Мәртебесі биік мәдениет ордасы
Шіркейлі ауылының тумасы, қазақтың драматург-жазушысы Қалтай Мұхамеджанов атымен аталатын мәдениет үйінің пайдалануға берілгеніне 37 жыл болыпты. Осыншама уақыт өтсе де ғимарат көздің жауын алады. Себебі, ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 400 орындық мәдениет үйінде өз ісінің нағыз мамандары жеті үйірме бойынша өнерлі шәкірттерді тәрбиелеуде. Оған 93 өнерпаз тартылған. Үйірме мүшелері халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жақсы жетістіктерге жетіп, жүлделі орындарды иеленіп жүр.
2016 жылы мәдениет үйі жанындағы «Ақ Дариға» әжелер ансамблі, «Шаттық» би тобы, «Көңілашар» әзіл-сықақ отауы ұжымы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығы бойынша жоғары орындау шеберлігі мен көркемөнерпаздар шығармашылығының дамуына қосқан үлесі үшін «Халықтық» атаққа ие болған. 2018 жылы арнайы «Балет және ұлттық би өнерін дамыту және қолдау қорының» қаржыландырылуымен мәдениет ошағында би залы жабдықталып, оған хореограф штаты берілген.
– Киелі сахнадан қаншама ауыл жастары шыңдалып, тәрбие алып, үлкен өмірге бағыт алды. Қазір олар Қазақстанның түкпір-түкпірінде өнер саласында қызмет атқарып, жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Біз олармен мақтанамыз, – дейді ауылдық мәдениет үйіның директоры Мақсұт Әбсадықов.
Биыл да өнерпаздар көптеген байқауларға онлайн түрде қатысып, зор жетістікке жетуде. Солардың ішінде үйірме мүшелері жыл басынан бері 1 халықаралық, төрт республикалық, 8 облыстық 38 аудандық байқауға қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
Атап айтсақ «Нұрлы жастар – өнер орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Шымкент қаласында өткен «Жас өнер» республикалық көркемсөз, ән-би байқауына ән үйірмесі мүшесі Нұрила Күмісбай қатысып, «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша І орынды иеленді. Байқауға Нұр-Сұлтан, Ақтау, Шымкент, Түркістан қаласынан келген барлығы 70 талапкер қатысқан. Сонымен қатар, «Біз баламыз балдаймыз» республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы онлайн ән байқауына Сағыныш Оразбай қатысып, жүлделі І орынды еншіледі. Дана ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында кәсіби емес орындаушылар арасындағы республикалық «Абай әндері» онлайн байқауына Б.Опабеков қатысып, сирек орындалатын әндерді орындағаны үшін «Аманат» арнайы номинациясымен марапатталған. «Өз жұлдызыңды жақ» ІІ республикалық өнер мен білім конкурсына «Шаттық» халықтық үлгілі би тобы және жеке орындау бойынша С.Жарылқасынова қатысып, бас жүлдені жеңіп алған. Ауылдағы мәдениеттің қара шаңырағы саналатын мәдениет оашағы өнерлілерді тәрбиелеп, өрге шығару орталығына айналған.
Айдана ҚАЛИЕВА