Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еселі еңбегімен құрметке бөленген

Еселі еңбегімен құрметке бөленген

Қазақ халқы үшін «құрмет», «құр­метті» сөздерінің маңызы зор. Елге қалтқысыз қызмет етіп, көптің алғы­сына бөленген, өнегелі өмірін халық игілігі жолына арнаған жан­дарға ерекше ілтипат көрсетіп, «Құр­метті азамат» атағын береді. Еңбегі еленіп, білім беру саласында үздік жұмыстар атқарғаны үшін кейіпкеріміз Рәзия Қалжанова да биыл «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» ата­ғына лайық деп танылды. Рәзия Қалжанқызының өмірдерегіне көз жүгіртіп, ардагер анамен сұхбаттасу барысында құрметті марапаттың өз иесін тапқанына көзіміз жете түсті.

Рәзия Қалжанова саналы ғұмырын бала тәрбиелеу ісіне, одан қалды, мұғалімдердің жағ­дайын жақсарту бағытына арнаған. Қайда жүрсе де, ұстаздардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ел ертеңі үшін елеулі еңбек етіп жүрген жандардың құрметін арттыруды мақсат еткен. «Жалпы өмірде кез келген адам ұстаз, тіпті өмірдің өзі қатал ұстаз. Ал жас келген сайын кейінгі буынға үлгі-өнеге болу, саналы ұрпақ тәрбиелеу ісі міндет болып табылады. Біз қазір алдыңғы буын ретінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ұлттық тәрбиені жас ұрпақ бойына сіңіруде өз үлесімізді қосуымыз керек» дейді абзал ана. Бүгінде осы өмірлік мақсаты жолында саналы ғұмырын балаларына арнап жүрген жан өзінің де бір кезде жас келін болғанын, атасы мен енесіне, жаңа отбасындағы жандарға қамқорлық көрсеткенін де айтып өтті. Үлкеннің батасын алып, ризашылығына бөленген ардақты ана бүгінгі таңда өзі де абыройлы қарттыққа есен жетіп, бір әулеттің ақылшы анасына, данасына айналған.

Кейіпкеріміз 1953 жылы берекелі Бесарық ауылында дүниеге келген. Мектеп білімін тәмамдағаннан кейін 1975 жылы облыс орталығындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетін оқып, нағыз маман ретінде үлкен өмірге қадам басқан. Еңбекпен есейген ақжарқын жанның еңбек жолы ерте басталған. 1970 жылдан бас­тап аудандық қамсыздандыру бөлімінде инспекторлықтан бастау алған еңбек жолы Сырдария аудандық комсомол комитетінде Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы  мүшелерінің есеп және қаржы бөлімінің меңгерушісі, аудандық комсомол комитетінің үшінші секретары, пионерлер кеңесінің төрайымы, Тұтынушылар қоғамы төрағасының кадр жөніндегі орынбасары, бастауыш партия ұйымының хатшысы, білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитеті төрайымының орынбасары сияқты жауапкершілігі зор қызметтермен жалғасқан. Бір бағыттағы түрлі салада еңбек етіп, тәжірибесін шыңдаған жанның 2008 жылдан бері қарай бағыты өзгерген екен. Сол жылы «ҚазГерМұнай» ЖШС БҚ әлеуметтік даму және көпшілікпен байланыс бөлімінің бастығы қызметіне ауысқан. Бөлімнің аты айтып тұрғандай бұл кезде де халықпен, көпшілікпен тығыз байланыста қарым-қатынас орнатқан ол мүлде бөлек салада болса да білім беру саласына, тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуді өзіне адамдық парыз санаған. «Өзімді мұнайшылардың арасына түсіп кеткен мұғалім сияқты сезіндім. Негізгі бағытым мен саламды қай тұста да ұстанып, бала тәрбиелеу және бала тәрбиесімен айналысатын тұлғаға құрметім мен қамқорлығым ерекше болды» деп еске алады өткен кезеңдерді кейіпкеріміз. «Сол кездерді еске алсам, төркініне қарайласып жүрген тұрмысқа шыққан қыз сияқты елестетемін өзімді. Менің негізгі бастауым сол – ұстаздық қызмет болса, мұнайшылар өмірімен етене араласуым – бүгінімнің берекесі секілді көрінеді» дейді абзал ана.

– Қазір ғой, білім саласының қызметкер­лерінің әлеуметтік жағдайы жақсы. Ол кездерде небір қиын уақытты бастан өткердік. Бірнеше айлап жалақы болмай қалатын кездер болды. Одан қалса, айлық шайлықтан артылмайтын. Кейін белгілі себептермен мен «ҚазГерМұнай» ЖШС-не қызметке ауыстым. Бұл жақта, былайынша айтқанда, мұрын қанап, бел ауыратын жұмыс жасамадым. Барлығы техникаландырылған, тек басқарып отырсаң болғаны. Алғашқы айлығымды алғанда мен таң болдым. Сонша көп ақшаны алдыма жа­йып қойып «шіркін-ай осынша айлықты күні-түні дамыл көрмей еңбек ететін ұстаздарға неге бермеске» деп ойға қалғаным әлі есімде. Содан өз қызметімді осы ұстаздар мен білім саласына бағыттауды көздедім. Нәтижесінде компанияның көмегін мектепке, тұрмысы төмен мектеп оқушыларына бағыттауға тырыстым. Кейін компанияның басшылары, тіпті шетелдік серіктестеріміз де менің бұл еңбегімді жоғары бағалап, алғысын айтқан еді. Қазір, Шүкір, Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында ұстаздардың жағдайы түзеліп келеді. Зейнет демалысындағы ардагер болсам да, қоғамдағы әрбір жаңалықты құр жібермей бақылап, жақсы жетістікке жетсе, қуанып, тілектес болып отырамын, – дейді ақкөңілімен ақтарыла салған Рәзия апамыз.

Ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарып, саналы ғұмырын саламатты істерге арнаған абзал жан ардагерлік кезеңге де зор құрметпен жеткен. Зейнет демалысына шығысымен, Рәзия апай «ҚазГерМұнай» компаниясының Бастауыш ардагерлер ұйымы, «Ардагер Мұнайшы» қоғамдық қорының директоры қызметіне тағайындалған. Ардагер мұнай­шылардың бос уақытын тиімді пайдалануы мен денсаулығын сақтау мақсатында демалыс орындарына жіберіп тұру сияқты іс-шараларды күні бүгінге дейін ұтымды ұйым­­дастырып келеді. Жалпы мұнайшылар еңбегі нағыз ерлікпен парапар жұмыс. Сол себепті ардагер мұнайшыларға әркез қолдау көрсету мен жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беру жұмыстарының бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы ретінде Рәзия апай басы-қасында жүреді. Бүгінде жетпістің желкенін керіп, сексенге тың серпінмен бағыт алған Рәзия Қалжанқызы, расында да, көпшіліктің алғысына бөленіп келе жатқан жан. Осы ретте, 2012-2016 жылдар аралығында Қызылорда қалалық мәслихаттың V шақырылымындағы депутаты болып, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, өзі де қолынан келгенше талай істің оң шешім табуына үлес қосқан азаматша әлі күнге дейін «Аманат» партиясының, облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсен­ді араласатынын айта кетуіміз орынды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Рәзия Қалжанқызы саналы өмірінде көпке пайдалы іс жасап, әркез игі бастаманың басы-қасынан табылған екен. Түрлі көлемдегі іс-шаралар ұйымдастырып, білім саласының жан-жақты өркендеуіне үлес қосуынан бөлек балалардың жазғы демалысын ұтымды ұйымдастыруға әркез ден қойған. «ҚазГерМұнай» компаниясының де­меу­­ші­лігімен жыл сайын «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып, әр оқу жылы бас­талар тұста 700-ге жуық оқушыға мектеп формасын үлестіру ісін ұйымдастырған. Айта кетерлігі, қайырымдылық шарапатын Тереңөзек, Тасбөгет, ауыл және қала мектептерінің балалары көрген. Сондай-ақ Рәзия Қалжанованың бастамасымен Бесарық ауылының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында демеушілік көмек есебінде ауыл тарихын бейнелейтін тарихи-өлкетану мұражай ашу үшін компания есебінен қаржы аударылып, мұражай салтанатты түрде ашылған. Және бұрын Сырдария ауданының орталығы болған Тасбөгет кентіндегі Белгісіз солдат ескерткішін жөндетуге ықпал еткен. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ерекше қамқорлық көрсетіп, тұрғын үйін жөндеп беруі, ауданға қарасты бірнеше ауылдық округтегі мектеп, балабақшалардың жөнделуіне атсалысып, халық пен басшылық арасында алтын көпір болғанын ерекше айтып өтуге болады. «Осындай игі істердің атқарылуына ұйытқы болып, әр істе Сырдария ауданына, оның ішінде ұстаздар қауымына, білім саласына, тұрмысы төмен отбасыларға бүйрегім бұрып тұрды. Сондағы мақсатым жерасты қазба байлығының игілігін қарапайым халық көрсе екен дедім» дейді үлкен жүректі мейірімді ана.

Жан-жақты қарманып, ел-жұртқа шарапатын тигізіп, жақсылығын қылған жандарды «саналы ғұмыр кешкен, көпке үлгі болған» деп жатады. Осындай өнегелі өмірінде елеулі еңбегі еленген Рәзия Қалжанқызы түрлі марапаттар мен алғысқа бөленген. Оның барлығын бір мақалаға сыйғызып тізіп шығу мүмкін бола қоймас. Көп марапаттың ішінде «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» құр­мет белгісі, «Лучшие женшины Казахстана» төсбелгісі, Қазақстан Республикасының «Қазақстан­ның Алтын кітабы» мадальдерін атап өту жеткілікті. Сондай-ақ министрлік пен облыс­тық басқармадан, мерекелер мен атау­лы жыл­дар құрметіне алған марапат, алғыс хаттары жетерлік. Мерейлі жетпіс жасқа толғанда «Қызылорда облысының құрметті ардагері» төс­белгісі кеудесінде жарқырағанын да айтпай өтуге болмас. Өмірін «көпке пайдам тисе екен» деп адал еңбекке арнаған ардақты жанның жұмыс үстелінен орын тапқан қай марапатты алсақ та, нағыз иесін тапқан, лайықты марапаттар екені анық.

Негізінен, әйел адам қаншалықты нәзік болса, соншалықты мықты екені рас. Бұл сөздің мәні мен мазмұнына Рәзия Қалжанқызы секілді қоғам мен отбасын қатар алып жүрген ер мінезді әйел-Аналардың өмірін өрнектегенде көз жеткізе түсесің. Қоғам өмірінде қандай белсенді болып, түрлі салада елеулі еңбек ете жүріп, келіндік қызметін де абыроймен атқарған ана тұрмыстық өмірде қиыншылықтың болатынын жасырмайды. Десек те, соның біріне де сынбай, үлкенін, ер азаматын сыйлап, ұрпақ өрбіту – әйел адамның Алла берген ерекшелігі деп біледі.

– 1977 жылы үлкендердің ақ батасымен ұзатылып, Орынбасар Оспанов деген азаматпен шаңырақ көтердім. Ол кезде көпшілік жағдайда қыздарды алып қашатын еді. Мен өзім жастардың басшысы болып, көптің алдында жүргендіктен, өзгеге үлгі көрсетуім керек деп, разылықпен ақ босағадан аттадым. Бізді табыстырған комсомол жастар ұйымы еді. Жолдасым да қызметтегі азамат еді. Сол кездегі комсомолдың мықтылығы – жаңадан отау құрған комсомол жастарына баспананың кілтін табыс ететін. Некеміз салтанатты түрде қиылып, үлкен тойда баспана кілті табысталды. Бірақ мен үй бар екен деп, ата-енеге қызмет қылудан қашпадым. Арада біраз уақыт өткеннен кейін атамыздың рұқсатымен, ақ батасымен өз үйімізге көштік. Ол кезде белгілі ғой, бір үйде бірнеше отбасы, көп адам болатын. Сол себепті біз бөлек шыққанда үлкен енем мен атамның қарындасының балаларын өз қарауымызға алуды жөн деп таптық. Солай енемнің енесін бағып, алғысын, ризашылығын, ақ батасын алдым. Бүгінде абыройлы қарттыққа жетіп, биік мінберлерде атымыз оқылса, осы үлкеннің ақ батасын алуымнан ғой деп білемін. Әрине, тұрмыс, жаңа орта болған соң қиындық кездес­пей тұрмайды. Өмірдің бәрі ақтан тұрмайтыны шындық. Бірақ, соның бәріне сынбай, барған жеріңде бақытты бола жүріп, ел-жұртыңды бақытты етуің керек. Біздің салтанатты неке қию рәсіміміз туралы аудандық газетте «Баянды бақыт бастауы» тақырыбымен көлемді мақала басылған еді. Сөз құдіреті деген сол шығар, біз отбасымыздың бақытын расында да баянды етуге тырыстық, – дейді Рәзия ана.

Ардақты ана 2018 жылы отбасының ті­реуі азаматынан айырылып, бір қанаты қайы­рыл­­са да, қиындыққа мойын бұрмауға тырыс­қан. Абзал азаматы екеуінің көзінің нұрын­дай болған екі ұл мен екі қыздан тараған неме­ре-шөберелерге әке өсиетін өнеге етіп отырған жайы бар. Бүгінде отбасына ғана емес, түгел ауылға, ауданға, облысқа сыйлы ақылшы ана, дана­гөй әжеге айналған Рәзия Қалжанқызына біз де зор ден­саулық тілейміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
07 қазан 2023 ж. 485 0