үшін жемісті болғанын айтып, атқарылған жұмыс ауқымды екенін атап өтті.
– Ауданның барлық саласында өсім, атқарылған жұмыстарда нақты нәтиже бар. Ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығына аграрлы аудан еңбеккерлері жүйелі жұмыс жасап, толайым тарту жасады. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша өндірілген өнім 2018 жылдың қорытындысы бойынша 12 миллиард 148 миллион теңгені құрап, 3,8 пайызға өсті. Бұл аудандар арасында ең жоғарғы көрсеткіш,- деген аудан әкімі үстіміздегі жылы ауданға инвестиция тарту бағытында кешенді жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Жиында С.Сейфуллин ауылдық округінің әкімі М.Қаратаев пен ауылдық учаскелік полиция инспекторы С.Искендиров жыл бойы атқарған жұмыстарының есебін берді.
Негізгі баяндамалар тыңдалғаннан кейін "Құнызды Май" шаруа қожалығының төрағасы Б.Рахметов сөз сөйлеп, кәсіпкерлік саласын дамытуға қолдау көрсеткені үшін аудан басшысына ауыл тұрғындары мен шаруашылық қызметкерлері атынан алғысын білдірді. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны Р.Мырзабекқызы денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне қиын кезеңде сапалы медициналық көмек көрсеткендері үшін шынайы ризашылығын айтты.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.