Неге Қазақстанда букмекерлік орталықтар көп?
Құмар ойынның құрбандары
Букмекерлік орталық – құмар ойындарының ортасы. Әр елде кездесетін бұл орталықтардың мақсаты тек пайда табу. Букмекер орталығын банкрот қылып мәз болған адамды көрсек көзіміз шықсын. Себебі, бұл жүйені ойлап тапқан қоғам ұтылуды білмейді.Бәс тігемін деп басындағы бағынан да, ақшасы түгілі отбасынан және өзінің өмірінен де айырылғандар бар. Қарызға алған ақша, бәске тіккен үй, отбасымен болған жан-жал бәрі осы жеңіл ақшаны көксеген көкейдің жетегі.
Букмекерлік орталықтарға бір жақты қарауға да болмайды. Себебі, аталған құмар ойын орталықтары да кез келген жерде жиі ашыла бермейді. Кіріс жоқ жерге кім келсін.
Қарапайым зерттеу жүргізейік.
Алматы қаласының өзінде 100-ден астам тіпті одан көп букмекерлік орталықтар, кеңселер, филиалдар бар. Бәрі жұмыс жасап тұр. Аптасына 24 сағат тынымсыз жұмыс жасайтын орталық есігін ашатындардың да саны аз емес.
Алматы қаласында 1 жарым миллион халық бар деп есептесек, сонша букмекерлік орталықтың не керегі бар? Бұл мәселеге басқа жағынан келіп көрсек.
Испания – әлемдегі футбол клубтарының үздігін жинаған мемлекет. Сондың ішінде өздеріңізге белгілі бір Мадрид қаласын ғана алсақ. Бұл қалада 3 миллионан астам халық тұрады. Бұл елде футбол дамыған, тіпті жанкүйер ретінде өздерін көрсету үшін букмекерлік кеңселер де жиі әрі көп ашылуы керек. Алайда, Мадрид қаласында ресми тіркелген букмекерлік орталықтардың саны 50-ге жетпейді.
Салыстырмалы түрде қараңыз: 1 миллионнан астам халқы бар Алматы қаласында 100-ден астам букмекерлік орталық бар, Мадрид қаласында 50- ге жетпейді, тіпті халық саны 3 миллионнан асып кетсе де. Одан бөлек Қазақстан мен Испанияның, «Қайрат» клубы мен «Реал Мадрид» клубының ойынын салыстыра аласыз ба?
Шындыққа тікесінен қарайық, букмекерлік кеңеселер негізінен дамыған, экономикасы тұрақты елдерде емес, керісінше ІІІ санаттағы, енді дамып келе жатқан, халық жағдайы төмен деңгейде тұратын елдерде көптеп ашылады.
Қазір елімізде букмекерлік орталықтарға арнайы барып ақша табатын, күнкөрісін соған байлап қойған азаматтар да бар. Жоғарыда айтып өткен құндылықтардан айрылып қалғандарын айтпаған кезде, жұмыссыз, қалтасына түскен, қарызға алған ақшасын жеңіл құмар ойынға апарып салуға дайын. Іштегі үміт қана жеңсем дейді, ал букмекерлік орталық оған көне қоймайды.
Одан бөлек букмекерлік орталықтардың жабылуына мемлекет болып күреспеуінде бір себеп бар. Олар негізігі салықты төлеп отырғандықтан және ақша айналыма салып отырғаннан кейін, мемлекеттің бүйрегі бүлк етпейді. Егер шынымен де жанашыр болсақ, неге бұл орталықтардың жұмысын тоқтатып тастамасқа?!
Жеңіл ақша уақытша желпіндіріп қоймаса, ол ешқашан жеңіс әкелмейді.
Ай сайын алатын жалақысының тең жартысын құмар ойынға салып, отбасынан айрылып жатқан қоғамға мемлекет неге үнсіз қарайды? Шындығында, көзбен көріп, қолмен ұстап отырған қоғамдық әрі әлеуметтік жағдай.
Дамыған елдерде халық букмекерлік орталыққа ақшасы жетпегеннен емес, өз командасына жанкүйер болу үшін бәс тігеді, одан қала берді ләззат алады. Себебі, олардың айлық жалақысы өміріне де, демалуына да жеткілікті. Ал бізде ше? Бізде ары тартса асына, бері тартса берешегіне жетпей жатқан ақшаны көтеріп апарып құмар ойынға салу ақылға қонымды ма?
Қазаққа өз мемлекетінің жаны ашымаса, басқалардың жаны ашымайды. Басқаларға керегі ақша ғана. Оның өзінде букмекерлік орталықтардан қандай жанашырлық күтесіз?! Мәселеге төбесінен ғана емес, жан-жағынан да қарау керек.
Ойланыңыз: тапқан 5-10 тиыныңызға балаңғызға киетін киім аласыз ба әлде букмекерлік орталыққа апарып бересіз бе? Тіпті жеңіп шықтым деген күннің өзінде, ұтыстан келген, бәстен келген ақшаға өз ұрпағыңызға тамақ алып беру қаншылықты адал іс.