Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Соңғы сурет

Соңғы сурет

Адам баласы тарихты жасайды. Ал сол тарихтың шежіресін, жылнамасын айғақ­тайтын ол – сурет. Иә, сурет түсіне білгенге сөйлейді. Анық қарап, сырына үңілсең, оның астарында қаншама тағдыр бар, тарих жатыр. Ақиық ақын ауылындағы А.Тоқмағамбетов мұражайындағы әрбір суретке қарап жүріп түйгендегі ой осы. Ақынның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі бір төбе болса, соның айқын көрінісін осындағы суреттерден анық аңғаруға болады. Қазақ интеллегенциясымен түскен әр суретінің өзі бір шежіре, тұнып тұрған тарих.
Бұл жер ақиық ақынның бүкіл болмысы мен ғұмырнамасын бейнелейтін суреттермен көмкерілген. Мұражайға кіргеннен қолына кітап ұстап, алысқа көз тастаған Асқар Тоқмағамбетовтың «тау» тұлғасы кемелдігін көрсетіп тұр. Сол суреттің қос қапталына ақын туралы қазақ жазушыларының айтқан пікірі оның тұлғалық болмысын ашады. Мәселен, «... Тіл жөнінен бұрынғының қорынан қарбытып алып отыратын, анық асыл тіл байлығы бар екі ақынды бөліп айтар едім, олар Асқар мен Ғали. Асқар – қырғи тілді ақын» деп дана Абайдың дара жолын жазған Мұхтар Әуезов айтса, Сырдың дарынды тумасы Әбділда Тәжібаев «Асқардың өмірбаяны республикамыздың өмірбаяны. Ақын осы өмірдің әр дәуірін жырымен баяндап отырғанда, өз сезімі мен жүрек күйін де сол жырларында қалтқысыз көрсетіп келген. Ол біздің ең белсенді, ең ұшқыр ақындарымыздың бірі» деген. Иә, қырғи тілді ақын жөнінде бұдан асып айтпаспыз. Десе де, мұндағы әр суретке үңіліп, көрнекті ақынның бейнесін, ірі тұлғалармен емен-жарқын кездесуін көру біздердің рухани кеңістігімізді кеңейте түскендей.
Әне, жүз жасаған Жамбылдың өзімен түскен суреті қандай құнды дүние?! Бір топ қаламгерлер өлең-сөздің дүлдүлімен кезде­сіп, оның ішінде Асқар ақынның болуы – Сыр тарихының өлшеусіз мұрасы. Оған қоса, күріш атасы, Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевпен түскен суретке бір қарап өте алмайсың. Сыр топырағынан шыққан қос тұлғаның әрқайсысының болмыс-бітімі өз ісінің, өз кәсібінің биік деңгейін көрсетеді. Ғарышкер-ұшқыш, Кеңес Одағының батыры Герман Титовпен бірге тұрғанын көрудің өзі бір ғанибет. Сол қатармен суреттерді шолып шыққанда ақынның қазақ әдебиеті өкілдерінің арасында орны айрықша екенін байқайсың. Атап айтқанда, қазақтың мүйізі қарағайдай ақын-жазушылары С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, З.Жарқынбеков, Т.Ахтанов, Ж.Бек­тұров, С.Адамбеков, Т.Әлімқұлов, С.Мәу­ленов, Ә.Қоңыратбаев, З.Шүкіров, Ә.Тәжібаев, М.Әлімбаев, С.Шаймерденов, М.Қаратаев, М.Кө­кенов және тағы басқалармен түскен суреті мақтанып айтуға тұрарлық. Бұл суреттерде ақын-жазушылардың Асқар ақынды қаумалап ортаға алуының өзінен ерекше құрметті, ілтипатты аңғарасың. Сонымен бірге, республикалық, облыстық басылым редакцияларында жастармен кездесуде де, аспан астындағы келелі жиын ортасынан да Асқар ақынды табасың. Бұл фотосуреттерден поэзияның жілік майын шағып, прозаны да қаламына арқау еткен дарынды тұлғамен кездескендердің рухани азық боларлық құнды дүние алғанын анық айтуға болады. Жалпы, мұражайдағы кезіндегі пленкалы фотоаппаратпен түсірілген ақ-қара түсті кескіндер арасында көрнекті жазушының отбасымен, жұмыс барысындағы, шет елдерге сапарындағы суреттер де бар.
Ақын мұражайын айнала шолып шыққанда бір суретке зор қуанышпен зер салдым. Бірақ оның астындағы анықтама есеңгіреткей болды. Қуанғаным, ақиық ақынның «Қан мен тер» романының авторы, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен түскені. Сырдың киелі топырағынан шыққан қос дарын иесі 1983 жылы Қызылордада естелікке суретке түсіпті. Ал есеңгіреткені, осы естелік алып тұлғалардың біріне соңғы сурет болғаны. Әрине, ешкім алдын болжап, өмірден өтер шағын білмейді. Қарттық келіп, мазаны алса да адамның өмір сүруге деген ынтасы зор. Сол бір шақта ақын Асқар Тоқмағамбетов риясыз күліп, дарынды жазушымен ерекше күйде отырған секілді. Осыны аңдыған фотограф та «шырт-шырт» еткізіп, ерекше сәтті қалт жібермеген. Объективке жымия қарағандардың сол бір кезі кішкене ғана құрылғы көмегімен тарих болып қалды.
Анығында, сурет 1983 жылдың 26 қаңтарында түсіріліпті. Халық жазушысы Ә.Нұрпейісов Қызылордаға іссапармен келіп, ақиық ақынмен бірге Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында студент жастармен кездескен. Сол кездесуден қалған естелік. Мұны қырғи тілді ақынның қызы Аякөз Тоқмағамбетовадан білдік.
– Бұл сурет осыдан 35 жыл бұрын түсі­рілген. Жастармен кездесуден кейін ес­телік суретті Әбдіжәміл аға өзі әкеліп берді. Онда «Айналайын Аягөз! Қазақтың ақиығы – ақын Асқар атаның аясында бақытты болып өсуіңе тілектес ағаң Әбдіжәміл Нұрпейісов» деп қолтаңбасын қалдырған, – дейді ақынның қызы.
«Соңғы сурет» дегенімізде Аякөз Тоқма­ғам­бето­ва бұл қазақтың ақын-жазушылар­мен түскен­дегі соңғы суреттердің бірі екенін айтты. Ал адуынды ақын 1983 жылдың тамыз айында дүние салардан бұрын немере-шөбересін қолына алып суретке түсіпті. Сол арада өлең де шығарған.
Ассалаумағалейкум,
Немерем мен шөберем.
Сендерменен көркейiп,
Сендерменен көгерем.
Сендерменен өркендеп,
Сендерменен көбейем.
Сендер тiрi тұрғанда
Мен қартайып неге өлем?
Правам жоқ өлуге,
Аспандатып ән шырқап,
Жазуым керек көп өлең...
Соңғы суретпен қоса бұл Асқар ақынның қолжазба күйінде қалған ең соңғы өлеңі екен.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
13 қараша 2018 ж. 2 181 0