Құмар ойын құрдымға құлатады
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Адал еңбек пен бейнеттің берекесіне бөленуді қиынсынып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді жөн санайтын, оңай жолмен қалтаны толтырып, қарынды қампайтқысы келетіндер бар. Иә, бүгінгі айтылар әңгіме, жазылар дүние құмар ойынға құмартқандар туралы болмақ. Бірақ, оңай олжа адамға бақ болмасы анық. Құмар ойынға құмартып, жиған-тергенінен, абырой-беделінен, ең сорақысы, отбасынан айырылып жатқандар саны артып отыр. Ең қиыны бұл аса қауіпті ауру болып табылады. Яғни құмар ойынына кірген адам, шырмалып, шыға алмай қалады.
Құмар ойынына адам қандай жағдайда тәуелді болады? Ең алдымен материалдық қысым көргенде осы ойынға баруы мүмкін. Яғни адам бір рет ойнап, ақшамды көбейтіп аламын деп ойлайды. Бірақ оған бір кірген адамның қайта шығуы қиын, ерік-жігері мықты болмаса, ібілістің арбауына еріп, барын сарп ететіндер көп. Одан кейін көрсеқызарлық пен тойымсыздық та осы ауруға апаратын жол деп айта аламыз. Себебі бар байлығын ашкөздікпен одан әрі көбейткісі келген адам арбалып, ақырында қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Сонымен қатар, байлығы асып, дәулеті тасып тұрған байлар ермек ретінде ойынға қосылып, кейін шыға алмай, бар дүние-мүлкінен айырылуы мүмкін.
Расында да, «құмар ойнап байып, төрт құбыласы түгелденіпті» деген адамды естімейсіз. Неге? Себебі, бұл үлкен күнәға бастар, лас ойын. Құмар ойынға әуес болу қасиетті Құран Кәрімде де, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де тыйым салынғанын, тіпті үлкен күнәлардың қатарына жататынын жақсы білеміз. Дін ғалымдары құмар ойындарды «кездейсоқ сәттілікке үміттеніп, ұтыс мақсатымен ақша, құнды зат тіге отырып ұту немесе ұтылу» деп сипаттайды. Үлкен күнә саналуының басты себебі – оның бұқаралық, яғни қоғамдық сипат алуында. Осы ойынқұмарлықтың кесірінен бір емес, бірнеше адамның тағдыры талқан болып жатқанын ескерсек, лудоманияның алдын алу – бізге міндет.
Жеңіл жолмен ақша табу – құмар ойынның алғашқы сатысы секілді. Адам өзінің бұл жолға түсіп кеткенін байқамай қалуы да мүмкін. Бұндай адамды алдайтын қызылды-жасылды ойындар ұялы телефонда да толып тұр. Сондықтан балалардың көгілдір экраннан не тамашалап, телефонды қандай мақсатта пайдаланып жүргенін аңдаған абзал. Бұрын құмар ойындары десе карта, казино, ойын автоматтары ойға оралатын еді. Өкініштісі, қазіргі таңда бұл нәрселер телефон арқылы да қолжетімді. «Мынша ақша саласың, мынша ұтасың», «мына түймешікті бас та, өз ақшаңа ие бол» деген сынды жарнамалар көрсеңіз, бірден «шағым түсіру» батырмасын басу керек. Өйткені, сіз оның дұрыс еместігін білгенмен, басқа біреулер кіріп көріп, алданып қалуы мүмкін. Немесе үлкен кісілер, балалар байқамай басып жіберуі де ғажап емес. Егер ондай жарнамаға кірсең, қыр соңыңнан қалмайды. Құр қалмаса жақсы-ау, банктегі шотын бұғаттап, түгел ақшасын сыпырып алған жағдайлар да кездескен. Әлеуметтік желімен қатар кей сауда орталықтарындағы ұтыс ойынының шартын мұқият қарамасаң, құмар ойынының белгілері кездесуі мүмкін.
«Бұл не деген батпанқұйрық, айдалада жатқан құйрық» деген. Ешқандай жерде жеңіл табыс болмайды. Адам кез келген жетістікке адал маңдай терімен жетуі керек. Сонда ғана алғаныңның қадірі мен берекесі болады. Ал ондай теріс жолмен келген асты ішкен адамның денесінде ауру пайда болуы, ұрпағында қиыншылықтар болуы мүмкін. Бұл дәлелденген. Себебі астың адалдығы – адам өміріндегі ең маңызды нәрсе.
Адамды ондай нәрсеге шақыратын жарнамалар да есті алып, елітетіндей болады. Жарнама адам санасына әсер етуші бірден-бір күш. Сондықтан құмар ойындарына тартатын жарнамалар еріксіз назар аударарлықтай етіп жасалады. Оны бірден байқауға болады. Еліміздегі «Жарнама туралы» заңға сәйкес казино мен интернет-казино қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады. Әйтсе де букмекерлік кеңселердің қызметтерін жарнамалауға тікелей тыйым жоқ екен. Сол себепті аты да, заты да ұқсас букмекерлік кеңселер көбейіп кетті.
Лудоманиядан айығып, қалыпты өмір кешіп жатқандар да бар. Бірақ, бұл өте қиын шаруа. Себебі адамның миы оңай олжаны, қызылды-жасылды дүниені тез қабылдап қоюы мүмкін. Құмардан құтылғанымен, жағдайы нашарлап, құмарлықтың басқа түріне салынып, қалыпты өмірден қол үзгендер де қаншама. Елімізде «Құмар ойындар туралы» заң бар. Ол бойынша лудоманның жақындары да ойыншының үстінен арыз жазып, сотқа бере алады. Осыдан кейін оны казиноға да, қандай да бір ұтыстарға да қатыстырмайды. Бұл жақынын жат қылықтан сақтау үшін туыстарының заң жүзінде жасай алатын әрекеті.
Құмар ойын – қоғам қасіреті, Ислам дінінде харам істерге жататын әрекет. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін», – деуі оны ойнамақ түгілі, оған үгіттеудің өзі күнә екенін, соның өзін жуып-шаю үшін садақа беру, жақсылық істеу міндетті екенін ескерткен. Тәубе есіктері адамның кеудесінде жаны барда қияметке шейін ашық тұратыны белгілі. Сондықтан құмар ойынның құрсауында кеткен бауырларымызды ертерек ес жиып, Алла Тағаланың шексіз мейірімінен үміт ете отыра, тәубеге келуге шақыруымыз керек. Жаратушы Иеміз Құран Кәрімнің «Хижр» сүресінде: «Уа, Мұхаммед! Құлдарыма хабар бер. Күдіксіз Мен аса жарылқаушы, ерекше мейірімдімін. Және шын мәнінде азабым да өте күйзелтуші» дейді.
Айбек МӘДИЕВ,
аудандық мұсылмандар
мешітінің бас имамы