Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауынгердің ұлы

Жауынгердің ұлы

Соғыс кезінде туған балалардың ешқайсысының өмірі жеңіл болған жоқ. Әжесі мен аналарының тәрбиесінде қиындық көріп өсті. Соғыс уақытында және одан кейінгі ауыртпалыққа толы жылдар осы кезеңде өмірге келген ұрпақты төзімділікке, шыншылдыққа, әділеттілікке баулыды десек, артық айтқандық емес.

Жақия ағаның әкесі Мырқы Оспанов Тереңөзек аудандық банк бөлімшесінің бастығы болып тұрғанда 1943 жылы майданға шақырылды. Ағайынды Аппаз, Мырқы Оспановтар қырғын соғыста қан кешіп жүргенде, олардың артында қалған шиттей бала-шағаны қос жауынгердің қарындасы Балдақ пен Жақияның анасы Айна бағып-қақты. Өкінішке орай, қос жауынгер де майдан даласынан ораламады. Сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапты.

Жақия аға өмір бойы әкесін аңсаумен өсіп жетілді. Өскенде әкесі сияқты білімді азамат боламын деп алдына мақсат қойды. Шын армандаған адам мақсатына жетпей қоймайды. Он жылдық білім алғаннан соң Түркіменстанда әскери борышын өтеді. Содан соң Самарқанд кооперативтік институтының тауартанушы мамандығына оқуға түсіп, жоғары білім алып шықты. Сөйтіп сауда саласында ұзақ жыл басшылық қызмет атқарды. Қолында тұрған уақытында да дүниеге қызыққан пенде емес. Бүгінде жасы 76-ға келсе де, сол таза әділ қалпында өмір сүріп келеді. Тумысынан тазалыққа тәрбиеленген ағаның әділетсіз атаулыға жаны қас.

Шағын кәсіпкерлік – ел экономикасын алға сүйрейтін локомотив дейтін болсақ, ерлі-зайыпты Жақия аға мен Роза апа ауданда шағын бизнесті дамытуға өз үлестерін қосып келеді. "Өлі риза болмай, тірі байымайды" дегендей әкесі Мырқы мен оның ағасы Аппазды жеңіс күнінде еске алып, қарттар арасында шахматтан турнир өткізіп тұрады.

Өзіндік өмірлік ұстанымы бар, әділдік жолында бұғып қалмайтын, ретті жерінде қарақылды қақ жаратын азаматтың мемлекет тарапынан алған марапаттары да жетерлік. Жақия Мырқыұлы Ұлы Жеңістің 20 жылдығы, ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы, Астана қаласының 10 жылдығы, ҚР Конституциясының 20 жылдығы және Сырдария ауданының 90 жылдығына орай мерекелік медальдармен марапатталды. Қаламы әділдіктің алдаспанына суарылған Ж.Мырқыұлы біздің аудандық газеттің белсенді авторы. Соңғы кезде оның қаламынан "Кент көшелері" айдарымен бірнеше тартымды мақалалары жазылды. Қаламы жүйрік ағаға алдағы уақытта да мәнді, маңызды мақалаларыңыз көбейе берсін деп тілек білдіреміз.
Шаһарбек БАЛТАБАЙҰЛЫ
23 мамыр 2020 ж. 603 0