Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Танк тізгіндеген аға механик

Танк тізгіндеген аға механик

«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды». Адамзат баласына қайғы мен қасірет әкелген Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына – 75 жыл. 1941 жылы 22 маусым күні Германия КСРО-ға тұтқиылдан шабуыл жасады. Қиянкескі сұрапыл соғыс анасын баласынан, баласын әкесінен, жарын қосағынан айырды. Қанды қырғынның тигізген зардабы өте ауыр еді.
Қазақстаннан соғысқа 1 миллионнан астам жауынгер аттанды. Майдан даласында 600 мыңнан астам қазақстандық мерт болды. Бүгінгі ұрпақ етігімен қан кешкен, Отан үшін жан алысып, жан беріскен майдангерлерді еш уақытта ұмытпайды. Олардың ерліктері мәңгі ел жадында.
Қан майданға аттанған мыңдаған жауынгерлердің арасында Серікбай Нұрмаханов та бар. 1920 жылы дүние дидарын ашқан Серікбай аға білімге құштарлығының арқасында он алты жасында есепші болған. Есепке жүйрік бозбала Алматы қаласындағы қаржыгерлер мектебін бітірісімен қызметке ерте жастан араласады. 19 жасында әскерге алынған жауынгер әуелі фин соғысына қатысып, Ұлы Отан соғысына 1941 жылы кіріседі. Майдангер Ленинград қаласын азат ету шайқасына қатысады. Жауынгерлердің арасында өзінің сауаттылығымен көзге түскен Серікбай Нұрмаханов 1943 жылы оңтүстік майданда рота командирінің саяси ісі жөніндегі орынбасары болғандығы жөнінде жазылған көне құжаттар сақталған. Қазақ жауынгері Белорусь майданында да ерлік көрсетіп, танк полкінде ИС-122 танкінің аға механик жүргізушісі болады. Жанқиярлық ерлік жасаған жауынгер елге 1946 жылы оралады. Оның кеудесінде «Ленинградты азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» берілген медальдары жарқырады.
Соғыстан кейінгі жылдары жүдеп-жадаған ел еңсесін көтуреге үлесін қосқан азамат сауда-саттық саласында ұзақ жыл еңбек етті. Адал еңбектің арқасында ел әлеуетін көтеруге атсалысты. 1983 жылы 28 наурызда дүниеден озған жауынгердің артында ұрпағы қалды. Бүгінде Серікбай ағаның жалғыз ұлы Бегалы Серікбайұлы балаларына әкесі туралы, оның ұрпағына аманаттаған ескі жазбалар мен фотоларды көздің қарашығындай сақтау қажеттігін айтудан жалыққан емес.
– Әкем 63 жасында дүниеден өтті. Анаммен мағыналы өмір кешкен әкемнің халқына деген адалдығын, адамгершілік қасиетін балаларыма ұғындырып отыру – менің парызым. Биылғы мерейлі жылда әкемнің жасы 100-ге толады екен. Ота­нына бейбіт өмір сыйлаған майдангер бабаларымыздың аманаты мәңгілік мұра болып қала бермек, – дейді жа­уынгер ұрпағы, ұлағатты ұстаз Бегалы Серікбайұлы.
Елге мұра болған Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат ретінде әрбір адамның жүрегінде сақталады.


Бибісара ЖАНӘЛІ
12 мамыр 2020 ж. 863 0