Қорқор шегіп, қор болғанша...
Бүгінде әлемдік үдерісте кеңінен қолданысқа еніп кеткен қорқорға жас та, жасамыс та әуес. Шындығында, қорқор тартуға бейімделген көпшілік тәуелділік синдромын бастан өткеруде. Пайдасынан зияндылығы басым дүниенің адам ағзасына едәуір әсер ететіні мәлім. Әсіресе ойын-сауық кештерінде, мерекелік басқосуларда, демалыс орындарында қорқор пайдаланушылар көптеп кездеседі.
Негізінен, қорқордың шығу тарихы сонау 1775 жылдан бастау алады. Жалпы, жұтатын түтінді сүзгіден өткізетін және салқындатып отыратын, шегуге арналған құрал деген мағына білдіретін қорқор алғаш Үндістан елінде пайда болған екен. Ал Еуропа елдерінде қорқор ХІХ ғасырдан бастап кеңінен қолданыла бастаған. Негізінен, аталған құрылғыны пайдалану жағынан ертеректе араб елдері алдыңғы орынға шыққан деген дерек те бар. Сан түрлі атаумен әрбір ел азаматтары өздігінше қорқорды тұтынуға машықтанған деседі. Жалпы, жарнамасы көз қызықтыратын қорқордың зияндылығын тәуелді адамдар бағамдай алмайды. Себебі, олар көңіл көтерудің жақсы жолы – қорқор деп біледі.
Әдетте қорқорға арналған табактың сыртында 0,5 пайыз никотин 0 пайыз смола бар деген жазуды байқауымыз әбден мүмкін. Дегенмен, кәсіби мамандар табактың қандай түрін алсақ та, жүйкені улайтын никотин бар екендігін алға тартады. Жалпы, адам ағзаның қалауын толықтай қанағаттандыру үшін 20-80 минут қорқор тартуға тура келеді екен. Ал бір сағат қорқор тартқан адам сол уақыттың ішінде 100 дана шылым шеккенмен бірдей денсаулыққа зиян тигізеді. Өкпеге никотин мен зиянды зат аз барғанына қарамастан, тұншықтырғыш газ көп мөлшерде түсетіні анықталған. Сонымен бірге 45 минут бойы қорқор тұтынған кісі бір қорап темекі шеккенмен тең тұншықтырғыш газ жұтады деген тұжырым бар.
Дәрігерлер жұртшылық аса зиян көрмейтін қорқорды тұрақты тұтыну өкпе, жүрек және қан тамырлары, рак ауруларына әкеліп соғатынын анықтаған. Мұнан бөлек қорқор жүйкеге кері әсер етіп қана қоймай, сал ауруына шылдықтыруы да әбден мүмкін. Осы ретте «Қорқор тартқан «қор» боларын біле ме екен?» деген сұрақ туындайды. Әрине, біле тұра, қорқорға әуестігін жеңе алмайтын жандар қатары жетерлік. Мәселен, жақында бір кафеге қонақ ретінде барғанбыз. Бас-аяғы 2-3 сағаттың ішінде 20-35 жас аралығында өрімдей жастардың қорқор тартумен әуес екендігін көзіміз көрді. Оның ішінде, қаракөз қазақ қыздарының көптігіне қынжыламыз.
– Қорқорға тапсырыс беретін жастар болашағын ойламайтыны қиын. Қазіргі уақытта қорқордың зияндылығын жіті түсіне білмейтін адамдар бірсәттік қуанышқа кенелуді ғана көздейді. Айта кетейік, қорқорға құмар жандар оттегі жетіспеушілігіне ұшырайды. Соның салдарынан ми, жүрек, бауыр, бұлшық ет пен жасуша оттегінің жетіспеушілігінен сан түрлі ауыр дертке шалдығады. Біз сала маманы ретінде арнайы акциялар өткізіп, жергілікті тұрғындарға түсіндірме жұмысын жүргізіп келеміз. Бірақ, қорқорға тәуелділік басылмай тұр. Қорқор пайдаланар тұста адамдар міндетті түрде гигиеналық талаптарды сақтағаны абзал, – дейді аудандық емхананың наркологы Қалдыбек Жұмабеков.
Өз кезегінде қорқор сатуға мүдделі кафе, мейрамхана, ойынхана, түнгі клуб секілді кәсіпкерлік нысандарының иелеріне заңмен шектеу енгізетін уақыт келген сияқты. Ең алдымен, жастардың тәуелділігін тежеу үшін олардың қорқор пайдалануына толық тыйым салған абзал. Қорыта келе, жастарға қорқор шегіп қор болғанша, басқа пайдалы іспен айналысқан дұрыс дегіміз келеді...
А.Балтабай
Фото: ашық дереккөзден