Тарихты ұмытпау – ұрпақ парызы
Бүгін облыс орталығынан Желтоқсан оқиғасының құрбандарына қойылған ескерткіш белгінің салтанатты ашылу рәсімі өткені туралы сүйінші хабар алдық. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тағзым» алаңынан бой көтерген ескерткіштің авторы – мүсінші Жаркен Исмағұлов ағамыз екенін атап өткеніміз жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деп атап өткен болатын.
Еліміз Тәуелсіздік алған тұста Желтоқсан оқиғасы салдарынан зардап шеккен азаматтарды ақтау мақсатында Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы қабылданып, желтоқсаншыларымыз толық ақталды. Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасының мәні мен маңызы жыл өткен сайын арта түсері анық. Ал тарихи кезең қаһармандарының ғибратты ғұмырын жастарға үлгі-өнеге ету – тарих алдындағы парызымыз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудандық мәслихат депутаты