Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмар ойынның құрсауына түскен

Құмар ойынның құрсауына түскен

Дүниежүзінде құмар ойынның жетегінде кеткен сан мыңдаған адам бар. Алғашқыда қызығушылықтан басталып, кейін ойынға деген тә­уелділік пайда болады. бүгінде ІХ ғасырда Қытайда пайда болған карта ойынынан бөлек, адам санасын улайтын сан түрлі пайдасыз дүние жарыққа шығуда. Осыған еліткен адамдар құмар ойындарға беріліп, салдары қиын жағдайға тап қылуда. Адам өмірін құрдымға кетіретін құмар ойынның салдарын ұзақ жылдар бойы жою мүмкін емес. Бүгін қоғамда белең алған құмар ойын жөнінде тарқатып айтпақпыз.

КАРТА ОЙЫНЫ АЗДЫРАР

Әсілінде, «Құмар ойынға құнықпа» деген сөздің астарына үңілетін адам аз. Сан жылдар бойы пайдасыз дүниенің құрсауына түскен адам қаншама?! Негізінен, карта ойының азарт ретінде Франция халқы ойнай бастаған. Ежелде бай-шонжарлар картаны арнайы ағаштан, бағалы қағаздан жасатып ойнайтын болған. Кейіннен, ерекше форматтағы сурет салуға рұқсат етілген. Әрбір елдің өз дәстүріне сай, сурет бейнеленген. Кейбір елде азартқа салған бұл ойынды жамандыққа апаратын жын іспетті көрген. Күні бүгінге дейін көпшілік карта ойнауға үйір. Онда белгілі бір мөлшерде ақша тігу арқылы құмарлыққа берілу синдромы басым болады.

Бүгінде «лудомания» термині әлемде кеңінен тарала бастады. Бұл дегеніміз – тәуелділіктен туындайтын аурудың бір түрі. Статистикаға көз жүгіртсек, республика ау­мағында 350 мың адам құмар ойынның құрсауында жүр. Негізінен, әрбір ойыншы­ның орташа қарызы 10 миллион теңгеден асады екен. Сонымен бірге отау құрған 10 жұптың 7-еуі азарт ойынның салдарынан некесін бұзады. Әлемдік тәжірибеде сан түрлі ойынға тәуелді жандар нашақор мен маскүнем секілді эмоцио­­налды кісі қатарына жатқызылады. Алғашқыда құмар ойынға адамның келудегі мақсаты – көңіл көтеру, уақыт өткізу болса, кейіннен құнығу процесі жүзеге асатыны жасырын емес. Қазіргі уақытта карта ойынына берілген адамның ойында: «Қайтсемде бүгін ұтамын» деген қысаң қағида тұрады. Жеңілген ақшасын қайтару үшін одан сайын шығынға бататыны тағы бар. Үйін, дүние-мүлкін саудаға салған ойынқұмар үздіксіз казиноның есігін тоздыратыны анық.

– Қоғам өмірінде құмар ойынға салынып кеткен қаракөздерімізді көріп жүрміз. Талай адамның отбасын ойран қылған карта ойыны жастардың санасын улауда. Бірнеше күн картаны тұрмастан ойнайтын арамызда ойынпаз жандар жеткілікті. Қолындағы барынан айырылған олар харам дүниеге әуес. Ата-анасының айтқанына көнбеген өз бауырымыз жақсы жолмен жүруді қаламайды. Құмар ойынға шариғатта тыйым салынған. Соған қарамастан көпшілік харам істі жанына серік етеді. Ақырында өз әрекетінен жақсылық көрмеген кісіде өкініш пайда болатыны хақ. Отбасылық жанжал құмар ойынның кесірінен туындайды. Үйдің берекесін қашырған азарт дүниеден арылу оңай емес. Жас кезінен құмар ойынға бейімделген азаматтың дұрыс жолға түсіру оңай емес. Құмар ойыннан аулақ болу керек, – дейді аудандық орталық мешіттің бас имамы Асхат Асқаров.

Елімізде қаншама заңсыз казинолар жабылғанымен, карта ойнаушы азамат қа­тары азаяр емес. Казинодан бөлек, арнайы шағын үйлерден ашылған карта ойнайтын орындар жеткілікт. Күн мен түннің қалай өткенін білмейтін азарт ойыншылар ақырында өзара жанжалдасатыны тағы бар. Соның салдарынан қызбалыққа, төбелеске бейім азамат қатары да бүгінгі қоғамда көбейген.

«ОҢАЙ АҚША ТАБАМЫН» ДЕП ОЙЛАЙДЫ

Соңғы жылдары букмекерлік кеңсенің қызметіне жүгінетін жандар бәс тігуден шаршаған емес. Жүздеген спорт түрінің жеңісіне бәс тігетін олар оңай ақша табуды ойлайды. Букмекерлік кеңсе арқылы ойынға бәс тігу көршілес Ресей мелекетінде жақсы дамыған. Біздің елімізде «Олимпбет», «1ХВЕТ», «PariMatch», «ProfitВеt» секілді букмекерлік кеңселер жұртшылық арасында танымал. Онлайн жүйе арқылы спорт ойынына бәс тігетін көпшілік едәуір қаражатын жоғалтқан. Құмар ойынның біріне айналған бәс тігу бәсекесін жарнамалауға тыйым болмай тұрғаны өкінішті. Казино, түрлі автомат ойындарын қала шетіне көшіргенімен, букмекерлік кеңсе жұмысын жандадыра бастады. Онда әрбір ойынның дәл есебін табу арқылы мол қаражатқа қол жеткізудің жолы қарастырылған. Күні бүгінге дейін танымал ойындарға бәс тігуде қателеспеу үшін арнайы болжам жасайтын жандар да көбейген. Әлеуметтік желіде «10 мың теңгені бәске тігу арқылы 180-200 мың теңге көлемінде ұтыс шығарып береміз» деген жарнама жиі кездеседі.

– Ғаламтор желісінің қолжетімділігінің арқасында ойынға онлайн бәс тігу оңай. Кез келген адам ұялы телефон арқылы қалаған ойынына болжам жасай алады. Алғашқыда ұсақ ақшаны көбейтуге әуестенген олар кейіннен қомақты қаржы сала бастайды. Бірде ұтып, бірде ұтылған бәс тігуші өзінің әрекетін бағдарлай алмайды. Күні-түні көп ақша ұтуды ойлайтын оның психологиясы бұзылады. Бірнеше ойынға болжам жасап, ақша ұтқан адамда қанағат болмайды. Пайдалы іспен айналысудың орнына бар уақытын оңай жолмен ақша табуға арнайды. Букмекерлік кеңсенің жылдам ойыны да бар. Белгіленген қаржы көлемін арттыруға арналған бұл жүйенің зиян­­­­дылығы көп. Қазақта «Тәрбие – тал бесіктен» деген тағылымды сөз бар. Отбасында ата-анасы балаға жақсы тәрбие беру тиіс. Кеш болмай тұрғанда әрбір баланың іс-әрекетін бақылаған жөн. Мейлі, ұялы телефонның пайдасы көп болғанымен, бала психология­сына тигізер кері әсерін ескерген жөн. , – дейді белсенді жас Бақтөре Айтбаев.

«САРЫ ЖӘШІККЕ» ИЛАНДЫ, КОМПЬЮТЕРГЕ БАЙЛАНДЫ

Қанша уақыт өтсе де, автомат ойынынан зардап шеккен адам азаяр емес. Негізінен, «сары жәшікке» иланған жас пен ересекке қашан тоқтам болатыны белгісіз. Бір жылдары сауда орындарындағы кішкентай экранға телмірген құ­мар ойыншының қалтасы сән мәрте қағылғаны мәлім. Арнайы заң шеңберінде ойын автоматы мен казино қазіргі Қонаев қаласында және Ақмола облысының Щучье ауданында орналастыру көзделген. Соған қарамастан онлайн ойынға қарық болған көпшілік айылын жияр емес.

Бүгінде арнайы автоматтармен қатар, компьютерлік, арнайы бағдарламалық ойындар баланың қызығушылығын арттыруда. Жеке кәсіп ретінде ашқан ойындар желісі мектеп жасындағы баланы еріксіз өзіне тартады. Күні-түні ойынға берілген жастардың тәрбиесі алаңдататыны сөзсіз. Кейбір жағдайда ойын аппаратын жалға беру кеңінен үрдіске айналған. Сан түрлі ойынға әуестенген жас­тар тәулік бойы тапжылмастан ойын ойнауға құмар. Енжарлыққа бой алдырған баланың өзі компьютерлік ойынға тәуелді екенін мойындайды. Расында, мұндай дүниеге әуес жеткіншек құқық бұзушылыққа баруға машықтанған. Бұзақылық жасауға да әуес. Ата-анасының тәрбиесіне көнбеген олармен арнайы психолог маман жұмыс жасайтыны мәлім.

– Мектеп қабырғасында әрбір оқушыға ұстаздар қауымы құмар ойын­ға әуестенбеу керектігін жиі айтады. Осы күні жасөспірімдер арасында «PlayStation» атауымен жарыққа шығатын ойындар танымал. Арнайы «Play­Station» орталығы ашылып, оларды қызықтыруда. Ұл-қыз тәрбиелеп отырған ата-ана баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырса игі. Жат әдетке бейім балалар қылмыс, ұрлық жасауға, төбелесуге дайын екені алаңдатады. Әрине, «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» дейді халық даналығы. Ата-ана үшін тәрбие басты орында тұруы тиіс. Небір сұмдықты көзімен көрген олар пси­хологиялық тұрғыдан іс-әрекетіне жауап бере алмайды, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Ерлан Әбілдаев.

Иә, ешкім ойынқұмар болып тумайды, ойынқұмар болып өсетіні анық. Бүгінде рухани мешел қоғамда спортпен айналысатын емес, бәс тігетін адам көп. Да­йын ақшаға кенелгісі келетін кісі ақырында опық жейтінін түсінсе дейміз. Карта ойнау, бәс тігу, автомат ойынына әуестену абырой әпермейтіндігін қайталап айтамыз. Зиянды ойын зардабынан талай адам темір торға тоғытылса, мың­даған бала толық емес отбасыда тәрбиеленуде. Ақ жаулықты ананың, көпті көрген әкенің, аяулы жардың, бауыр еті баланың көз жасына қалу еш уақытта жақсылыққа апармайды.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ



19 шілде 2022 ж. 529 0