Сырбайды сырға аунату
Бұл сурет 1970 жылы түсірілген. Авторы – Болат Омарәлиев. Бірнеше қаламгер Қызылордаға келіп, Мұхамеджан Қаратаевтың алпыс жасқа толуына арналған мерейтойлық іс-шараларға қатысады. Солардың арасында алшаң басып Сырбай Мәуленов те жүреді. Осы сапарда Мұхамеджан Қаратаев, Хамза Есенжанов, Асқар Тоқмағамбетов үшеуі Сырағаңды Сыр топырағына аунатып алады. Фототілшінің айтуынша, Сырбай ақынның аунаған жері Ахмет ишан бейітінің маңы көрінеді.
Сырағаңның Сыр төсінде еркелеп, шаңдағы аспанға шығып жататын кең даланы құшаққа алатындай жөні бар. Торғай өңірінде туған ол бала күнінен Сыр өлкесінде өскен. Алғашқы өлеңдері осы аймақта дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетінде оқыған. Тіпті мәлімет көздерінде атақты ақын Сыр бойында өмірге келіп, содан Сырбай атаныпты деген сыңайдағы біртүрлі болжамдар да ұшырасады. Мұның анық-қанығына көзі жете қоймаса да, осыны құлағы шалған қызылордалықтардың көзі күлімдеп, жымың-жымың ете қалатыны бар. Себебі, дәйекті басқа жерден емес, Сырағаңның: «Қызылорда жақынсың, Алғаш сенде шықты үнім. Өзің жайлап жатырсың, Жанның терең түкпірін» деген өз өлеңінен алады. Ақын толғауының тағы бір тұсында: «Ұмытпан Сыр жағасын, Жаста өскен мекенім. Бір кеудемде ағасың, Торғайменен екеуің» дейді. Оны аз десеңіз, «Тер шұбырып маңдайдан, Болғанда ел ақтабан. Ауып алыс Торғайдан, Әкем Сырға тоқтаған» деп одан әрі термелетеді.
Күндей күркіреген Сырбай көкемді ешкім туған топырағы – Торғайынан ажырата көрмесін, бірақ Сыр бойы да арқалы ақынды өз перзенті санайды. Сондықтан, ол еліне келіп еркелеп, сары даланы еркін жайлап, қыры мен төбесін, жазығы мен жотасын жастанып жатса, несі бар?!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ