СЫРДАРИЯ – БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ІРГЕЛІ АУДАН
ТІРШІЛІК НӘРІ БОЛҒАН ДАРИЯМЕН АТТАС ҰЛЫ ӨЗЕН БОЙЫН ЖАҒАЛАЙ ОРНАЛАСҚАН СЫРДАРИЯ АУДАНЫ – ЕЛІ ЫРЫСТЫ, ЖЕРІ КҮРІШТІ МЕКЕН. БИЫЛҒЫ ЖЫЛЫ 90 ЖЫЛДЫҒЫН ДҮБІРЛЕТІП ӨТКІЗГЕН АУДАННЫҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ. БҰЛ ӨЛКЕДЕН ДАРЫНДЫ АҚЫН, ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР, ҚОЛ БАСТАҒАН БАТЫР ШЫҚҚАН.
Берекелі ауданның соңғы жылдардағы жетістігі зор мақтаныш. Ырысты өлкеге құрметті мейман келсе, таңқалатындай дәрежеге жетті. Ауылдар ажары айшықталып, күннен-күнге көркейе түсуде. Атап айтсам, бірлігі жарасқан ауданда көп ұлт тату-тәтті өмір сүруде. Ынтымақтың артуы үшін облыс бойынша ауданда алғаш болып «Достық» үйі бізде ашылып, бұл жер татулық мекеніне айналды. Елді мекендердегі мектеп, балабақша, мәдениет ошақтары жаңаланды. Бұл жұмыстарда аудан қаржысына салынған әлеуметтік нысанның өзін үлкен жетістік деп білемін. Сонымен бірге, ұлы дарияға «Ғасыр құрылысы» саналған көпір салынып, халық арманы орындалды.
Аудан орталығынан қатарынан 20 үй түсті, кентке кіреберісте көпқабатты тұрғын үй жақында қолданысқа берілді. Көп балалы отбасыларды қолдауға «Әлеуметтік дүкеннің» ауданда алғаш ашылуы да тұрғындарға тиімді болуда. Айта берсем, білім, спорт, мәдениет, басқа да салаларда зор жетістіктер көрініс табуда. Халықтың жағдайы жақсарып, ынтымағы келіскен іргелі ауданда жаңашыл бастамалар мен тындырымды істер көп. Бұл мен үшін үлкен мақтанышпен айтатын серпінді Сырдариям!
Арман ЖҰМАБАЕВ,
№131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектеп оқушысы