Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақын Асқардың «кабинеті»

Ақын Асқардың «кабинеті»

Біз бұған дейін де белгілі ғалым, қаламына құт қонған қаламгер Бауыржан Омарұлының-біздің Қоғалыкөлдің құлагері атанған фототілші Болат Омарәлиевтің суреттерін зерттеп, зерделеп жазған дүниелерінің ауданға қатыстысын газетке жариялаған болатынбыз. Бұл жолы да жақсы бір сурет туралы жазылған ақпаратты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

/суретсөз/

Өмір бойы Сыр елін мекен еткен әйгілі ақын Асқар Тоқмағамбетов табиғат аясында жазу жазғанды өте жақсы көрген деседі. Қаладан аулақтағы қалың жиденің арасына киіз үй тігіп, күн ұзаққа жүйрік қаламына ерік береді екен. Кең даладағы «кабинет» Асекеңе құт болған сыңайлы. Оның туындыларынан дарияның асау толқынының екпіні сезіліп, жусанның жұпар иісі аңқып тұрады.

Ақын кезекті шығармасы біткенше Ақмешітке аттап бас­пайды. Өзін жұрттан барынша оқшаулап, үнемі кейіпкерлерінің қоршауында отырады. Солармен сырласады, мұңдасады, сыбырласады, күбірлеседі.

Айналадағы қаптаған адамнан қанша оңашаландым десе де, сондай бір мамыражай сәтте қызыл аңдып, қырды кезген бір әккі фототілшінің қарауылына ілініп қалыпты... Сыр мен қырдың арасында алшаңдап жүрген көнекөз көзмерген Асекеңнің айдаладағы атшаптырым «кабинетіне» тұтқиылдан «кіріп келіп», жазу-мазуына, қағаз-пағазына қосып, суретке тартып кеп жіберіпті. Сол сурет осы...

Асекеңді кадрға қадап тастауға жүрегі дауалаған сол фототілшінің аты-жөні – Болат Омарәлиев.

Бауыржан Омарұлы
05 тамыз 2023 ж. 209 0