Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Елі ырысты, жері күрішті – Сырдария

Елі ырысты, жері күрішті – Сырдария

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, әне-міне дегенше ауданның 95 жылдық айтулы мерейтойы да аталып өтілді. Торқалы тойдың тартуы ретінде ауданда бірқатар мәдени-көпшілік, спорттық, тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мерейтойға ауданның бұрынғы әкімдері, облыстың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жергілікті жұртшылық құрметті қонақ ретінде қатысты. «Елі ырысты, жері күрішті – Сырдария» тақырыбымен өткізілген мерейтой көпшілік көңілінен шығып, халқының аты да, даңқы да адал еңбекпен шыққан аудан жұртшылығы бір серпіліп қалды.

Ер есімі – ел есінде

Ауданның 95 жылдық тарихында ел үшін аянбай қызмет еткен ерлер көп болған. Солардың бірі де бірегейі – қызмет бабында қаза тапқан бейбіт күннің батыры, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаев болатын. «Ер есімі – ел есінде» демекші, батырдың рухының құрметіне ауданның 95 жылдығы аясында республикалық турнир ұйымдастырылды. Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес облыстардан 200-ге жуық спортшы қатысты.

Республикалық турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Б.Сәрменбаев сөз сөйлеп, Қызылорда облысының 85 жылдығы мен Сырдария ауданының 95 жылдығына орай ауданда ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланғанын жеткізіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Ауданның 95 жылдығы аясында жауынгерлік ерлік көрсетіп, артына өшпес із қалдырған Талғат Қозыбаевты еске алу мақсатында қазақша күрестен республикалық турнир өткізілуде. Халық даналығында «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген нақыл бар. Қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан батыр ұлымыз, полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаевтың есімі әркез жаңғырып тұрады. Бейбіт күннің батыры небәрі 25 жасында қылмыскердің қолынан қаза тапты. Ел тыныштығын қорғауда ол өз антына адал болып, қайсарлық танытты. Осы ерлігі үшін Т.Қозыбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Өзі қайтыс болған Тартоғай елді мекенінде және туып өскен О.Мәлібаев ауылындағы көшелерге батыр ұлдың есімі берілді. Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің қаулысымен өзі оқыған орта мектеп Талғат Қозыбаевтың есімімен аталады. Оның ерлігі мен көрсеткен қайсарлығына біз әркез тағзым етеміз. Дана халқымыз «Ат тұяғын тай басар» дейді. Сол айтқандай, бүгінде Талғаттың ұлы Алмат құқық қорғау органында қызмет атқарып, әке ізін жалғастыруда. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны бас­ты байлық санаған. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту мемлекетімізде стратегиялық басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Спорт қай заманда болмасын адамзатты бейбітшілік пен бірлікке үндейді. Бүгінгі республикалық турнир соның лайықты жалғасы. Спорттық жарыста барлық өңірден келген спортшыларға сәттілік тілеймін және жеңіс тұғырынан көрінуге тілектестігімді білдіремін, – деді аудан басшысы.

Турнирдің ашылу салтанатында батыр ұлдың әкесі Есентай Қозыбаев және облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Шәмшәдин Әмитов сөз сөйлеп, ер есімін ұмытпай, еңбегі мен ерлігіне құрмет көрсетіп жатқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Жарысқа қатысушылар 10 салмақ дәрежесі бойынша кімнің мықты екенін анықтап, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Талантқа құрмет – елге міндет

Талантты тұлғалар мен дара дарын иелерінің кіндік қаны тамған Тереңөзектің қасиетті топырағынан нәр алған азаматтың бірі – Жәркен Исмағұлов. Ол елімізге белгілі мүсінші, облыс орталығы мен аудандардағы қайталанбас туындылардың авторы. Ауданның 95 жылдығына орай талантты тұлғаның туындыларынан көрме ұйымдастырылып, шығармашылық кеші өткізілді.

«Еңбек Даңқы» музейінде ұйымдастырылған іс-шарада аудан басшысы Б.Сәрменбаев жиналғандарды мерейлі мерейтоймен құттықтап, ауданның дамуына өзіндік үлес қосқан мүсінші Ж.Исмағұловтың иығына шапан жауып, шығармашылық сәттілік тіледі.

– Алыптарға алтын бесік болған Сырдария ауданының құрылғанына биыл – 95 жыл. Тамыры терең, тарихы кенен аудан осы уақыт аралығында дамудың даңғыл жолын қалыптастырды. Бүгінде іргелі ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуі қарқын алған. Сондықтан торқалы мерекеге ауданымыз толағай табыспен жетіп отыр. Ұлы өзеннің атын иеленген ауданнан көптеген дарынды тұлғалар шыққан. Олардың ішінде қазақ өнерінің дамуына үлес қосып жүрген сырдариялық таланттар жетерлік. Бүгін біз мерейтой аясында ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жәркен Исмағұловтың шығармашылық кешіне жиналып отырмыз. Жәркен Сүйіндікұлын рес­публика жұртшылығы белгілі мүсінші ретінде таниды. Оның қолынан шыққан өнер туындылары республика көлемінде орналасқан. Атап айтқанда, Астана қаласының 10 жылдығына Қызылорда облысының тартуы болып есептелетін «Қорқыт-Қобыз» композициясы бүгінде елорда төрінде тұр. Ерекше дарын иесінің туындыларының қатарында Қызылорда қаласында орналасқан «Қорқыт ата» кітабының 1300 жылдығына арналған монументалды ескерткіш кешені, «Сыр бойының батырлары» ескерткіш кешені, «Бұқарбай батырдың 200 жылдығына» арналған ескерткіш кешені, «Әділет Құдайы» композициясы және басқа да ескерткіш-бюсттері бар. Сондай-ақ Сырдария ауданында мемлекет және қоғам қайраткерлері Иса Тоқтыбаев, Оспан Әбілпаттаев, Азатбақыт Әлиакбаров, ақын-жазушылар Асқар Тоқмағамбетов пен Қалтай Мұхамеджанов, бейбіт күннің батыры Талғат Қозыбаевтың ескерткіш-бюсттерімен қатар, «Парасат» алаңы мүсіндік кешені, «Жас отау» декоративті композициясы мен «Сыр сұлуы» монументалды ескерткіштері бой көтерген. Ауданның айтулы мерейтойы аясында тасқа тіл бітірген мүсіншінің ауданның өнер саласына қосқан үлесі зор. Өміршең өнерімен танылған азаматтың туындылары кейінгі ұрпақ үшін мәңгі өшпес құндылықтар ретінде сақталатыны анық. Мәдениет қайраткерін бүгінгі шығармашылық кешімен құттықтап, әлі көптеген өнер туындыларымен жұртшылықты тәнті ететі­ні­не сенемін, – деді аудан басшысы.

Шығармашылық кеште мүсіншінің туындыларынан әзірленген көрме көпшілік назарына ұсынылды. Ж.Исмағұлов өзінің шығармашылық жұмыстарын таныс­тырып, алдағы жоспарларымен бөлісті, сондай-ақ аудан мерейтойы аясында құрмет көрсеткен аудан әкіміне шынайы ризашылығын жеткізді. Іс-шарада А.Божанова, А.Бақтиярова, Ж.Маханбет ізгі лебізін білдірсе, жас ақын Н.Мансұров жырдан шашу шашып, Е.Сағынбайұлы күй тартты.

«Спорт клубы» пайдалануға берілді

Халқымызда «Жаңа нысан – жақсы нышан» деген тағылымы мол сөз бар. Нысандар жаңарса, ауданның да келбеті көркейе түседі. Осы ретте ауданның 95 жылдығына орай аудандық «Спорт клубы» күрделі жөндеуден өткізіліп, спортшылар үшін есігін айқара ашты. Ғимараттың ашылу салта­натына аудан жұртшылығы мен спорт саласының майталмандары қатысты. Аудан басшысы жиналғандарды күрделі жөндеуден өткен нысанның ашылуымен құттықтады.

– Сіздерді Сырдария ауданының 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Айтулы мереке аясында біз қайта жаңғыртудан өткен спорт клубы ғимаратын ел игілігіне бергелі отырмыз.

Ата-бабамыздың «Бірінші байлық – денсаулық» деп сан ғасыр бұрын айтып кеткен сөзі бүгінде маңызын жойған жоқ. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында ұлт денсаулығына жете мән беріп, көпшіліктің тұрақты спортпен шұғылдануына барлық жағдайды жасауды міндеттеді. Осы ретте, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ауданда спорт саласын дамытуға зор көңіл бөлініп, заман талабына сай спорт алаңдары, стадиондар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда. Осының негізінде тұрғындардың спортпен шұғылдануына аса мән берілуде. Толық күрделі жөндеуден өткен спорт клубы – осы жұмыстардың нақты дәлелі деуге болады. Жалпы, бүгінгі таңда аудан халқының 38 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысады. Облыс әкімінің тапсырмасымен демеушілік есебінен 6 ойын алаңы салынды. Биыл спорт клубы ғимаратын күрделі жөндеумен қатар, Бесарық ауылында спорт кешені бой көтеруде. Ауданның 95 жылдық мерейтойында сырдариялық спортшылар жақсы жетістіктерге жетуде. Сала жұмысын жандандыру үшін алдағы уақытта да ауқымды жұмыстар атқарылады. Жаңарған спорт клубы жастардың арманына қанат бітіріп, ел абыройын асқақтатар даңқты спортшыларды тәрбиелеуге мол септігін тигізеді деп сенемін, – деді аудан әкімі.

Айта кету керек, 1976 жылы салынған спорттық нысанға бұған дейін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген. Биыл облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, нысан қайта жаңғыртудан өткеннен кейін қажетті кабинеттер мен спорт үйірмелеріне арналған барлық қажеттіліктер қосылып, заманауи үлгіде жаңарды. Спорт клубында баскетбол, волейбол, футбол, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, қол күрес, гір спорты, жекпе-жек, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерінен үйірмелер тұрақты жұмыс жасап, аудан мерейін асыратын спортшылар тәрбиеленетін болады.

Жөндеуден өткен нысанның ашылуына орай еңбек ардагерлері М.Сақтапов пен С.Тоқсанбаев спортшыларға ақ батасын берді.
Мерейтойлық мүшәйра

Ауданның 95 жылдық мерейтойы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тынышбек Дайрабайдың да 80 жасқа толу мерейтойы аталып өтілді. Осыған орай облыстық жазба ақындар мүшәйрасы ұй­ым­дастырылып, ақындар аудан жетістігі мен ардақты аза­мат­тың еңбегін жырға қосты.

Мәдени-әдеби іс-шарада аудан әкімі Б.Сәрменбаев Сыр өңірінен шыққан атақты би, батыр, шешен, жы­раулардың шығармаларын жинау­мен айналысып, ұзақ жыл ізденіс жұ­мыстарын жүргізген Тынышбек Дайрабайдың есімі тарих, әдебиет, мәдениет, журналистика салаларында құрметпен аталатынын айтты.

– Бүгінде Алматы қаласында тұратын сырбойылық қаламгер Тынышбек Дайрабай бұрынғы Тереңөзек ауданының «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі, редактор, «Қараөзек» кеңшарының партком хатшысы, Тереңөзек аудандық партком бөлімінің меңгерушісі, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Сондай-ақ халықаралық «Түркістан» газетінде жемісті еңбек етіп, өзінің ғылыми, тарихи-танымдық мақа­лаларын республикалық газет-жур­налдарға жариялап, ел тарихын түгендеуге айрықша үлес қосты. Қаламы жүйрік қаламгер өзінің еңбек жолында «Тереңөзек», «Тұғыры биік тұлға», «Қорқыт ата» энциклопедиясы, «Сырдың сырлы сыры», «Ақын Қуаныш Бай-мағанбетов», «Сырдария ауданының шежіресі», «Сыр перзенттері» және басқа да 30-дан астам еңбектің авторы атанды. Зерттеуші, өткетанушы 80 жылдық өмір жолында бір институттың жұмысын атқарған қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтеріліп отыр. Ол тарихи тұлғаларды зерттей жүріп, олардың мерейтойларына арналған халықаралық, республикалық, об­лыс­тық конференциялардың өтуіне белсене атсалысты. Аудан тарихын түгендеу жұмыстарында қарымды қалам­гердің еңбегі зор. Құрметті тұл­ғаның мерейтойын­ ауданның 95 жылдығымен ұштастырып атап өту­деміз. Бүгін Қазақстанның еңбек сің­ір­ген қайраткерінің елге атқарып жүрген елеулі еңбегін ақындар жырларына арқау етеді. Бұл – Мәдениет қайраткерінің мерейтойына деген тарту­ымыз, – деген аудан әкімі кеш иесінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Мүшәйраға қатысушылардың өлеңін Қазақстан Жазушылар Ода­ғының мүшесі, ҚЖО Қызылорда облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова бастаған ақын Дүйсенбек Аяшұлы мен Ақтөре Ибрагимұлы бағалады. Мүшәйраның бас жүлдесін Бақтөре Айтбаев иелденсе, І орын Тұрар Бекмұрзаевқа берілді. ІІ орынды Рахметулла Жолтаевқа бұйырса, ІІІ орынмен Ақерке Балманова марапатталды. Ақындарға қомақты қаржылай сый­лық­­­­тар берілді.

Ақынын ардақтаған ел азбайды

Ауданның мерейлі мерейтойымен ақын, ҚР алғашқы Гимні автор­ларының бірі Жадыра Дәрібаеваның 75 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келді. Осыған орай жер­лестер мақ­та­нышына айналған тұлғаның құрметіне облыстық көр­кем­­сөз оқу шеберлерінің байқауы ұйым­дастырылды.

Іс-шарада аудан әкімі сөз сөйлеп, ауданның тумасы Жадыра Дәрібаеваны сырдариялықтар құрмет тұтатынын айтып, қос мерейтойдың қатар келуін жақсылыққа балады.

– Жерлесіміз Жадыра Дәрібаева­ның есімі Сыр еліне ғана емес, республикаға таныс. Ақын­ның жүрекжарды туындылары бүгінде қалың оқырманның олжасына айналған. Жерлестер мақ­танышы өзіндік өлең өрнегімен қазақ әдебиетіне өлшеусіз еңбек сің­іріп келеді. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Мемлекеттік Әнұраны авторларының бірі екенін халық жақсы біледі. Қарымды қаламгер «Гүлжайна», «Мерей», «Біздің жақтың аспаны», «Қасиеттілік шырағы» жыр жинақтары мен «Ақ бура сезімдер» атты әңгімелер жинағының авторы. Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Жадыра Дәрібаева «Құрмет» орденімен марапатталып, халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының лау­реаты, Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген қайраткері атанды. Сондай-ақ ол – Сырдария ауданының Құрметті азаматы. Ардақты ақын бүгінде Алатау төріне қоныс аударған. Туған жерден алыста жүрсе де әркез жерлестерінің қуанышына ортақтасып, тілектестігін білдіріп отырады. Кейінгі жас толқынға өнегесін көрсетіп келеді. Ауданның 95 жылдық мерейтойында ақынның шығармашылығын дәріптеуді мақсат етіп, облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өткізілуде. Байқауға қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі.

Байқауға талапкер ретінде облыс аудандарынан тоғыз өнерпаз қатысты. Олардың еңбегін Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бибісара Жанәлі бастаған ақын Ақжол Түменбай мен өнер саласының өкілі Әбдіразақ Сырым бағалады.

Байқау нәтижесімен жүлделі үшінші орынды Сәлима Аймбетова жеңіп алды. Ал екінші орын Гүлфариза Шакароваға бұйырды. Бірінші орынға Айжарқын Найманбай лайық деп танылды. Байқаудың бас жүлдесін Аяулым Бекболатова жеңіп алды. Сондай-ақ өзге қатысушыларға ынталандыру сыйлығы табыс­талды.

Құрметті азамат атағы табысталды

Айтулы мерейтойдың қорытынды­сында ауданның әлеуметтік-эконо­микалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына айрықша еңбек сіңірген азаматтарға «Сырдария ауда­нының Құрметті азаматы» атағы табысталды. Марапат орталық стадионда ұйымдастырылған гала концертте берілді. Мерекелік іс-шарада аудан әкімі Б.Сәрменбаев пен облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімі Н.Нәлібаевтың құттықтау лебізін жеткізді.

– Сырдария ауданы – тарихы терең, береке мен бірлік ұялаған киелі мекен. Бұл ауданнан 2 Кеңес Одағының Батыры, 8 Социалистік Еңбек Ері және 1 Қазақстанның Еңбек Ері шығып, ел халықтың атын да, даңқын да елге танытқан. Таланттар мен дарындылардың алтын бесігі болған Сырдария ауданы ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов пен сатира сардары Қалтай Мұхамеджанов бастаған ақын-жазушылардың, өнер қайраткерлерінің, сондай-ақ күріштен тау тұрғызған дала диқандарының туған жері ретінде де құрметке ие. Міне, осынау ауданның 95 жылдығына аудан жұртшылығы зор қуанышпен, жарқын жетістікпен жетуде. Бұл той – елдіктің, бірліктің, аудан халқының қажырлы еңбегінің тойы, – деді аудан басшысы.­

Айта кетейік, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы Марат Сақтапов, Қаршыға Есімсейітова, Сәбит Әлжанов, Роза Әлбатырова, Айтбай Көшербаев, Сәуле Өмірзақоваларға табысталды. Сондай-ақ соғыс және еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құр­метті азамат» Яхия Тасыров, «Абай-Дәулет» ЖШС директоры, меценат Мұрат Сәрсенбаев, «Құндызды жер» ЖШС инженері Мұхтар Жарауов, «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы, №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі Піржан Төлеген, аудандық аурухананың дәрігері Майра Халыбаева, аудандық өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Нұрғали Байжан «Жыл үздігі» номинациясымен марапатталды. Аудан әкімі аппаратының басшысы Рысбек Шайхиев, құрылыс саласының ардагері Нәзтай Тіле­місова, әлеуметтік сала ардагері Жамиға Іздібаева, Тереңөзек электр торабы өндірістік бөлімінің инженері Әділет Қуантаев «Құрмет грамотасына» ие болды.

Думанды іс-шара эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала концертпен және аудан өнер­паз­дары ұйымдастырған театр­лан­дырылған қойылыммен жалғасты. Мерейтой құрметіне орталық стадионда қазақтың киіз үйлері тігіліп, меймандар мен аудан жұртшылығына дәм ұсынылды. Осылайша аудан мерейтойы жоғары деңгейде қорытындыланып, көпшілік көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты. Біз де мақаламызды:

Аман боп арқасүйер Алты Алашым,
Сүйемін, берекелі кең даласын.
Ағайын, Сырдың елі жайнап мәңгі,
Тойымыз ешқашан да тарқамасын! – деп аяқтаймыз.





Ақтөре ҚҰРМАНАЙТЕГІ
11 қараша 2023 ж. 342 0