Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерекшелігі көп есеп беру жиыны

Ерекшелігі көп есеп беру жиыны

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қолданысқа енгізіп, биліктің барлық өкіліне ха­лыққа жақын болуды міндеттеуде. Мемлекет басшысы Парламенттің жалпы отырысында мемлекеттік қызмет жүйесін жаңа заман талабына сай жетілдіру туралы орнықты ойларын жария етіп, «Әкімдер адамдардың алдына шығуы тиіс. Қажетсіз бюрократиядан айығуы керек» деген еді.

Иә, бұл сөздің жаны бар...
Әне-міне дегенше әкімдердің халыққа есеп беру жи­­ын­­­­дарының өтетін уақыты келіп жетті. Биылғы есеп беру жиындары жылдағыдан ерекше форматта өтетін секілді. Біріншісі, халық жиындары бұрыннан қа­лыптасқан уақыттан сәл кештеу ұйымдастырылуда. Оған қаңтар айында елімізде орын алған төтенше жағдай мен эпидахуал әсер етсе керек. Ал екінші ерекшелік, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қолданысқа ен­­гізіп, биліктің барлық өкіліне халыққа жақын болуды міндеттегенін жергілікті атқарушы орган өкілдері ұмытып кеткен секілді. Әлде Президенттің байыпты бас­тамасын қаперге алуға қажетсіз қағида деп ойлады ма екен?!

Редакцияға соңғы екі аптада үстін-үстін хабарласып, әкімдердің есеп беру жиынында оқитын баян­да­масының жобасы неліктен газетте жарияланбай жат­қанын сұраушылар қатары көбейді. Бұл сұрақты әсі­ресе ауылдардағы біздің тұрақты оқырмандарымыз бен аудан орталығындағы еңбек ардагерлері көп қою­да. Оқырмандар сұрауын дұрыс түсінуге болады. Тұр­ғындар бұрын әкімдердің баяндамасын алдын ала жер­гілікті газеттен оқып, танысатын. Сосын әкім баяндамасынан тыс қалған тұстарды халық жиынында мәселе етіп көтеріп, сұрақ қоятын. Баяндамада қамтылған тұс­тарды жұртшылық жиында талқыламайтын, газеттен оқып біліп, жоспарлы жұмыстардың жай-жапсарын түсінетін. Барлық ауыл әкімі жыл көлемінде атқарған жұмыстарының қорытындысын және алдағы мақсат-міндеттерін жылдық баяндамасына енгізіп, газет бас­паханаға кетемін дегенше өңдеп, жөндеп, сандарды түзеп, мұқият мән беретін. Ал биыл бірде-бір әкімнің баяндамасы жергілікті газетте жарияланған жоқ. Осы тұс­та бәзбіреулер әлеуметтік желінің әлеуеті артты деуі мүмкін. Бірақ әлеуметтік желідегі ресми парақшалардан да баяндамалардың жобасын таба алмадық. Сонда бұл қалай болғаны? Әлде баяндама дайын емес пе? Мүмкін жергілікті атқамінерлер Мемлекет басшысы талап еткен жариялылық, ашықтық қағидатына мән беріп, ха­лық­қа жақын болу міндетін айналып өткісі келе ме?!

Әкімдер өз баяндамаларын ашық жариялау ар­қылы халықтың билікке деген сенімін нығайтады. Ха­лық біріншіден баяндама жобаларынан атқарылып жатқан жұмысты оқып, кеңінен танысса, екіншіден ат­қарылуы тиіс жоспарларды түртіп алады. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер Президенттің баспасөз қызметінің жұмысынан үлгі алуға тиіс. Бүгінде Мемлекет басшының әрбір жиында, мәжілісте сөйлеген сөздерінің толық нұсқасы жариялануда. Жұмыстан немесе басқа да шаруалардан Президенттің жиында не айтқанын, қандай басымдықтарды білгілегенін тыңдап үлгере алмағандар, ресми органның баспасөз қызметі үйлестірген жүйелі жұмыстан өз қажетін оқып алады. Ал бізде керісінше, бірінші басшылардың ашықтық пен жариялылық қағи­датын ұстануында, мәселелерді халыққа ашып айтып, бірлесе талқылауға келгенде кемшін тұстары көп. Іс-шаралар жоспарының орындалуы, яғни былтыр айтылған мәселелер мен қойылған сұрақтардың орын­далу барысы туралы мәліметтерді ресми орган тара­пынан баспасөзде жариялау жұмыстарының да жыл көлемінде үйлестірілмегенін атап өтуіміз қажет. Бұл айтылған мәселе айтылған жерде, қойылған сұ­рақ қойылған жерде қалғандай әсер қалдырады. Аудан әкімі аппараты мұндай жұмыстарға қашан мән беретінін білу де қиын. Осы ретте әкімдердің баяндамаларынан бөлек, қабылдау кестелерін де тоқсан сайын аудан тұрғындары үшін аудандық газетте жариялау ауданымызда ұмыт қалып бара жатқанын еске салғымыз келеді. Көршілес аудандарда аудан әкімінің, аудан әкімі орынбасарлары мен аппарат басшысының жеке және заңды тұлғалар өкілдерін қабылдауға арналған кестесі тиісті аудандық газетте жарияланып келе жатқанын көзіміз көріп отыр. Ендеше жеке және заңды тұлғалар өкілдерін қабылдауға арналған кестені баспасөзде жа­риялау міндетті емес деген уәжді алға тартқанша, ашықтық пен жариялылық қағидатын басшылыққа алып, жұмыс жүйесін өзгертуге мән берілуі қажет.

Хош, күні кеше, яғни 14 ақпанда Айдарлы, Жетікөл, Шіркейлі, Н.Ілиясов, Қалжан ахун, С.Сейфуллин ауыл­дарында әкімдердің халыққа есеп беру жиналыс­тары өтті. 15 ақпанда Аманкелді, Бесарық, Шаған, Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов ауылының әкімдері ха­лықпен кездессе, сәрсенбінің сәтінде Қоғалыкөл мен Ақжарма ауылдарының әкімдері елді мекенді дамыту мақсатында атқарған жұмыстарының есебін беріп, алдағы жоспарларымен бөліспек. Ал кент әкімінің ха­лыққа есеп беруі 17 ақпанға тұспа-тұс келіп тұр. Халық жиындарының өтетін уақыты мен әкімдердің баяндама жобалары алдын ала жарияланып, хабарланбаған есеп беруге қатысуға әркім құқылы. Бірақ карантин талаптарын сақтауды ұмытпауымыз қажет. Ол үшін ертерек барып, мәдениет үйлерінен орын алған дұрыс. Әйтпесе ерекше форматтағы есеп беру кездесулері ерте аяқталып қалуы ғажап емес...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

15 ақпан 2022 ж. 704 0