Мүсінші
Жазғы демалыс кезінде қасиетті Сырдың суына шомылып, жалаңаяқ жар жағалаған бала Жәркен ертелі-кеш қайырда саз балшықтан түрлі бейнелерді жасауды ұнататын. Бірге ойнайтын көрші балалар оның бұл өнеріне тәнті еді. Сондай-ақ ол мектеп қабырғасында жүргенде қай бейнені де айнытпай салып, суретшілік қырын танытады. Осындай өнерінің негізінде біз жәркенмен бірге мектепте қабырға газетінің белсенді мүшесі болдық.
Мектеп бітіргеннен соң Жәркен Исмағұлов Тереңөзек аудандық мәдениет үйінде суретші безендіруші болып еңбек етті. Содан кейін әскер қатарына шақырылып, әскери өмірінде де осы сүйікті кәсібінен қол үзген жоқ. Ресейдің Горький облысының Дзержинский қаласының әскери бөлімінде полк суретшісі болып, көбіне безендіру жұмыстарымен айналысты. Әскерден соң 1979 жылы Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне түсіп, оқуды 1983 жылы бітіріп шықты. Содан бері табан аудармастан 37 жыл бойы Қазақстан Суретшілер Одағының Қызылорда облыстық бөлімшесінде еңбек етіп келеді.
Бала жастан бойға сіңген қабілет, бірнеше жылдарға созылған суретшілік еңбек тәжірибесі жас жігіттің арманына қанат бітіріп, оның шығармашылық шыңдалуына пайдасын тигізді. Содан бері Жәркеннің шебер қолынан қаншама дүние өмір есігін ашты десеңші. Жалағаш кентінде белгілі қоғам қайраткері, 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбаны Темірбек Жүргеновке ашылған ескерткіш бар. Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан қазақтың біртуар азаматы, жерлесіміз Қалтай Мұхамеджанов мүсінді үш айналып өтіп, «мына мүсінді соққан адамның қолы алтын деп баға беріпті. Өнердің өрісін тани білетін ғұламаның бұлайша баға беруі тектен-тек емес. Бұдан асқан баға жоқ та шығар...
Мүсінші Жәркен Сүйіндікұлы өз қолтаңбасымен ерекшеленетін шығармашылықтың адамы. Оның шебер қолынан шыққан еліміздің көрнекті азаматтарының мүсіндері мен ерекше тақырыптағы композициялары Нұр-Сұлтан қаласының, облыс, аудан орталықтарының көрнекті жерлерінен орын алып тұр. Жәркеннің нағыз шығармашыл адам екені жөнінде оның сыныптастары да жүрекжарды лебіздерін білдіреді.
«Жәркен мектеп қабырғасында жүргенде-ақ суретшілігімен танылған болатын. Қазіргі таңда оның өнердегі жұлдызының жарқырауының себебі ол үнемі ізденісте жүреді. Тереңөзек кенті орталығындағы №210 орта мектеп ауданның алғашқы мұғалімі Оспан Әбілпаттаев атында. Ол кісі менің қайны атам. Мектеп жанында мүсіні тұр. Ол мүсінді жасаған Жәркен. Осы жұмысты жасарда мүсінші менің жолдасым Пазылханды үйіне қайта-қайта шақырды. Яғни, әке мен бала арасындағы ұқсастықтарды зерттеді. Содан кейін барып, мүсінді қолға алды. Ол жұмыс тамаша шықты», – дейді кент тұрғыны, ардагер-ұстаз Ұ.Бекмағанбетова.
Жәркеннің барлық туындысы шығармашылыққа толы, жүректен шыққан мүсіндер мен композициялар. Оның әрқайсысына тоқталатын болсақ бір кітапқа жүк болатын шығарма болатын еді. Бірақ біз бұл шағын мақаламызда Жәркеннің азаматтық қырларын, шеберлігін сөз етуді ғана мақсат тұттық.
Мүсінші Ж.Исмағұлов қанша жерден талантты болса да, қарапайым, кішіпейіл азамат. Үлкенге ізетті іні, кішіге қамқор аға. Ол өзінің шығармашылығымен жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру де өлшеусіз үлес қосып келеді. Оған мүсіншінің Қызылорда қаласындағы «Сыр бойының батырлары» композициясы, Кеңес Одағының батыры Ж.Қизатовтың, интернационалист жауынгер Б.Шалғынбаевтың, Сырдария ауданындағы ержүрек полиция қызметкерлері А.Әлиакбаровтың, Т.Қозыбаевтың ескерткіш-бюсттерін және басқа да еңбектерін жатқызуға болады.
Елімізге белгілі мүсіншінің шығармашылық жұмыстары негізінен монументальды-мүсіндік, портрет, кіші формалы мүсіндерден тұрады. «Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді», – деп батыр ақын Махамбет айтқандай Жәркеннің шығармашылық шеберлігімен әдіптелген еңбектері Сыр өңіріндегі барлық аудан орталығына ерекше сәулет беріп тұр.
– Жәркен деген кісің кім?
– Шашауы жоқ ісінің.
Тереңөзек галереясы,
Өзі соққан мүсіннің, – деген достық пейілмен өлең арнаған болатынмын. Жәркен Сүйіндікұлы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Сырдария, Жалағаш аудандарының «Құрметті азаматы». Сондай-ақ 2005 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің мәдени орталығында өткен «Астана-Бәйтерек» республикалық көрмесінің жүлдегері. Облыс әкімінің 2008 жылғы степендианты. Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына облысымыздың тартуы «Қорқыт-Қобыз» композициясының авторы. «Тәуелсіздіктің 15 жылдығы», «Астанаға 10 жыл», «Қызылорда облысына 70 жыл», «Тәуелсіздікке 20 жыл» төсбелгісімен марапатталды.
Жаны жайсаң шығармашылыққа берілген азамат елімізге белгілі көптеген өнер адамдарымен шығармашылық байланыста. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Сенбек Жұмағалиевпен студент кезден дос. Айтулы ақын, айтыскер, ғалым Дәулеткерей Кәпұлы Жәкеңнің рухани інісі. Ешкімді жатырқамайтын талаптыны бауырына тартатын Жәркен шығармашылығымен көпшілік құрметіне бөленіп жүрген тұлға.
Сіздің қолда қылқалам, біздің қолда қаламсап,
Көзімізге шалынса өмір көркем, заман шат.
Батқан күннің жалыны жанарларды қариды,
Қайта туар сәттерден шапағы мол таң аңсап.
Біздің қолда қаламсап, Сіздің қолда қылқалам,
Күнімізді қысқартып, түнімізді ұрлаған!
Жеті бояу жабады жеті қат көк аспанды,
Бірақ осы жетеуді бір түс дейді мың надан.
Сөз киесі қолдаса, жеті түрлі түс көрем,
Абай ішкен запыран – уды бірақ ішпегем.
Бір көкжалды жабылып қырық қорқау таласа,
Айбат шегіп алыстан Абадандай тістенем.
Кіжінулі кей сәтте шайнаудағы бармақпен,
Қанжарыңды асынып, болат сауыт салмақпен.
Екі бұтын алшайтып, тоқпақжалың астыңда,
Жортып бара жатасың, Бұқарбайдай әруақпен!
Алпысыңда алшаңдап,қырау шалған басыңмен,
Үлпек желге бүлк етпес, тұғырың нық, тас іргең.
Қорқыт туған өлкеде, қорқып келмей өнерге,
Қортықтарды жасқадың, жанардағы жасынмен!
Мен – Ертістей тулаймын, Сырдария – Сіздің қан,
Бұл қоғамда жайттар көп, жүрегіңді мұз қылған.
Алты қырда Сіз тұрсыз, тұмсық төсеп жалқы Айға,
Артықтығың осы еді, мың жасайтын құзғыннан.
Түлкібұлаң кейпім жоқ, ақындығым алданса,
Азу тісім ақсиып, түн қатармын арланша.
Жүрек қаның мың бояу, дариядай тасысын,
Сырдария үстіне кілем төсеп алғанша!
Дәулеткерей КӘПҰЛЫ,
ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар
сыйлығының лауреаты
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ