Қоғам болып күресуіміз керек
Сыбайлас жемқорлық мемлекетіміздің беделіне, демократиясына, ұлттық қауіпсіздігіне, экономикалық дамуына, адам құқықтарының сақталуына үлкен қауіп төндіреді. Қазақстан қоғамдық күрделі мәселелердің бірі болып келетін жемқорлықтың алдын алып, күресу жолында бірқатар шараларды өткерді. Өйткені, мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру үшін де жемқорлықпен күресудің маңызы зор.
Сыбайлас жемқорлық дегеніміз – ол адам факторына байланысты, оның рухани және адамгершілік қасиеттерінің таяздығынан, қоғам мүддесінен гөрі өз мүддесін көбірек бір құлқынның қамын ойлайтын озбырлық ниеттерін жүзеге асырудан туындайтын қауіпті қылмыстың бір түрі. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Қоғам дертіне қарсы күреспен тікелей айналысатын арнайы органдар бар. Бірақ бұл тек қана осы органдардың қызметі деп түсінсек, қателескеніміз болар еді. Себебі, бұл дертпен қоғам болып күреспесек, толық айығу мүмкін емес. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте көмектескен адам мемлекеттің қорғауында болады. Қажет болған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органдар ол адамның жеке бас қауіпсіздігін қастамасыз етеді. Жәрдем беруші адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып есептеледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, одан бір нақты нәтиже шығармай, алға қойған мақсатқа толық жете алмаймыз. Жемқорлықпен күрес – науқандық шара емес. Ол тек құзырлы мекемелердің ғана міндетіне жатпайды. Онымен әрбір ұжым, бүкіл халық болып күресуіміз қажет.
Ердаулет УТЕБАЕВ,
Жетікөл ауылдық округі әкімі
аппаратының бас маманы
Жетікөл ауылдық округі әкімі
аппаратының бас маманы