Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көркемсөз оқу шебері

Көркемсөз оқу шебері

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ сатирасының сардары Асқар Тоқмағамбетовтің 115 жылдық мерейтойына арналған «ЖауҺар жырдың Асқары» атты облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің онлайн байқауы өтті. байқауда қатысушылардан өзінің актерлік шеберлігімен, көркемсөз оқу мәнерімен ерекше дараланған тереңөзектік Әділ Ерғали бас жүлдені жеңіп алды.

Әділ Әмірбекұлы мектеп жасынан көркемсөз оқумен танылып жүрген талант иесі. Сонымен қатар актерлік шеберлігі де бар. Ол №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектепті бітіріп, өзінің талантын жетілдіру мақсатында М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғарғы колледжіне сол кездегі жаңадан ашылған мамандық «драма театр әртісі» мамандығына оқуға түседі. Колледжді тәмамдағаннан кейін Н.Бекежанов атындағы драма театрға шақырту алып, еңбек жолын бастайды. Жас маман білімін жетілдіру мақсатында «Шабыт» өнер университетінде тәжірибеден өткен. Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтында мәдениет саласы мамандығы бойынша жоғары білім алуда.

– Қазір аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған халық театрының режиссері болып қызмет етудемін. Алған білімім мен үйренген тәжірибем қызмет барысында көп көмегін тигізуде. Осы мамандықты таңдауыма бағыт берген ұстазым Әсем Көшербаева апайға алғыс айтамын. Сол кісінің арқасында осы мамандық бойынша оқуға түстім. Жасыратыны жоқ, оқуға түскеннен кейін барып, мамандыққа деген қызығушылығым артты. Өзім де оқушы кезімде «Жайдарман» ойындарына қатысушы едім, – дейді Әділ Ерғали.

Талантты жастың өскен отбасы да өнегелі. Әкесі Әмірбек Ерғалиұлы Жалағаш ауданындағы М.Шәменов ауылындағы мешіттің бас имамы болса, анасы Сәрсенкүл Жақсыбай сегіз баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Көп балалы отбасынан шыққан жас талант талай бәйгелерде топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Атап айтқанда республикалық «Дала сазы» атты байқауында «Көркем сөз» номинациясы бойынша жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін бас жүлде иеленген. Қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетовтің шығармашылығына арналған көр­кемсөз оқу шеберлерінің об­лыс­тық байқауында үздік өнер көр­сеткені үшін II дәрежелі дипломмен марапатталған. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған «Мен жастарға сенемін» атты аудандық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған. Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың 90 жылдығына арналған «Қазақтың дара Қалтайы» атты монолог оқу шеберлерінің облыстық байқауында екінші орынды еншілесе, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбира Майқанованың 105 жылдығына орай өткізілген «Сәбира апа ізімен» атты монолог орындаушылардың аудандық байқауында I орынды иеленген. Сонымен қатар Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Үздік жас маман – 2019» облыстық байқауында жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін I орын иегері атанған. Атап өту керек, Әділдің отбасындағы үлкен әпкесі Айгүл Әуезова да мәдениет саласының қызметкері. Ол аудандағы әдеби, мәдени және рухани танымдық іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына өз үлесін қосып келеді.

Облыстық байқаудың бас жүлдесін иеленген талантты жастың алар асуы әлі алда. Өнер жолындағы толымды тірлігіне біз де сәттілік тілейміз.

Айдана ҚАЛИЕВА
26 қыркүйек 2020 ж. 787 0