Тарихты таңбалап жүрген мүсінші
Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына облысымыздың тартуы «Қорқыт-Қобыз» композициясы, облыс орталығынан орын тепкен «Сыр бойының батырлары» композициясы, «Қорқыт ата» кітабының 1300 жылдығы ескерткіш кешені, Бұхарбай батыр ескерткіші, ержүрек батырлар мен еңбек ер атандырған азаматтар, тарихи тұлғалар мен кентке кіреберістегі «Сыр сұлуы» ескерткіші көпшілікке белгілі. Осы және басқа да көлемді еңбектердің Сыр елінің дарынды мүсіншісі Жәркен Исмағұлов ағамыздың қолынан шыққанын да жұрт жақсы біледі.
Бұл мүсін өнеріне өмірін арнаған жанның қолынан шыққан еңбектердің бірсыпырасы ғана. Облыс орталығынан бөлек аймаққа қарасты көпшілік ауданда қолтаңбасы бар Жәркен ағамен ауданның 95 жылдық торқалы тойы қарсаңында пікірлесіп, арнайы сұхбат құрдық.
– Бала күнімнен сурет салуға, саз балшық пен ағаш тамырынан түрлі бейнелерді жасап шығуға машықтандым. Шығармашылыққа қызыққаным сол, мектептегі қабырға газетін шығаруда да белсенді болатынмын. Ойнап жүріп ағаш тамырларын қазып, оны түрлі бейнелерге ұқсататынмын. Кейін осы бағытты кәсіби түрде меңгеріп, Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін оқып тәмамдадым. Әлемге танымал, атақты мүсінші Еркін Мергенов, Мұса Сейісов секілді ұстаздарымнан тәлім алып, кәсіби білімді тәжірибемен толықтырдық. Жалпы шығармашылық жұмыстың өзіндік қызығы мен қиындығы болады, – деген мүсінші мүсін өнерінің қыры мен сырына тоқталып өтті.
Бүгінде құрметті зейнет демалысына шыққан ардагер шығармашылықтан қол үзгісі жоқ екенін айтады. Бізге де бұл түсінікті. Неге десеңіз, шығармашылық адамын шабыт қысады, ойға келген идеяны қисынын келтіріп, әдемі дүние шығармай көңіл тыныштық таппайды. Шығармашылық адамына тән бұндай қасиет мүсіншіге де жат емес. Бұны Жәркен ағаның «Шығармашылық адамында демалыс деген болмайды. Ол үшін нағыз демалыс – нәтижелі жұмысты көру. Мен үшін тиісті образды сомдауда сол адамның мінез-құлқын, қасиеттерін ескерткіште біріктіріп бере алсам, содан асқан қуаныш жоқ кейде» деген сөзінен аңғардық. «Шығармашылықтан бірден қол үзіп кету мүмкін емес» деп Құдай берген қабілет пен дарынды әркез шыңдап отыратын талантты тұлға қолынан шыққан әр мүсін көрген адамымен тілдесіп тұрғандай күй кештіреді. Сондай бір сәтті, үйлесімді шыққан әрбір жұмысы жүректен, сезіммен жасалғаны анық аңғарылып тұрады.
Жастайынан сұлулыққа, әсемдікке жаны жақын болған талант иесі мектеп бітірісімен Тереңөзек аудандық мәдениет үйінде суретші-безендіруші болып жұмыс жасаған. Кейін әскер қатарына шақырылып, онда да сұлу өнерден қол үзбеген екен. Кейін 1979 жылы Алматы қаласындағы көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, іргелі білім ордасын 1983 жылы бітіріп шығады. Содан кейін зейнет демалысына шыққанша табан аудармастан Қазақстан Суретшілер Одағының Қызылорда облыстық бөлімшесінде еңбек етіп, сұлу өнерді машық етіп, тарихты толғамдауда елеулі еңбегін сіңірген. Расында да, мүсіншіні – тарихты таңбалаушы десек артық айтқандық емес. Себебі тарихи тұлғалардың бейнесін айнытпай жасап, кейінгі ұрпақ жадында мәңгі бейне қалдыру – аса жауапты шаруа. Бұл ретте мүсіншіге қалт кетуге мүлде болмайды.
Осы жерде бізге мүсіншінің ескерткіш жасауда өмірден өтіп кеткен тұлғалардың бейнесін қалай дәл келтіретіні, атақты композицияларды шебер үйлестіруде жарқын идеяны қайдан алатыны қызық болды. «Жеке тұлғалардың бейнесін жасауда көбіне тарихи суреттердің көмегі көп. Одан кейін «осы ұрпағы қатты ұқсас» дейтін баласы, немересі болса, кейінгі ұрпағына қарап, кей детальдарды келтіруге болады. Ал композиция жасауда үлкен арман мен қиялға ерік беремін» деп жауап берді біздің сұрағымызға. Осы ретте кентке кіреберісте орналасқан көлемді «Сыр сұлуы» монументінің қалай дүниеге келгені туралы айтып берді.
– Біз кішкентайымыздан үлкендердің Сыр елінің еңбекқор, дарынды аналары мен қыз-келіншектері туралы небір әдемі әңгімені, әуезді әнді естіп өстік қой. Тарихқа тереңірек бойлаған сайын оның барлығы ойда қорытыла берді. Кейінірек осындай берекелі ауданның негізін салуда ерен еңбегі сіңген Сыр сұлуларына арнап неге ескерткіш орнатпасқа деген ой туды. Үлкендердің әдемі, ой саларлық әңгімелері мен Сыр елі туралы сазды әуендер ойда тербеліп, осы «Сыр сұлуы» монументінің дүниеге келуіне ықпал етті. Әрине, «ойға орала қалып, оны саз балшықтан құя салды» деген болмайды. Бұның бәрі үлкен ізденістің нәтижесі, – деп күлді жаны жайсаң аға.
Жалпы Жәркен Сүйіндікұлының Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Сырдария, Жалағаш аудандарының «Құрметті азаматы» екені көпшілікке белгілі. Өнерде өрісі кең шығармашыл тұлғаның қолтаңбасымен жасалған әрбір ескерткіш пен композиция да – халық жадында, күнделікті көз алдында. Қай ауданға барсаң да, мәдениет орталықтарына бас сұқсаңыз, тарихты толғамдайтын естелік-ескерткіштерден «авторы – Жәркен Исмағұлов» деген жазуды оқуға болады. Сондықтан біз шығармашыл тұлғаның өмірдерегінен гөрі елеулі еңбегі мен кәсібі туралы көбірек сұрауға тырыстық.
«Өзіңіздің жаныңызға жақын, ең сәтті шыққан дүние осы деп қай жұмысыңызды айтар едіңіз» деп сұрадым ағадан өзіме қызық жайды білгім келіп. «Олай бөліп-жарып айта алмаймын. Тіпті бұл күнге дейін өз қолымнан шыққан еңбектердің санын да нақты есептемеппін. «Осы бір керемет шықты» деген жұмыстың өзін бірнеше жылдан соң барлай қарағанда «әттеген-ай» дейтін тұстарым болады. Әрине, шығармашылық адамы уақытпен бірге дамып отырады» деп ұтымды жауап берді. Расында да, шығармашылық адамының жанынан шыққан жұмысы оның мәпелеп өсірген баласындай екені анық.
Сондай-ақ Жәркен ағадан сұхбат барысында алдағы жоспарлары туралы сұрадық. Шығармашыл тұлға, еркін ойдың адамы екенін айтқан мүсінші нақты бір қатып қалған жоспармен жүрмейтінін, десе де сәтін салса еңбек адамдарының образын жасап, келер ұрпаққа насихаттағысы келетінін айтты.
Қазақ сатирасының сардары атанған Қалтай Мұхамеджановтың «қолы алтын мүсінші» деген жоғары бағасына ие болған Жәркен Исмағұлов – халықтың алғысына бөленіп, көптің жоғары бағасына ие болған тұлға. Тарихты таңбалап жүрген мүсіншінің өнерін бүгінде кенже баласы Азамат жалғастырмақ ниетте. Спортта өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген азамат кескіндеме, графика, мүсін өнеріне де бағыт алып, әке жолына қызығып жүр екен. Мүсіншінің қызы Сандуғаштың да сурет салуға икемі бар. Ол мектеп оқушысы кезінде түрлі өнер байқауларына қатысып, топ жарған болатын. Қазір әлеуметтік сала жұмысын тереңірек меңгеріп, елімізідң бірқатар өңірінде түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Жалпы мүсіншінің ұл-қыздары өнерге бір табан жақын. Олар әкесінің туындыларын, еңбегін мақтан етіп, насихаттауға да атсалысып келеді.
Иә, жүрегі таза, көңілі ақ адамның қолынан ғана осы осындай көптің жоғары бағасын алып, тарихта қалар жұмыс шығары анық. Жүзі күліп, айналасына шуақ шашып, жаныңа жылулық сыйлайтын мүсіншімен арнайылап суретке түсіп, «тарих-таспаға» қосып қойдық. Тарихты таңбалап жүрген мүсіншіге шығармашылық сәттілік тілейміз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ