Ізтай әлемі
Айқын» газетінің №117 санына «Із бен Ізтай» тақырыбымен бір беттік мақала жарияланыпты. Авторы – Шара Елеусіз. Журналист ақын, қарымды қаламгер, аудармашы болған Ізтай Мәмбетов туралы толғапты. Толғағанда оның ақындық поэзиясын емес, жеке өмірі, адами болмысы, аудармашылығы жөнінде айтқан. Оған себеп болған кездейсоқ кездескен І.Мәмбетовтың 13 пәпкі толған қолжазбасы екен.
«...Ізтай әлемі – жап-жарық, жып-жылы. Ізтайдың «Күлімдеген қара көздер қалалығын» шырқайтын қазақ Ізтай жайлы көбірек білсін деп бірдеңе шимайладық. Ізтай жүрегін түсіну үшін «Өгей шешемені» оқу керек. Әлем әдебиетінде де, орыс әдебиетінде де «мачеха», «өгей» деген сұп-суық ұғымға Ізтай мейірім әкелді. Бұл – әдебиеттегі революция!» деген баға беріліп, оның аудармалары назарға ұсынылған. Атап айтқанда, орыстың Константин Симоновының әйгілі «Жди меня, и я вернусь» дейтін өлеңінің дәлме-дәл аудармасы беріліпті. Сондай-ақ ақынның сол өзі араласқан ортадағы әдеби әлемге әппақ көңілмен алаңдап, әріптестерінің жылт еткен жақсы дүниесіне сөз арнап отырғаны да назардан тыс қалмаған. Мұның бәрі Ізтай Мәмбетовтың қолжазбаларындағы дүние. Солардың ішінен ауданның бас ақыны Мұхтар Сақтаповтың хаты табылыпты.
«Баспаханаға кіретін пропуск, Азия, Африка жазушыларының конференциясына берілген жолдама, «Жұлдыз» журналының поэзия бөлімін басқарған кезіндегі қызметтік куәлігі, іссапар қағазы... зерттейтін дүние шаш етектен. Нөпір қағаздың ортасында отырып, мына бір хатты көзім шалды. 1956 жыл белгіленіпті. Мені елеңдеткені – хат Ленинградтан» дейді. Әрі қарай хат мәтінін береді. «Құрметті Ізтай аға! Революция бесігі Ленинград қаласынан Балтық флотының «Эсминец» сүңгуір қайығының матросы Мұхтар Сақтапов сәлем жолдайды» деп басталған жып-жылы хат, әрі қарай қазақ әдебиеті тақырыбына ауысады. «1955 жылы Қызылордада жас әдебиетшілер кеңесі өтіп, оған Сырбай Мәуленов келді. Бір-екі өлеңімді ұнатып, әдебиет бетіне ұсынды. Жақында Ленинградта «День поэзии» өтті. С.Давыдов, М.Дудик деген ақындармен кездестім. Бұл күн мен үшін ең бақытты күн болды» деп жазыпты.
Мақала авторы хатты оқи отырып «Сүңгуір қайықтан увольнениеге шыққан болса керек, хат Санкт-Петербургтің Герцен атындағы кітапханасынан жазылыпты. Қайда екен қазір, сол матрос?» депті сөз арасында.
«Тереңөзек – таланттардың өлкесі» деп жырлаған Мұхтар аға Сақтапов Ізтай Мәмбетовпен жақсы байланыста болғанын айтты. Мына хатты жазғанда әскери борышын өтеп жүрген. Әскер қатарына алынғанда да өлең жазып, мақалалары Ресейдің Қарулы күштеріне арналған «Красная звезда» газетіне жарияланып тұрған. Өзі әскери қызмет атқарған бөлім генералы Тереңөзек тумасының шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасаған. Сол бойынша ақын кітапханаларға барып, өлеңдерін хат арқылы елге жіберіпті. Жырақта жүрсе де сырдариялық талантты ақын әдебиетке ерекше қырымен келген эпик ақын шығармашылығымен етене танысып отырған. Тіпті газеттің байырғы редакторы Ізхан Досмағанбетовтен Ізтай Мәмбетовтың өлең кітаптарын сұратыпты. Осылайша, қай елде жүрсе де талантты ақындар арасында хат арқылы шығармашылық байланыс орнаған. Сол кездегі хат жарты ғасырдан аса уақыттан кейін қолжазбалар арасынан табылып тұр. Ал сол кездегі матрос Мұхтар Сақтапов – қазір ел-жұртқа танылған адуынды ақын, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы».
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ