Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлкендер жолы – ұлылық

Үлкендер жолы – ұлылық

Жас ұрпақты мектеп тарихымен, зейнеткер ұстаздар­дың еңбегімен таныстырып, оқушыларды ұстаз бойын­дағы құндылықтарды үлгі етіп, құрметтеуге үйрету мақ­сатында №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектепте «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» тақы­рыбын арқау еткен ардагер ұстаздармен кездесу кеші өтті. Әдемі безендірілген сахна, көтеріңкі көңіл-күй, сыйластықтың жарқын үлгісі, жүрек түбіндегі естеліктер – кештің негізі болды.

Кездесудің қадірлі қонақтары, биыл құрметті еңбек демалысына шық­қан – Әсем Мәлікқызы, Салтанат Сан­сыз­байқызы, Үміт Дабылқызы.

Ауданның білім беру саласында өзіндік орны бар Әсем Мәлікқызы 1980 жылдан еңбек жолын №210 мектепте аға тәлімгер болып бастаған. Үш жылдан кейін орыс тілі мен әде­биеті пәні мұғалімі, кейінірек мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 2013-2021 жылдары мектеп директоры болып абыройлы қызмет еткен. Саналы ғұмырын бала тәрбиелеу ісіне арнаған ардақты жан өткен күндерді «Бар өмірім осы №210 орта мектепте өткен екен» деп есіне алады. Еңбегі ел арасында еленген ұлағатты ұстаз «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Құрмет грамотасымен», облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталғанын айтып өтуіміз керек. Ал Салтанат Сансызбайқызы – өте білікті әрі талапшыл ұстаз ретінде құрмет төрінде. Білім ордасында ұзақ жыл бойы орыс тілі мен әдебиеті пә­нінен сабақ берген мерейлі мұғалім мектеп тренері, мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы болып қызмет атқарған. «Білім беру ісінің құрметті қыз­меткері» төсбелгісінің иегері, Ха­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­лық­­аралық ғылым мен білімді қол­­дау орталығының «Құрмет» ме­да­лі­мен, ҚР білім және ғылым ми­нистр­лігінің «Құрмет» грамотасымен ма­рапат­талған ардақты ұстаздың есімі Қы­зылорда облысының үздік педагог­тарының «200 жылдық тарихы бар Сыр өңірі педагогикасындағы қадірлі 200 есім» антологиясына енген. Үміт Дабылқызы да ұстаздықты ұлылық деп білген ардақты жандардың бірі. Ол талай балғынның өнерін шыңдап, әнге деген құштарлығын оятқан, ұзақ жыл музыка пәнінің мұғалімі қыз­метін атқарған. Ұжымда әркез сыйлы бола білген аяулы ұстаз «Үздік жетекші» номинациясымен, «Құрмет грамотасымен», ҚР «Үздік тәлімгер» төсбелгілерімен марапатталған. Талай шәкіртін республикалық, халық­аралық сайыстарға дайындап, еңбе­гінің жемісін көріп жүрген жан.

Мектеп мұғалімдері, жас мамандар мен қонақтар және 11-сынып­ оқушылары қатысқан кездесу кеші еркін форматта өтті. Мектептің ардагер ұстаздары еңбек жолынан, ұстаздық қызметтің қыры мен сырынан, өткен күннің еншісіндегі ес­теліктерінен сыр шертсе, оқушылар мен әріптестері ақ тілек пен ыстық ықыласын білдірді. Сырлы сұхбатқа құрылған кеште әсерлі әңгіме де, болашаққа бағдар да, тәлім мен тәрбие де, ақ бата да айтылды. Бейнетінің зейнетін көріп отырған аяулы ұстаздар Қазақстанның түк­пір-түкпірінде білім алып жүрген шә­кірттерінің онлайн құттықтауын кө­ріп, марқайды.

Халық даналығында «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» делінген. Кімнің де болмасын үлкен өмірде жеткен жетістігінің ұшар шыңында ата-анамен қатар ұстаздың тұра­ты­ны анық. Әріп пен жазуды үйре­туден бастаған мұғалімдер бала бола­шағына бағдар сілтеп, өмірлік азық болар кеңестерін де аямайды. Онысын бір міндет етпей, жеңіске жетсең шынайы қуанып, мектептен алыстап кетсең де, ұдайы тілекшің болып қалатын да осы мейірбан жандар.

«Мұғалімнің мерейін арттыратын шәкірт болса, ұстазды ұлықтап, құрметтеу де оқушының асыл парызы. Бұл кеште құрмет төрінен көрінген ұстаздың да, ұстазы мақтауын асыр­ған шәкірттің де мерейі үстем болды. Сырлы сұхбатқа құрылған кеш­тің екі сағатқа созылғанын аңғар­май да қалыппыз» деген мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Жаңабергенова мектеп ұжы­мы атынан құрметті қонақтарға қазақы дәстүрмен сый-сыяпат табыс­тады. Ұстаздар Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екенін айтып, егемен елдің ертеңі – жастарымыздың болашағы жарқын болуын тіледі.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
07 желтоқсан 2021 ж. 615 0