Елдің бағын жандырған – ер Балдырған
Жалғандық жамандықтың досы емес пе,
Қызықпай дүние, байлық, бос елеске.
Ауылдың абыройын асқақтатқан,
Әйелдің мықтылығы осы емес пе?!
М.Сақтапов
Қызықпай дүние, байлық, бос елеске.
Ауылдың абыройын асқақтатқан,
Әйелдің мықтылығы осы емес пе?!
М.Сақтапов
Қазақ әйелдері қашаннан өршіл де өжет, қажырлы да сабырлы, сыпайы да ақылды. Әйел – Ана. Әйел тек балаларының қамын жасаушы, панасы емес, сондай-ақ кейбір әйел-аналар – қоғамның ісіне белсене араласқан қоғам қайраткері. «Әйелдің қырық жаны бар» деген рас. Тіпті, кейде балалары, отбасынан бөлек елдің қамын ойлайтын ер мінезді аяулы жандар еш тыным таппай, бейнет кешеді. Ондай нәзік жандылар жалпы қазақ халқын айтпағанда, өз ауданымызда да жетерлік.
Сырдария – таланттар мен өнерлілердің, еңбексүйгіш жандардың өлкесі. Істеген ісі аңызға айналған А.Әзқожаева, Ш.Әбитова, Г.Төлепова, Ж.Шахарова, А.Божанова, А.Бақтиярова, Д.Айсина, Ұ.Жанәлиева есімді әйел-аналарымыздың әрқайысы әр саладағы қызметінде адал еңбек етіп, асқақ абыройға ие болып, халықаралық жүлделермен марапатталған. Елге танымал, халықтың қалаулысы болған бұл аналар талай қиындықты жеңген.
Солардың ішінде, ауданымыздың даңқын асыруға, күріш өсіруден жоғары сатыдан көрінуге өз үлесін қосқан, өмірі Шіркейлі ауылында өткен, балаларының аяулы анасы – Балдырған Мұстапаеваны ерекшелеп айта аламыз.
«Қараөзек» кеңшарында дүниеге келіп, балалық бал-дәуренін сол жерде өткізген Б.Мұстапаева 70-жылдары «Шіркейлі» кеңшарына көшіп келіп, жастайынан диқаншылық кәсіппен айналысқан. Ол әкесі мен анасының еңбегін көріп, көкейіне түйіп өскен. Адал еңбек етіп, маңдай термен тапқан түйір дәннің қасиетін қадір тұтқан. Оның осынау ерлердің ері ғана шыдас беретін ауыр еңбек жолына бел шеше кірісуіне облысымызда бастау алған Жақаевшылар қозғалысы тікелей ықпал еткен. Жиырма бір жасынан бастап күрішшілікпен айналыса жүріп, еңбекте шыңдалған, талай игі істердің ұйытқысы болды. Звено жетекшісіне дейін көтеріліп, күріштің әр гектарынан жүзден астам центнер өнім алды.
Оның маңдай терінің, еткен еңбегінің өтеуі ескерусіз болған жоқ. Еселі еңбегі лайықты бағаланып, «Үздік еңбегі үшін», «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин» ордендерімен, «Социалистік Еңбек Ері» «Алтын жұлдызбен» марапатталған. Бұл жоғары атақтар, берілген наградалар адал еңбекке көрсетілген құрмет еді.
Балдырған ана түзде еңбегімен елдің бағын жандырса, үйде ана бақытының дәмін татып, шаңырағының отын маздатты. Асыл ана дүниеге сәби әкеліп, оны тәрбиелеп, халқымыздың санын көбейтіп, бір ерлік жасаса, еңбек көрігін қыздырып, халқымыздың байлығын, экономикасын жасауға белсене қатысып, ауданның мақтанышына айналды. Өмірдің талай соқтықпалы кезеңдерінен сүрінбей Шіркейлі кеңшарында бейнетінің зейнетін көрді. Жастайынан табысын маңдай терімен тауып, ұл-қызына шаң жуытпай, шаңырағын шайқалтпай күн кешті. Осындай қиын да қилы өміріне арнап Мұхтар Сақтапов ағамыз жыр да жазды. Мұндай елі үшін еңбек етіп, жерінің абыройын көтерген аналардың өмір жолы, атқарған елеулі еңбегі кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.
Әр адамның табиғат берген таланты, ерекше қасиеті болады. Балдырған Мұстапаеваға табиғат диқаншылық қасиет берген, оның аялы алақанының дақылға деген бір сиқыры бар сияқты болатын. Себебі, ол жалғыз күріш емес, қандай дақыл ексе де бітік өскен. 1990 жылдары облыста жүгері дақылына деген бетбұрыс болып, Балдырған апамыз жүгері де еккен. Қай салада болмасын үздіктігінен танбайтын ол жүгеріден де аудандағы, облыстағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де құр отырмай, бақша егіп, баптап өсірген өнімі мол болады екен. Ол туралы «Үй алдындағы құнары төмен, бірде су келіп, бірде су келмейтін жерге дейін көкөніс, жеміс, гүл егіп, жайқалтып қоятын» деп еске алады көзкөргендер.
Балдырған Мұстапаева «барға береке» дейтін, қанағатшыл, қарапайым жан болған. Көрген жақсылығы мен марапатына таза еңбекпен жеткен. «Әкеден ерте қалған үш жетім баланың біреуі едім, алдыңғы қатарлы азамат санатына қосқан елімнен айналайын» – деген екен еңбекпен есейген ол өзінің бір сөзінде.
Ердің ері ғана шыдас беретін ауыр еңбекті шыр айналдырған күрішші апамыз мінезге де бай болған. Өмірдің қиындығына шыдап, бейнетті көп көрсе де қабағын бір шытпайды екен. Сондай жомарттығынан болса керек, Балдырған Мұстапаеваның өмірден өтуі де ерекше жағдайда өткен. Төсек тартып жатпай, жаны қиналып, аурудың азабын тартпай-ақ, теледидарға түсіріп алуға келген журналистке сұхбат беріп, әңгіме-дүкен құрып отырып, өткен-кеткенді күле еске алып, жымия күлген бойы өмірден өтіпті.
Ердің ері ғана шыдас беретін ауыр еңбекті шыр айналдырған күрішші апамыз мінезге де бай болған. Өмірдің қиындығына шыдап, бейнетті көп көрсе де қабағын бір шытпайды екен. Сондай жомарттығынан болса керек, Балдырған Мұстапаеваның өмірден өтуі де ерекше жағдайда өткен. Төсек тартып жатпай, жаны қиналып, аурудың азабын тартпай-ақ, теледидарға түсіріп алуға келген журналистке сұхбат беріп, әңгіме-дүкен құрып отырып, өткен-кеткенді күле еске алып, жымия күлген бойы өмірден өтіпті.
Одан бері қанша жыл өтсе де Шіркейлі ауылынан тұңғыш шыққан Социалистік Еңбек ері Балдырған Мұстапаева сынды батыр аналар ұмытылмақ емес. Себебі, бүгінгі ұрпақ алдыңғы толқындар еңбегін естен шығармай, соларға қарап бой түзейді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ