Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалағаңнан қалған қалжыңдар

Қалағаңнан қалған қалжыңдар

Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім. Жазушылық – үлкен талант болса, оның ішінде балалар жазушысы мен сатиралық бағыттағы көркем әрі тұшымды ой жазу қиынның қиыны. Сондықтан да болар, жалпылай жазушы мен ақын көп болғанымен, сын-сықақ, сатира жанрында қалам тербегендер саусақпен санарлық. «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген дана халқымыз қара сөздің қадіріне жетіп, бір ауыз сөзбен ел арасын татуластырған. Ал ұтымды сөзді орынды жерде тауып айту екінің бірінің қолынан келе бермес өнер. Осы ретте бүгін ауданымыздың тумасы, қазақ сатирасының сардары Қалтай Мұхамеджановтың бірқатар әзілдерін жариялауды жөн көрдік.

«Шәпкің» салақұлаш, фактің жоқ

«Түркістан» газетінің кезекті нөмірі жарыққа шыққаннан кейін көңілі қоңылтақсыған Қалағаң ұжымды ұйпа-тұйпа етіп ұрысса керек. Ойда жоқ цифр, дәлелдерді келтіріп.

– Ол мәнісі былай ғой, Қалаға, сіз айтқан фактілер қолымызға түспеді емес пе?, – деп ақталыпты айыпты журналист айтарға басқа сөз таппай.

– Бәсе, мақаланың төбесінде салақұлаш «шәпкі» бар, ішінде құртақандай факті жоқ. Дегенмен, жауапсыздық журналистке жарас­пайды,— деген екен қайран Қалағаң.

Сәл қуғанға осыншалық қаша ма?..

Қазақстанның әдебиеті мен өнері қай­раткерлері делегациясының құрамында Қалағаң да Якут-Саха еліне барады бір­де. Ұшы-қиыры жоқ кеңістік, жеткізбейтін шақырымдар, таусылмайтын тундра...

– Құрметті қазақ бауырлар, біз тым жырақта жатырмыз ғой. Жолдан шаршаған боларсыздар?, – деп жанашырлық танытыпты қарсы алушылардың бірі.

– Ай, туысқан-ай, шын шығандап кеткен екенсіңдер, енді шалдың хәлін сұрап қайтесің, – деп әзілдейді алдымен қалжыңы жүретін Қалағаң.

– Оған қазақтар кінәлі екен ғой,— деп сөзбен тістеп апты саханың сөзшеңі.

– Баяғыда аталарымызды қорқытып қумасаңыздар қатарларыңызда біз де сайран сап жүрер едік.
– Өй, жолбарысым, сәл қуғанға осылай ұзап қаша бере ме?, – деп күлсе керек Қалағаң.


Бір килә алмаға екі килә ақша


Бірде Қалағаң базардың бағасын кө­ріп қайтуға бет алған көрінеді. Ал редакцияның қызметкерлері бас редактордың көкбазардан кемі айта жүрер бір әңгіме әкелерін де жақсы біледі. Қайта оралғанында қарсы жолыққан журналистер:

– Қалаға, көкбазардан не көрдіңіз?, – деп сұрайды табан астында бастықты тосылдырмақ болып.

– І-і, базарыңнан бір килә алмаға екі килә ақша сұраған кемпірлерді көрдім,— деген екен сөз тапқыр Қалағаң.

Тайғанақ мұзға міндім де

Мінезі алақұйындау бір жігіт кездейсоқта Қалағаңа жолығып қап, далада тұрған күйі орындалмайтын ойлары мен шешімі қиын мә­селелер жайында ұзақ айтып, уақытын алып, әбден зеріктірсе керек.

– Жолбарысым, осы тұйықтан шығар жолды енді өзің бір сілтеші,— дейді әрқашан сыпайы Қалағаң әлгінің уысынан кәстөмінің етегін әрең босатып. Әйтпесе, ақсақ шалдың сөзіңнен ұққаны ақырзаманның кеп қалғаны.

– Төу, сіздер ылғи скептиксіздер, – дей­ді алақұйын жігіт әлі де өз ағаттығын аңғармай Қалағаңа қарап.

– Көлпал меценат тапсам шешілмейтін не шаруа бар дейсіз?, – дейді тағы.

– Тәкаппар меценатқа қол жаю — тай­ғанақ мұзға міну ғой. Өйткені, мұз ерісе, жасқа да, жасамысқа да қиын болады, – деп күледі Қал­ағаң.

«Медосмотрмен» қабылданған қыздар

Наурыз тойына жайылған дастарханға Шерағаң (Шерхан Мұртаза) сыйлы қо­нақ еді. Бір сөздің кезегінде Шерағаң:

– Қалеке, «Түркістанның» қыз-келіндер­ін ылғи таңдап алғансыз ба?, – деп әзіл тастады.

– Бәрі де бірінен бірі асқан сұлу екен.

– Енді ше, Шәке?, – деп мырс етті Қалағаң.

– Бұлардың бәрі «медосмотрдан» өткен екен. Байғұс «медосмотрсыз» үйленген біздің кемпір ғой можантомпай. Сондықтан ауыра береді. Жүзін терезеге аударған Қалағаңның көздерінде сәл мұң бар сияқты еді сонда... Зілсіз әзілге Шерағаң риза болып, көпшіліктің де көңілі көтеріліп қалды.

Түріктерге жауабы

Бірде Қал-ағаң Түркияға барып келеді. «Заман» газетіне, «Ара» журналына қатар редактор боп жүрген кезі еді. Түріктердің студенттерімен кездесуде болып қайтқан. Сол кезде «Азия» деген газеттің де шыға бастаған болатын. Кездесуде бәрін байқап, оқып, тоқып жүретін түрік студенттері Қал-ағаңмен болған шырайласуға риза бола отырып, қосымша сұрақтарды бұрқыратады.

Соның бірінде:

– Сіздердің Азияға түк те қатыстарыңыз жоқ. Соған қарамастан неге «Азия» деген газет шығарып, Азия­ны меншіктеп отырсыздыр? – дейді «оқымысты» студенттер.

Қал-ағаң әдеттегідей саспайды. Тарих жайлы әңгімені қозғап болған соң:

– Баршаға ортақ аспандағы Ай біреу ғана. Ал неге сіздер жалғыз айды меншіктеп, туларыңызға «байлап» алғансыздар? Ол туралы ешкім өкпе айтып жатқан жоқ қой, – деп бір ауыз сөзбен тойтарыс берген екен. Сөзден тосылған бауырлас елдің азаматтары үндемей құтылыпты.

«Ара»-ның жабылғаны –қазақ күлкісінің қара жамылғаны»

Газет-журналдар жаппай жабылып жатқан кез. Қағаз жоқ, қаржы жоқ. Сөйтіп «Араға» да тықыр таянады. Журнал қызметкерлері «Әне жабылады, міне жабылады» деген қауесетпен оянып, уа­йыммен ұйықтайды. Ол кезде басылымның бас редакторы – Қалтай Мұхамеджанов болатын.

Қаламгерлер бір жағынан ол кісінің бедел-абыройын ойлап, «Араны» жаптырмайтын шығар деген үлкен үмітпен жүреді.

Бір күні Қал-ағаң осы мәселеге байланысты «Не бүк қылам, не шік қылам» деп артынып-тартынып, Орталық Комитетке барады. Тақымды қысып қалғаны редакция­­да қалады.

Қалағаң жұмысқа түс қайта келеді. Жүзінде жеңістің белгі­сі бар. Көзінде қуақы күлкі ойнайды. Сөзінде де жеңімпаздықтың желі еседі. Бәрі кабинетіне кіреді.

«Ара» жабылмайтын бопты. Сонда­ Қал-ағаң не айтқан дейсіз ғой.

– Қағаз жоқ дейсіңдер, бізге жай сары қағаз де жетеді. Анау дүкендердегі май орайтын, ет орайтын сары қағаздар да жарайды бізге. Сонымен-ақ журналды шығара береміз. Бізге сол қағаздарды беріңіздер, бәрібір оны орайтын ет те, май да жоқ қой. Ал «Ара» жабылғаны қазақ күлкісінің қара жамылғаны емес пе? – депті.
Пушкиннің арғы атасы…

Сонау бір жылдары, яғни Кеңес үкіметінің тұсында Қазақстанға араб елдерінің бір басшысы өз нөкерлерімен келген көрінеді. Әдетте оларға алдымен мешітті көрсету рәсімі ұйымдастырылады. Ойларында ештеңе жоқ, топтарында Қалағаң да болса керек. Кенет жаңағы басшы бәріне ырза болып:
– Тек қана бұл мешітті орыс ақыны атындағы көшеге қойғандарың келіспеген екен,– деп жан-жағына қарайды.

Бұған жан-жағындағы үлкенді-кішілі ресми қызметкерлер табанда ұтымды жауап бере алмай бәрі де бірден, бір құтқарсаң өзіңіз құтқарасыз, ой дегендей Қалағаңа назар аударыпты. Сол кезде Қалағаң жаңағы басшыға жақындап келіп:

– Сөзіңізге құлдық, бірақ сіз бір нәрсені түсінбей тұрсыз. А.С.Пушкин негізі орыстың ұлы ақыны болғанымен, оның түп атасы мына өздеріңізден тарайтынын есіңізге салып қояйын. Бұл жерде сол жағы ескерілген,– деп жауабын бірақ беріпті.

Бұл жауапқа қанағат тұтқан аналар да, тығырықтан босанып шыққан бұл жағы да лезде арқаларындағы ауыр жүгі түскендей мәз-мейрам болыпты. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген осындайда айтылса керек-ті.
10 қазан 2023 ж. 155 0