Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағылымды өмір иесі

Тағылымды өмір иесі

Үлкен әулеттің әзиз анасы атанған Күләш Асылбекованың ғұмыры ғибратқа толы. Биыл 80 жасқа толған аяулы ана бейнет пен тауқыметті бастан өткеріп, талай қиындықты еңсерді. Бүгінде қара шаңырақтың ұйытқысы болған ананың өткен өмірі өскелең ұрпаққа өнеге. Халықаралық әйелдер мерекесімен ардақты жанның 80 жас мерейтойы тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда мерейтой иесімен дидарласқан едік.
Күләш Асылбекқызының соғыс жылдарына тап келген балалық шағы әкесіз өтеді. Әкесі Асылбек соғыстан оралмағаннан кейін әжесі Айша немересін өз тәрбиесіне алған. Алғаш ауданға қарасты №9 бекетте 4 сыныпқа дейін оқыса, кейіннен Тереңөзектегі орта мектепте білімін жалғастырады. Қиындыққа мойымаған бойжеткен санасына әжесінің тағылымды тәрбиесін сіңіреді. Туған анасы Шүреңнен жырақта жүрсе де, аналық қамқорлықты әжесінен алады. Әпкесі Ұрқия оқыс оқиғадан көз жұмып, Күләш апа жалғыз өседі. Үйдегі бар жұмысты бір өзі атқарады. Кейде тағдыр тауқыметінен шаршаған кезде өмірдің кемшін тұсын жәй ғана сәтсіздікке балайды. Қашанда ұстамды қалпынан таймай қыз да болса қара жұмысты ер азаматпен қатар істейді. Әжесіне қолғабыс ете жүріп, үй тіршілігін тындырады.
Он сегіз жасында жары Балтабайды жолықтырып, шаңырақ көтерді. Әжесі Айша көзінің тірісінде қызының үй-жайлы болғанын қалап, өзі болашақ жарымен таныс­тырған. Содан бері 45 жыл бойы өмірдің қиындығы мен қызығын асыл ерімен қатар өткерді. Негізінен Балтабай Спанов туылмас бұрын шаңырағында дүниеге келген бала шетінеп кете береді. Сондықтан Балтабай ағаның анасы босанғанда оның төркіндері баланың кіндігін балтамен кескен екен. Сөйтіп шаңырақта тұрақтап қалған баланың есімі Балтабай қойылады.
Құдай қосқан қосағымен Күләш апа 8 перзент сүйеді. Қазіргі таңда 4 қыз, 4 ұлдан 15 немере, 8 шөбере сүйіп отыр. Ардақты ана немересінің біріне әжесінің құрметіне Айша есімін қоған. «Алтын алқа» иегерінің тағылымға толы өмірінде бірнеше сүргелең жолдан өтуге тура келеді.
– Біздің кезде аумалы-төкпелі заман орнаған. Әжемнің ақылына құлақ асып, 18 жасымда тұрмыс құрдым. Отағасы өте биязы, бір қалыпты, көргенді адам болатын. Бірге жоқшылықта мойымай, баршылықта тасымай ғұмыр кештік. Түйіннің тарқауын бірге ағытып, қиындықта табандылық таныттық. Балаларды жеткізу үшін қолдан барды жасап, қатардан қалдырмауға тырыстық. Киім-кешек жоқтың қасы. Қолға түскен матадан киім тігіп, балаларға кигізетінбіз. Өткенге ба­йыппен көз жүгіртсем, бүгінгі күніміз «әльхам» шүкір. Балалар өз алдына отау болды. Қалаған мамандық иесі атанды. Шөберенің қолынан су ішіп, басқа түскен қайғыны көтеріп келем. Қай кезде де ұрпағымның көз алдымда дені сау жүргені ерекше қуантады, – дейді ардақты әже.
Күләш Асылбекқызы кенттегі №2 «Балдәурен» балабақшасында жұмыс істеп, зейнетке шықты. Еңбек еткен жылдары тәулігіне 100 балаға тамақ пісіріп, аспазшы болған. Жұмыс барысында ешбір сын-ескертпе алып көрмеген ана балалардың қамқоршысы атанды. Күләш ападан жұмысы жайлы сұрағанымызда ардақты жан:
– Мені отағасы қиындығы мол жұмыстан қол үзгізіп, балабақшаға жұмысқа тұруыма себепші болды. Осында 25 жыл еңбек еттім. Әр жұмыстың өз қиындығы болады. Біз барлық талапқа сай жұмыс жасауға тырыстық. Басшылықтың талабы – сапалы, құнарлы тағам дайындау. Үнемі тапсырылған жұмысты мүлтіксіз орындап, абырой биігінен көріндік, – деді.
Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,
Ақ сүт берген қашан да үміт күтеді.
Отанымның өзі сенен басталып,
Жауларыма жеткен жерден бітеді, – деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай ананы құрметтеу – бас­ты парыз, перзенттік борыш. Күләш Асылбекқызы ұрпағының қиындық көрмегенін қалайды. Күнделікті атқан таңына шүкірлік етіп, өткенге салауат айтады. Спановтар отбасында мереке күні бірнеше туған күн аталып өтіледі. Асыл анамен бірге қыздары да жаңа жасын тойламақшы. Ұрпағымен мың жасайтын ардақты әжеге біз де ұзақ ғұмыр тілейміз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 

07 наурыз 2020 ж. 981 0