Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмар ойынға құнықпайық

Құмар ойынға құнықпайық

Елімізде 2007 жылы «Ойын бизнесі туралы» заң күшіне еніп, қаладағы казинолар мен ойын автоматтарының жұмыстары тоқтатылған болатын. Осы заң бойынша елде ойын бизнесін тек екі жерде, яғни Қапшағай мен Щучинскте ұйымдастыруға ғана рұқсат етілді. Содан бері 12 жыл уақыт өтті. Бірақ ойынханалар әлі жұмыс істеп тұр. Тіпті «букмекерге» ақша тігіп, оңай қаржыға қалталы болғысы келетіндер көбейіп кеткен. Бұны көзіміз көріп те жүр. Неге? Сұраққа жауап іздеп көрелік.
Жалпы елде ойын бизнесі өткен ға­сыр­дың тоқсаныншы жылдарының басында пайда болған. Бірден «қалтам­ды ұтыс ақшаға толтырсам» деген құмарлықпен ойынға бастары байлаған­дарды «Лудомания» дертімен ауырады» деп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы дабыл қақты. Бұл ойындардың психи­калық ауытқуға әкеп соқтыратынын мәлімдеп, оны аса қауіпті сырқат қата­рына жатқызды. Осы ретте өз басымнан өткенді мысалға келтірейін.
Әлеуметтік желідегі парақшама бө­тен бір кісі жазды. Оның сөзінше мен оған 12 мың теңге көлемінде ақша салсам, бір тәулік ішінде 1 миллион теңге қаражат ұтып алады екенмін. Алғашында қызыққаным рас. Бірақ мұншама ақ­шаның ешқандай бейнетсіз келетіні күдік ұялатты. Елді алдап қалтасын толтырып жүрген алаяқ екеніне көзім жетіп, сұрақтың астына алдым. Ол маған сурет­терін жіберді. Алдауына түскенім жоқ. Жақында тағы бір кісі хат қалдырыпты. Дәл сол адамның құжаттары мен суреттері. Осыдан-ақ елді алдап-арбап, оңай «олжа» етіп жүргеніне көзім жетті.
Қазір барлық жерде құмар ойынға шақырып тұрған жарнамалар көп. Аттап бассаң дүкен сөрелері немесе қоғамдық орындарда ұтыс ұтуға «шақырушы­лар­дан» көз сүрінеді. Ашық жарнамалаған соң көпшілік те құмарға құнығып бара жатқандай. Еңбектеніп нан жегенше, оңай олжаны місе тұтатындай. Соның бір айға­ғы, бүгінде желіккен жастар бәс тігуді әдетке айналдырған. Спортшылардың ба­­бы мен бағын күні бұрын болжап, сол арқылы құмарға құнығып кеткен.
Адам көп шоғырланған қалалардан бө­лек қазір елді мекендер де құмар ойынның ошағына айналған. Ауылда жұмыссыз жүргендер ел қалың ұйқыға бататын уақытта жиналып, карта ойнайды. Бұл да құмар ойынның құрамдас бөлігі. Бұған құныққандар ақшасын, көлігін, тіпті қорасындағы малын осы ойынға тігіп жіберетіндері бар көрінеді. Бара-бара үй жайын да ұтысқа тігіп, далада қалмасына кім кепіл?! Сондықтан мұндайға жол бермеу қажет.
Жалпы статистикаға сүйенсек, еліміз бойынша құмар ойынның шырмауына 350 мыңдай адам ілігіп отыр. Ақша тігіп ұтылып, соны қайтару мақсатында соңғы 4 жылда 200-ден аса қылмыс жасалған. Оған қарақшылық шабуыл мен тонауды қосыңыз. Сол себепті құмар ойындар ошағы түбегейлі жойылса, елде қылмыс пен ұры-қарлық, ажырасу секілді бірнеше мәселенің саны азайып, тыныштық орнайтын еді. Мұнымен қоғам юолып күресу қажет.

Майя ҚОЖАБАЙ

23 қараша 2019 ж. 580 0