Жемқорлықсыз жұмысқа орналастым
Сыбайлас жемқорлық – қазіргі қоғамның аса бір көкейкесті мәселелерінің бірі. Қазіргі қоғам деймін-ау, бұл бұрыннан ел экономикасының күретамырына балта шауып келе жатқан күрделі дерт. Сыбайластық ұғымын пара алумен шектей алмаймыз. Қызметін асыра пайдалану, қажетті тұлғалармен ауыз жаласып, мемлекет мүлкіне залал келтіру – заңға қайшы іс-әрекеттер болып табылады. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейді дана халқымыз. Сыбайлас жемқорлық – елді дамытпайтын, қоғамды өсірмейтін дерт.
Сыбайлас жемқорлықтың жиі көрініс беретін тұсы жұмысқа орналасу кезінде болып жатады. «Қарапайым еден жуушы болып жұмысқа тұру үшін пәленбай теңге сұрапты» деп жатады біреулер. Алайда, менің оқиғам басқаша.
2013 жыл. Шалғайдағы Қарағанды қаласындағы техникалық колледжді енді тәмамдаған кезім. Қолда қызыл диплом. Шет аймақта қалуға құлық жоқ, небәрі жиырмаға толмаған жас болғандықтан туған жерге деген сағыныш та ауылға қарай аңсарды аудырды да тұрды. Содан не керек, үш жылдық еңбектің қорытындысы – «маман» деген таңбасы бар бір жапырақ қағазды ұстап, алып-ұшып ауылға тарттым. Оқуды жаңа бітірген жастарға мемлекет тарапынан қолдау ретінде қоғамдық жұмыс, «Жастар тәжірибесі» сияқты бағдарламалар бар. Бұл өз кезегінде тәжірибесіз маманның алғашқы еңбек жолын бастауына таптырмас мүмкіндік.
Осыларды ескере отырып, әкем аудандық жұмыспен қамту бөліміне апарып, құжаттарымды тапсыртқызды. Мұнда ауданның әртүрлі мекемелері тарапынан сұраныстар келіп түседі екен. Сөйтіп ә дегеннен жолым болып, сол жылдың тамыз айында Сырдария аудандық ішкі саясат бөліміне қоғамдық жұмысқа қабылдандым. Ең алғашқы еңбек тәжірибем осылай басталды. Қоғамдық жұмыс мерзімі аяқталған соң 2014 жылдың наурыз айында «Жастар тәжірибесімен» алты ай мерзімге осы бөлімге қайта қабылдандым. Әне-міне дегенше аталған мерзім аяқталуға жақын қалды. Соңғы үш күні қалды. «Тәжірибе мерзімі біткен соң не істеймін, жұмыс қалай табамын» деп ойланып жүрдім. Бір күні жұмысқа кірісіп кеткенім сол, жұмыс уақыты аяқталып, сағат 19.00-ден асқанын да байқамаппын. Бір кезде бөлім басшысы Алимаш Залқызы келіп «Ұлбосын, экономика бөліміне барып келші. Апайыңа барсаң, өзі біледі» деді. Ол кезде аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы – Мағрипа Байділдақызы. Түкке түсінбеген мен бір ғимаратта орналасқан көрші бөлімге, апайдың кабинетіне бардым. Жоғарыда айтқанымдай, жұмыс уақыты аяқталса да, апай әлі жұмыс орнында отыр екен. Ол кісіні сыртынан танығаныммен жақын араласып көрмегем.
Содан не керек, Мағрипа апай «Сен туралы сұрастырдым, маған жас мамандар керек, біздің бөлімде бос орын бар. Соған жұмыс жасауға сені шақырамын. Маған ешнәрсенің керегі жоқ, тек бөлім жұмысын алға жылжытуға, өзіңе жүктелген міндеттеріңді атқарсаң, былайынша айтқанда жұмысыңды дұрыс жасасаң болды. Үй ішіңмен ақылдасып, жұмыс жасаймын десең хабарын айт» деді. «Мұндай қуанышты жаңалықты ата-анам қолдары анық, мұндай мүмкіндіктен қалай бас тартуға болады» деген ойлармен іздеген жұмысымның өзі мені тапқанына төбем көкке жетердей қуанып, үйіме қалай жеткенімді аңдамай да қалыппын. Міне, сөйтіп, ешқандай таныссыз, парасыз жұмысқа орналастым.
Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде әдіскер қызметін атқарып жүргенде Мағрипа Байділдақызы да, одан кейінгі бөлім басшысы Ғалымжан Акбаров ағай да қызметкерлерге «Сендер жассыңдар, мемлекеттік қызметке арналған тесттен өтіп қойыңдар, барлық саланы көріңдер» деп жиі айтатын. Алдыңғы буын ағай-апайлардың бағыттауымен арнайы тест тапсыруға өзімше дайындалып та жүрдім. Жұмыс барысында тәжірибелі мамандармен көп ақылдасып, олардың еңбек жолынан үлгі алуға тырыстым. Адал еңбекпен орналасқан жұмысымды абыроймен атқару, ата-ананың үмітін ақтау жағы да санада әркез сайрап тұрды.
2020 жылы зейнеткерлік жасқа толуына орай бөлімнің бас маманы лауазымы босады. Әлі де жас болғаныммен, аталған салада біршама жыл тәжірибем барын ескеріп, бас маман лауазымына бос орынға конкурсқа түсіп көруге бел будым. «Тәуекел түбі жел қайық» демей ме, көз қорыққанмен, қол батырлық танытып, іске кірістім. Мемлекеттік қызметкерге арналған тестті сәтті тапсырып келдім. Тиісті құжаттарды жинап, бос жұмыс орны конкурсына қатыстым. Шынымды айтсам, лауазымды қызметке ауысу үшін ақша ұсыну дегендей ой мүлде ойыма да келмепті. Кішкентайымыздан әке-анамыздың «біреудің ала жібін аттама, ақ жүріп, адал бол» деп тәрбиелегенінен болар. Расында да, ниет түзу болса, жолды Жаратқан өзі-ақ айқара ашып береді. Қазір ойлап отырсам, өмірімде осы «теорияға» анық көз жеткізетін оқиғалар кездесіпті. Содан өзім арман етіп, адал әрекетпен 2020 жылы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жас маманы қызметінен бас маманы қызметіне тағы да ешқандай таныссыз және парасыз қызмет ауыстырдым. Міне, содан бері аталған қызметті абыроймен атқарып, аудан экономикасының гүлденуіне өзіндік үлесімді қосып келемін. Әрине, қай қызметтің болмасын қызығы да, қиындығы да бар. Ең бастысы – адал нан жеп, халыққа пайдалы іс қылу. Жаңа Қазақстанымыз да осындай озық әрі жаңаша көзқарастағы жастармен бірге өседі деп ойлаймын.
Айтайын дегенім, менің өмірімде жұмысқа орналасу үшін пара ұсыну, ақша талап ету оқиғасы орын алмады. Жалпы, бізде «Ақшасыз, таныссыз ештеңе шешілмейді» деген ой қалыптасып қалған. Солай болған күннің өзінде, әркім адалдықты өзінен бастаса, қоғам дертін түбегейлі жойып жібермесек те, азайтармыз, бәлкім. Өзіңіз бастап жаңа қоғамға бет алсаңыз, өзіңіздің ойыңыз өзгереді, өзгенің ойын өзгертесіз және жемқорлықсыз қоғамда, Әділетті Қазақстанда өмір сүресіз!
Ұлбосын МҰХАМБЕТҚАЛИҚЫЗЫ,
аудандық экономика және
қаржы бөлімінің бас маманы