Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәйтеректей саялы, алақаны аялы...

Бәйтеректей саялы, алақаны аялы...

Өнегелі өмір иелерінің ор­­­­­­ны қашанда төр. Еткен еңбегімен ауылына қа­­дір­лі болған жан Асқар Тоқ­мағамбетов ауылының ба­­йырғы тұрғыны Аманбек Әлібекұлының жасы бүгінде 84-ке қарады. Тағдыры тағылымды тұлғаның өткен өмірі мен атқарған адал қызметін ке­йінгі ұрпаққа үлгі ету мақса­тында қариямен әңгі­мелескен болатынбыз.

1941 жылдың балаларын әдетте, «соғыс балалары» деп атайды. Ол балалардың көбісі әкеден ерте айырылып, балалық шағы болмады. Ауылдағы қарттар мен әйелдер колхоз жұмысында болса, үйдегі қара құра бірде аш, бірде тоқ болып, өмірдің кермек дәмін татып өсті.

Аманбек ағаның пешенесіне де сұрапыл соғыс басталған жылы дүниеге келу бұйырыпты. Кіндік қаны жерге тамған күннен бастап өз әкесін көрмей өскен бала анасы Ақалтынның тұңғышы, әрі әкеден қалған жалғыз қарасы болды. Себебі соғыстан қайтпаған жарының артында қалған жалғыз перзентін қайран ана кейін тұрмысқа шықпастан некесіне адалдық танытып, жалғыз баласын бағып-қақты, көзінің қарашығындай көрді. «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» деп ұрандатқан кеңес әскерлеріне жіберілген әрбір дәнді теріп, колхоз жұмысынан қалмады. Бауырындағы сәбиін үлкен атасына қалдырып, еңбектен бел жазбай үйдегі қарт ата-енесін қосып аш қалдырмаудың қамын жасады.

– Майлықұм колхозында әкем Әлібек пен анам Ақалтынның шаңырағында 1941 жылы дүниеге келіппін. Анам әкемнен 19 жасында қалды. Қанша бейнет пен қиыншылықты көрген анама үлкен әкем өз рұқсатын берсе де, басқа ерге тұрмысқа шықпай, «жалғызым» деп біздерге қарайлап қартайды қайран анам. Балалық шағымда тәрбиені үлкен әкем Бисен берді. Үлкен әкемнің айтуынша өз әкем ескіше де сауатты болған. Есепшілікті оқыған, кейін колхозда жұмыс істеген. Әкемнің жалғыз інісі Сансызбек те соғыста қаза тапқан. Онжылдықты бірге бітірген, бір партада бірге отырған қоғам қайраткері, жерлесіміз, марқұм Әли Мүсілімов, Әскербек Рақымбеков менің құрдастарым, – деп еске алды ақсақал балалық шағын.

Мектепті бітірген талапты шәкірт өзінің алға қойған мақсаты болғанымен, тұрмыс тауқыметі одан әрі оқуына мұрша бермеген. Үйдегі қарт кісілер мен анасына қолғабыс етіп, күнкөріс қамын жасау үшін еңбекке 16 жасынан араласады. 1951 жылы төрт колхоз бірігіп, елде жұмысшылар қолы жетіспегендіктен, мектеп бітірісімен колхозға келіп, көлікті тізгіндейді.

«Әлі есімде 1958 жылдың 20 сәуір күні ХҮІІІ партсъезд атанған колхозға келіп, осында газиктің руліне отырдым. Жас болсам да техникаға деген қызығушылығымды, қабілетімді көріп, колхоз басшылығы осы жұмысты сеніп тапсырды. Күні-түні колхоздың жұмысын істедік. Әскерге 1962 жылы барып, үш жылдан соң оралдым. Әскерден келген соң екі күннен кейін үйге совхоз директоры Төлеу Қарабөпеев келіп, өзіне шопырлыққа алды» деп сөзін жалғастырған қазыналы қарт Аманбек ақсақал осыдан соң қызу еңбек жолы жалғасқанын айтты.

Сол жылдардағы ауданның бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаевтың совхозға келгендегі сапарында елгезек, әрі шапшаң жігіттің ептілігіне сүйсінеді. Құрылыстың меңгерушісі болып қызмет етіп жүрген жерінен жаңадан құрылып жатқан Соркөлдегі бригада құрылысына жіберуге тапсырма береді. Ауданның бюросында талқыланған тапсырма орындалып, Соркөлге бригадир болып қызметке ауысады. Қара жұмыстың қазанында қайнап, әбден ысылған азамат Қаракөл шаруа қожалығын екі жыл басқарып, кейін совхоз директоры Тұрмахан Арапов совхоздағы сүт фермасына бригадир етеді. Тұрмахан Арапов, Уәлибек Әбдуов, Шәкір Тұманов секілді бас аяғы совхоздың 19 басшылығымен қоян қолтық жұмыс істеп, ақ адал маңдай терінің арқасында ауылды дамытуға, әсіресе егін, мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосқан азамат талай қиын қыстау кезеңнің куәсі болады.

– Еліміздегі өзгерістер өзін өзі асырау деген қағидаға бет бұрған тұста алғашқылардың бірі болып ауылда жеке қожалық құруға талаптандым. Бала шағаммен 2000 жылы «Ақзамбек» шаруа қожалығын құрып, егін ектік, мал бақтық, гектарлап көкөніс бақша дақылдарын ектік. Содан бері заман көшінен қалмай келе жатырмыз. Үлкен балам марқұм Ақзамбектің атымен аталған қожалықты қазір балам Икрамбек жалғастырып келеді. Шүкір, балалардың қолы аузына жетіп, бір-бір шаңырақ иесі атанып, шаруаларын ширатып алды, – дейді ауыл ақсақалы Аманбек Бисенов.

Бүгінде ауыл үлкендері, ел ақсақалдары Сәмет Мәуленов, Дәуіт Сұлтанов, Оразалы Оразбаев, Асылбек Райсов елдің ауызбірлігі мен татулығын сақтауда әрбір бастамаға тілеулес болып отырса, саналы ғұмырын адал еңбекке арнап, 50 жыл еңбек еткен азаматтың құрдастары Пернебек Әлиакбаров, Ерсайын Әжікенов, Мұхтар Асанов ел ағаларының ізгі жолымен жаңалыққа тілеулес болып отырады. Ақ батасын беріп, жастардың өсіп-өнуіне қолынан келгенше аянбай, қамқорлық танытудан шаршамайды.

Өткен өмірі мен атқарған қызметіне шүкірлік етіп, бүгінде тамырын тереңге жайған бәйтерек секілді қарашаңырақта өмірлік қосағы Рәзия Бекішовамен отырған қазыналы қарттардың 6 ұл мен 2 қыздан тараған 60-қа жуық немере мен шөбересі бар. Алтын құрсақты Рәзия ана 19 жасында Аманбек ағаға тұрмысқа шығып, ата мен енені бағып қаққан өнегелі келін, бүгінде ел анасы.

– ХХІ парсъездің қызымын. Осы ауылға келін болып түскенімде енем бар еді. Ол кісінің де енесі болды. Дүниеге қанша бала әкелсем де, бала бағып үйде отырғаным жоқ. Барлығын енем өсірді. Біз жұмыстан қалмай совхозда күріш ектік, сиыр саудық, депутат болған кезім де болды. Марқұм енем өмір бойы қара жұмыстан шаршамаған қайратты кісі еді. «Еңбек Қызыл Ту» орденді, айналасына сыйлы, айтар сөзі орнықты, халықтың қалаулысы болатын. Бауыр еті жалғыз баласын жеткізіп, немерелер сүйгізгенімізге риза болатын. Сондықтан болар, әрдайым қолдау білдірді. 1986 жылы дүниеден өтті, – дейді ақ жаулықты ана Рәзия Бекішова.

«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» дейді халық даналығы. Ел еңсесін көтеруде колхозшы, бригадир, күріш звеносының жетекшісі болған азамат Аманбек Әлібекұлының кеудесінде жарқырап тұрған «Құрмет белгісі» ордені, Сырдария ауданының 90 жылдық медалі, тағы басқа да көптеген марапаттар лайықты еңбектің наградасы.

Келген мейманды жылы жүзімен қарсы алып, ақ дастархан басында салихалы қалпымен әңгімесін айтып, кейінгі ұрпаққа «таза еңбек, таза жүру азаматтың абыройы» деп айтудан жалықпайтын ақсақал жасы сексенді алқымдаса да күндегі әдетінен жаңылмайды. Ол жақсы әдет – күнделікті ұялы телефон арқылы барлық баласының, туған-туыстың жағдайын білу, амандығын тілеу. Қазыналы қарттың тағы бір қалыптасқан жақсы қасиеті мерзімді баспасөзді қалт жібермей оқиды екен. Әсіресе, жергілікті газеттің тұрақты оқырманына айналғанына жарты ғасырға жуық уақыт болғанына тәнті болдық. Ақсақал аудан айнасына жыл сайын жазылып, оның әрбір нөмірін асыға күтетінін де жасырмады. Аудандағы жақсы жаңалықтардың жаршысы болған тіршілік тынысылықтарға да ақ батасын берген қария жұмысымызға сәттілік тіледі.

– Балаларым өзімдікі емес, Құдайдікі, ұрпағымыз шүкір бар, ендігі жерде осылардың жамандығын көрмесек, тірліктері оңынан болса болғаны. Барлығы да аман болсын. Газет тілшілеріне шығармашылық табыс тілеймін, – деп баталы сөзін айтқан ауыл ақсақалына біз де тілеулестігімізді білдірдік.


Бибісара ЖАНӘЛІ
22 тамыз 2023 ж. 629 0