СЫРДАРИЯ – БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ІРГЕЛІ АУДАН
Сыр елі – қазақтың қара шаңырағы. Осынау байтақ, киелі, қазыналы өңірде Сырдария ауданының өзіндік орны бар.
Қазіргі таңда ауданымыздың табысы толағай, жетістігі мол. Барлық салада бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізілуде. Аудан еңбеккерлері Сыр маржанынан рекордтық өнім жинап, облыс бойынша бірнеше рет «Үздік аудан» атанды. Еңселі ғимараттар салынып, елді-мекендер абаттандырылып, тұрғын үй құрылыстары жүргізілді. Мәдениет үйлері, заманауи үлгідегі білім ошақтары мен балабақшалар халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Халықтың әл-ауқаты жақсарып, кәсіпкерлік саласы да дамыды.
Ауданда жастар болашағы да назардан тыс қалған жоқ. Біздің жақсы білім алуымызға да, дайындалуымызға да ерекше көңіл бөлінуде. Ауданымыздың табыс биігінен көрінуі – халықтың ауызбірлігінің арқасында деп білемін.
Құтты мекенімізде елге еңбек сіңірген қайраткерлер, жүрегі «Елім!» деп соққан патриоттар, өнерпаздар дүниеге келген. Олар егемен еліміздің Тәуелсіздігін баянды ету мақсатындағы ұлы істерге өз үлестерін қосып, татулығы тұрақты, бірлігі бекем ауданның дамуына атсалысты.
Биыл ауданымыз өзінің 90 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. Мерейтойға еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп, елдің тыныс–тіршілігімен танысты. Бұл бізге зор мақтаныш, ғанибет!
Мен – мектеп бітіруші жас түлекпін. Алдымызда үлкен сынақ күтіп тұр. Осы сыннан сүрінбей өтіп, алдымдағы белестерді бағындырып, ауданымның мерейін үстем етемін. Бұл менің перзенттік парызым. Лайым, Сырдария ауданының абыройы асқақтап, жыл санап көркейе берсін!
Ақниет Наурызқызы,
№132 Т.Айтбаев атындағы орта
мектебінің 11-сынып оқушысы