ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ
Құрметті сырдариялықтар!
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді өңіріміздің өсіп-өркендеуінде өзіндік орны бар, табиғаты қандай бай болса, тарихы сондай терең Сырдария ауданының құрылғанына 90 жыл толу мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.
Сырдарияның шежірелі тарихы еліміздің, оның ішінде облысымыздың даму кезеңдерімен, айтулы оқиғаларымен үндесе, біте қайнасып, қалыптасып келеді. «Ұлт тарихы өлке тарихынан бастау алады. Бүкіл адамзаттық құндылықты, әлемдік құндылықтар мен ұлттық құндылықтар құрайтын болса, өлке тарихы сол құндылықтардың бастау бұлағы», – деген Елбасы Н.Назарбаевтың ұлағатты сөзі осының дәлелі.
Тарихи оқиғалар әрбір мезетте қаз – қалпында қайталана бермейді. Тарихи оқиғалар әр кезде әр түрлі кеңістікпен уақыт сынынан өтеді. Яғни, ауданның 90 жылдық шежіресіне көз жүгіртіп, өткенінен сабақ алып, болашақтың мақсатын анықтауда мерейтой өткізудің өзіндік маңызы бар.
Бастысы той тойлау емес, ой ойлау екенін естен шығармағанымыз абзал. Өйткені өңірімізді жаңғырту үшін, бүкіл ойлау жүйемізді жаңартуымыз керек.
Бүгінгі «Рухани жаңғыру» аясында, туған жерге тағзым етіп, еліміздің тарихи тәжірибелері мен дәстүрлеріміздің уақыт сынынан өткен озық жақтарын өмір қағидаттарына айналдыра білуіміз қажет. Аудан өміріндегі еңбекті ұйымдастырудың, елге басшылық жасаудың жауапкершілігін жоғары деңгейде атқарған аға буынның өнегелі істерін, жемісті тәлімдерін бүгінде кеңінен пайдалануымыз өмір талабы.
Бұл бағыттағы сырдариялықтардың игілікті көрсеткіштері жеткілікті.
«Қазақстан – 2050» даму стратегиясын жүзеге асыруды қолға алғаннан бергі 5 жылдан астам уақытта, аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 33,2 пайызға артып, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 792,8 млн. теңгеден 16 732 млн. теңгеге жеткізілді.
Ауданның бюджеті соңғы 5 жылда 58 пайызға, оның ішінде өз кірістері 92,4 пайызға артып отыр.
Аудан көлемінде ұйымдастырылған қоғамдық кеңес жұмысының тәжірибесі республика көлеміне тарап, елімізде нәтижелі жұмыс жасауда.
Алдағы уақытта да сырдариялықтар өңіріміздің әлеуметтік – экономикалық дамуы жолындағы міндеттерді абыроймен орындай беретіндігіне сенемін.
Сіздерді ауданның құрылғанына 90 жылдық мерейтойымен тағы да құттықтай отырып, әрдайым табыстың биігінен көріне берулеріңізге тілектестігімді білдіремін.
Игі тілекпен, Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
Қызылорда облысының әкімі
Қызылорда облысының әкімі
Пікір 2