Аудан шежіресінің тарихи кезеңі
Туған жер тарихы – төл перзенті үшін баға жетпес қазына. Әсіресе топырағы мен тасы, сай-саласы, суы мен ауасы әрбір перзентін бауырына жердің қай шаһарында жүрсе де өзіне тартып тұруымен киелі. Талай адамды дүниеге әкелген қасиетті мекен Сырдария ауданының атауының өзі Ұлы дариямен аттас болуы ел-халықтың бірлігі мен татулығын асқақтата түседі.
Сонау өткен ғасырдың 1928 жылынан басталатын аудан тарихы 90 жылдық белесін 2018 жылы атап өтті. Биыл Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл болса, ауданның құрылғанына – 95 жыл. Осынау жылдар аралығында ұлан-ғайыр даласында ынтымағы мен бірлігі жарасқан халықтың тұрмыс-тіршілігі жыл өткен сайын жақсарып келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы өркендеп, тамыры тереңге кеткен рухани-мәдени, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, жеткен жетістіктері ұшан-теңіз.
Қасиетті Сыр елінің бас шаһары Қызылорданың іргесінде жатқан, облыс аумағындағы ұлы өзеннің бойында орналасқан Сырдария ауданында есімі әлемге танымал тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері дүниеге келген. Еңбек майданында ақ күштің арқасында Жер-ананы мәпелеп, дәннен тау тұрғызған еңбек ерлері мен қан майданда жан алысып, жан беріскен батырлары мен тарихи тұлғалары мәңгі жадымызда жаңғырып тұрады. Құнды жәдігерлер, қойнауында сыр шерткен шежірелі туындылар – баға жетпес құндылықтарымыз. Көне замандағы ескі қалалардың орны, Қызылқұмның қасиетін арттырған Мүлкілан мен Сырлытам кесенелері, Қосасар мен Жетімасар, Қалжан ахун мешіті т.б. аудан көлеміндегі мәдени мұралар.
Сатира сардары, ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовті, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановты, Әбіраш Жәмішовті, театр саңлағы Сәбира Майқанованы, көптеген ақын-жазушылар Танаш Дәуренбеков, Сейфолла Оспан, Қайырбек Асанов секілді таланттардың кіндік қаны тамған, туған жері атанған Сырдарияны шын мәнінде «таланттардың өлкесі» деп бүгінде ауданның бас ақыны Мұхтар Сақтапов бекер жырламаған.
Енді аудан тарихы қалай бастау алған деген сауалға жауап іздеп көрсек, бұрын Тереңөзек ауданы кейін Сырдария болып өзгерген ауданның құрылуы колхоздастырудан басталады. Коммунистік партияның кезекті съезінде ауылдардағы ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі талқыланады. Съезде елдегі ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға көшіру туралы шешім қабылданады. 1927 жылдың желтоқсанында өткен съездегі қабылданған құжат бойынша облыстың үш елді мекенінде оның ішінде Тереңөзекте машина жобалау пункті құрылады. Ұжымдық шаруашылық негізінде құрылып, егін егумен айналысқан бекет Тереңөзекте орналасады. Партияның белсенділері өткізген жиналыста ұжымдастыруға жаппай көшу, колхоз қажеттілігін байларды тәркілеу арқылы толтыру мәселесі талқыға салынады. Келер жылы, яғни 1928 жылы ерте көктемде Қызылорда қаласымен бірге Шиелі және Қараөзек станцияларында 3 бірдей машина-трактор бекеті құрылады. Міне, сондықтан осы жылы облыста алғаш рет ұжымдық шаруашылықтар құрылды деп айтуға толық негіз бар. Кейінгі жылы елде жаппай ұжымдастыру жүргізіліп, жаңадан әкімшілік аумақтар енгізіледі. Осы уақытқа дейін болған болыстық, уезд пен ауылдар енді округ пен аудан болып құрылымдала бастайды. Қызылорда уезді енді Қызылорда округі ретінде, оған сегіз аудан – Арал, Қазалы, Қармақшы, Қараөзек, Қарсақбай, Шиелі, Қызылорда мен Аламесек кірді. Қараөзек болған аудан Тереңөзек болып өзгеріп, елді мекендер ірілендіріледі.
Еліміздің тарихындағы тағы бір күрделі кезеңді өткерген халқымыз 1930 жылдағы реформаны басынан өткізеді. Осы жылы елдегі барлық округтер таратылады. Жаңадан құрылған Оңтүстік Қазақстан облысына 19 аудан кірсе, оның 6-ы Қызылорда округіне қарасты аудандар еді. 1934 жылы Тереңөзек ауданы таратылып, оның жері Қармақшы және Қызылорда аудандарына бөлініп берілді. Қызылорда облысының қайта құрылуы 1938 жылға сәйкес келеді. Қайтадан облыс болып құрылған Қызылорданың құрамына Арал, Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған, Сырдария аудандары кіреді. Сәйкесінше облыс орталығы болып Қызылорда қаласы аталады.
Сонымен біздің аудан үшін тағы бір тарихи дата ретінде 15 қаңтар 1938 жыл. Бұл Тереңөзек ауданының қайта құрылған датасы. Аудан құрамына 18 ауылдық кеңес кірді. Атап айтқанда Тереңөзек, Қызылөзек, Көкжиде, Бесөзек, Жаңа ауыл, Жәдігер, Ақжарма, Шіркейлі, Қызыл Ту, Далакөл, Аламесек, Бірінші Май, Калинин, Ақбойдақ, Құндызды, Еңбекші, Шолақарық, Мәдениет ауылы.
1963 жылы Қызылорда облысы Оңтүстік Қазақстан аймағы құрамында болғандықтан, Арал, Жалағаш, Тереңөзек, Жаңақорған аудандары қайта тарайды. Сондықтан Тереңөзек ауданының ауылдары Сырдария мен Қармақшы аудандарына екіге бөлініп беріледі. Ал Оңтүстік Қазақстан аймағы таратылғаннан соң Тереңөзек ауданы тағыдан қайта құрылады. Ауданның құрамына Тереңөзек, Шіркейлі, Құндызды, Қызыл Ту, Қызылөзек, Бесөзек ауылдық кеңестері беріледі.
Республика Президентінің 1997 жылы қабылданған Жарлығымен Тереңөзек ауданы осы жылдан бастап Сырдария ауданы болып қайта аталады. Ауданға Аманкелді, Айдарлы, Бесарық, Жетікөл, Қоғалыкөл ауылдары қосылады.
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары еліміз үшін қиындығы мол жыл болды. Әлем енді ғана тани бастаған еліміздің шежіресі жаңаша жазыла бастады. Жаңа мемлекеттің қалыптасуы, әкімшілік-аумақтық құрылымдардың өзгеруі жаңа серпінмен жүргізіле бастады. Сыр елінің басшылығына 1992 жылдың ақпан айында Ел Президентінің Жарлығымен Сейілбек Шаухаманов тағайындалды. Ал ауданның тізгінін Алмагүл Божанова алып, Тереңөзек ауданының әкімі ретінде қызметке кірісті. Бұл аса күрделі кезең жайында мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанова өз естелігінде:
– Өздеріңіз білетіндей, Тереңөзек ауданын 1992-1999 жылдары басқардым. Бұл уақыт саяси, экономикалық, әлеуметтік бағыттағы түбегейлі реформаларды жүзеге асыру кезеңі болды. Ауданның барлық саласында реформаларды батыл енгізе отырып, шаруашылықтардың, ауыспалы егіс танаптарының бөлшектенбеуіне күш салдық. Өтпелі кезеңдегі аудан тұрғындарының әлеуметтік қорғалуы, орта және шағын бизнестің дамуы, нарықтық қатынастардағы заң талаптарының сақталуы басты назарымызда болды. Өңірге аян өмірбаяным, атқарған қызметім жөнінде аудан жұртшылығы жақсы біледі деп ойлаймын. 1992 жыл жөнінде айтар болсам, ауылдарды араладық, жиналыстар өткіздік, жоспарларды нақтыладық және сол жоспарларды орындау үшін көптеген тағайындаулар жасадық. Өндірістік қатынастар өзгеріп, қалыптасқан байланыстар үзілді. Ең қиыны қызметкерлер мен жұмысшылар айлық ала алмай, жәрдемақы мен жалақы тоқтап, дүкен сөрелерінде халыққа қажетті азық-түліктер түгесілді. Біздің алдымызда аудан тұрғындарын осындай күрделі жағдайдан аман алып шығу міндеті тұрды. Ол кезде біз демалыс дегенді ұмыттық, күніміз түнге, түніміз күнге ауысып кетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары адам айтса сенгісіз қиындықтар болды. Бірақ, көп ұзамай ел еңсесі тіктелді, аудандардың әлеуеті артты, халық жағдайы жақсарды, – дейді.
Еңсесі жыл сайын көтеріліп, аграрлы аудан атанған Сырдария диқаншылары 1995 жылы 12 мың гектар жерге күріш екті. Қамбаға құйылған астық 33 мың тоннадан асты. Сыр салысынан бөлек бидай егілді. Мал шаруашылығы да дамып, облыс бойынша алдыңғы қатарға шықты. Шаруасы шарықтаған аудандағы серіктестіктерде күріш тазалайтын цех, шағын сүт зауыты, наубайхана, макарон цехы тұрғындарға қызмет етті. Нарық қыспағына төтеп берген ел-халықтың әл-ауқаты түзеле бастады.
Тәуелсіздіктің жетінші жылында бұрынғы Сырдария ауданы болып өзгеріп, аудан құрамында 1 кент пен 14 ауылдық округ болды. Ауданда кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары қарқынды жүргізілді. Осы жылы ауданда 271 шағын және орта кәсіпкерлік нысан тіркелсе, диқаншылар 11 мың гектар жерге күріш екті. Аудандағы оң өзгерістер жергілікті ақпарат айдынына да өзгеріс әкелді. Бұрын «Тереңөзек тынысы» деп аталған аудандық газет атауы «Тіршілік тынысы» болып өзгеріп, басылым осы атаумен бүгінгі күнге дейін оқырмандарымен қауышып келеді.
Осылайша жаңа белестерге қадам басқан аудан тарихы алтын әріптермен қатталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ