Тәуелділік – тығырықтан шығар жол емес
Әлемде 8 миллиард адам болса, олардың көпшілігінде бас ауыртатын ортақ мәселе бар. Кез келген адам бір дүниеге немесе іс-әрекетке тәуелді болу нәтижесінде жиі қиындыққа кездеседі. Қазіргі уақытта зерттеуші ғалымдар тәуелділік синдромын әрбір адамға әсер етуі мүмкін күрделі денсаулық мәселесі ретінде қарастырады. Ертеректен келе жатқан аталған дүниенің өзектілігі жоғары. Осы күні сан түрлі фактордың әсерінен еркінен тыс атаулы іс-әрекет пен белгілі затқа тәуелді болуға бейім жандар арамызда жеткілікті.
Расында, тәуелді тұлғаның болмысын айшықтайтын арнайы стандартты анықтама кездеспейді. Дегенмен, тәуелді адамның жеке қасиеті мен мінез-құлық жиынтығында бірнеше фактор тізбектеледі. Жалпы, іс-әрекеттер үшін жауапкершілікті алмаудан бастап, өзімшілдік, өзін-өзі төмендете бағалауы, жеке мақсаттардың болмауы, адалдық немесе басқаларды манипуляциялау үлгісі секілді бірнеше фактор адамның тәуелділікке тап болуына себепкер атанады. Бұл ретте, әлеуметтік оқшалану мен көңіл-күйдің бұзылуы да тікелей әсер етеді. Шын мәнінде, тәуелділікке тән сипаттарға адасу, теріске шығару, өзін-өзі алдау, мәжбүрлі әрекет, өзін-өзі төмен бағалау, үнемі өзін жек көру, кінәлау сияқты бірнеше өмірде кездесетін эмоциялық жағдайлар кіреді.
Адамдардың арасында ішімдікке тәуелділік алдыңғы орында тұр. Негізінен, ер мен әйелдің алкогольдік өнімге салынуы – қоғам өміріндегі өте қауіпті құбылыс. Күн санап ішімдікке деген тәуелділікті тежей алмаған адам өзінің өміріне қауіп төндіреді. Одан бөлек, әлеуметтік және отбасылық мәселенің шиеленісуі алкогольдік өнімнен бас тарта алмаудан туындайды. Өткен жылы келтірілген мәліметке сүйенсек, әлемдік рейтингте ел азаматтары ішімдік ішуден 11-ші сатыға тұрақтаса, нәзік жандылар 19-ші орыннан табылған. Ішімдік арқалатқан азаптың артында қаншама отбасының тағдыры тұрғаны мәлім. Ішімдікке тәуелділікті маскүнемдік, этилизм ретінде қарастырған жөн. Алкоголь өніміне әуестікпен сипатталатын психикалық және физикалық тәуелділігі бар созылмалы және үдемелі ауру ретінде бағаланады. Яғни, ішімдіктен біржолата арылу үшін адамның ерік-жігері мықты болуы тиіс.
Кейінгі уақытта құмар ойынға деген тәуелділік адамдар арасында бәсеңдеген емес. Жарнамасы жер жаратын автомат және карта ойыны талай жанның өмірін құрдымға жіберді. Сағаттап, тәулік бойы ойынға берілген әрбір адам өз-өзін басқарудан тысқары қалады. Казино мен ойынханаларды жағалаған қаншама адамның өмір сүруге деген көзқарасы өзгеріп сала берді. Миллиондаған қаражаттан қағылып, қарызға батқан олардың жасаған іс-әрекетінен сабақ алмайтыны өкінішті. Тағы да статистикаға көз жүгертсек, мамандардың өткен жыл бойынша келтірген мәліметі бойынша елімізде құмар ойынға құныққандар саны 350 мың адамнан асады екен. Жалпы, тәуелділіктің құрсауына түскен олардың орташа қарызы 10 миллион теңгені құрайды. Талай адамды құрдымға кетірген құмар ойынның салдарынан жыл сайын 10 жұптың 7-еуі ажырасатыны тағы бар.
Шындығында, көптеген іс-шара, конференция, жиын өткізілгенімен, адамдардың нашақорлыққа тәуелділігін жоя алмай келеміз. Есірткіден келетін қауіпті білсе де, көпшілік тәуелділіктен арыла алмай әлек. Сан мыңдаған адамның өміріне балта шапқан есірткімен күрес тоқтамайды. Көбіне зерттеуші ғалымдар тұжырымдарын дәлел ретінде келтіргенімен, есірткіден заматында арылу оңай емес. Әрине, қоршаған ортаның әсері, адами факторлардың тікелей қатысуы арқылы тығырықтан шығудың жолын қарастыруға болады. Сонымен бірге шылым шегуден бас тарта алмаған жандар тәуелдік салдарынан денсаулықтың күрт бұзылуына себепкер екенін ұмытпаған дұрыс.
Заман ағымына сай адамның бір дүниеге тәуелділігі өзгеріп отырады екен. Қазіргі таңда смартфонға, ғаламторға, пластикалық операция жасатуға, шектен тыс махаббатқа, тамаққа, зиянды заттарға тәуелділік қоғам өмірінде белең алған. Дәл осындай факторларға ұшыраған жандар психолог мамандардың көмегіне жүгініп отырады. Қанша уақыт мамандардың көмегіне жүгінгенімен, тәуелділік факторлары жиі қайталануы мүмкін. Ақиқатында, әрбір адамның бойында сыртқы ортаға белгісіз тәуелділік басым болатыны сөзсіз. Кейбіреулер дәрі-дәрмекке, энергетикалық сусынға, косметикалық өнімдерге тәуелді екендігін байқатады. Кейде жастар арасында компьютерлік ойындарға асқан тәуелділікті аңғарамыз. Біз көтерген дүниелер адамның жан рахатын сезінуіне барынша әсер ететін шығар. Әйтсе де, ең бірінші кезекте көпшілік тәуелділік – тығырықтан шығудың жолы емес екендігін білгені абзал. Сонымен бірге адами, имани құндылықтарды адам бойына сінірген жағдайда құмарлық пен тәуелділіктен арыла алаты сөзсіз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ