Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорқор тартқан «қор» боларын біле ме?

Қорқор тартқан «қор» боларын біле ме?

Қорқор (кальян) дегеніміз темекі сияқты табакты тартуға арналған құрал. Қорқор парсы тілінен аударғанда жұтатын түтінді сүзгіден өткізетін және салқындатып отыратын, шегуге арналған құрал дегенді білдіреді.

Қазіргі таңда көптеген адамдар қорқорды көңіл көтерудің жақсы жолы деп біледі. Алайда бұлайша қөңіл көтерудің қаншалықты зиянды екенінен бейхабар. Қорқор зиянсыз, оның денсаулыққа тигізер кері әсері жоқ деп тұрады. Шындығына келер болсақ, табактың қандай түрін алып қарасақ та олардың барлығында жүйкені улайтын никотин болады. Никотин шегетін ағзаның қалауын толық қанағаттандыру үшін, адамға 20-80 минут қорқор тартуға тура келеді. Бір сағат қорқор тартқан адам, бір темекі тартқан кездегіден 100-200 есе артық түтін жұтады. Сондай-ақ оның өкпесіне, никотин мен зиянды заттардың аз болғанына қарамастан, тұншықтырғыш газ көп мөлшерде түседі. 45 минут бойы қорқор шеккен адам тұншықтырғыш газды, бір қорап шылым тартқан адамнан көбірек жұтады. Оны тарту кезінде көбірек күш жұмсауға тура келгендіктен, түтін өкпенің терең тұстарына кіріп кетеді екен.Қорқордың құрамында никотиннен басқа, адамның геніне кері әсер ететін бензопирен деген улы зат бар. Бензопирен – адам ағзасында қатерлі ісіктің пайда болуына ықпал етеді.

Әдетте қорқорды бірнеше адам болып тартады, яғни қорқордың мундштук деп аталатын сору түтігін бірнеше адам пайдаланады. Гигиеналық тұрғыдан бұл өте зиянды. Сілекей арқылы таралатын гепатит, герпес, туберкулез сияқты сырқаттардың жұғуына ықпал етеді. Сонымен қатар қорқор айналадағы адамдарға зиянын тигізеді. Қорқор шеккен адамның жанында отырғандар сол адамның өзінен гөрі көбірек уланады. Қазіргі кезде көпшілігіміз қорқорды зиянсыз ермек деп санаймыз. Қорқордың денсаулыққа зияны жоқ, оны сулы сүзгіші түтіннің токсиндерін тазартады деп алданбау керек! Қорқор- бұл улардың, қарамайдың (смола) концерогендер мен бактериялардың өте зиянды қоспаларын адам ағзасына тез жеткізетін «сәнді» аппарат. Қорқор тартушының ағзасында улы иісті газ ауқымды көлемде оттегі тапшылығын туындатып, шылым шегуші адамдікі сияқты мидың, жүректің, бауыр мен бүйректің жасушаларын зақымдайды. Қорқор түтіні қорқор тартушының қанына канцерогенді (обырды тудыратын заттар) өкпе тінін зақымдайтын ұшпалы альдегидтерді тікелей «жеткізеді».

Кальянды пайдалану – оттегіне қарағанда көмірқышқыл газы гемоглобинмен көп байланыста болады. Сол себепті қорқор құмарлар үнемі гипоксияға (оттегі жетіспеушілігі) ұшырайды. Соның салдарынан ми, жүрек, бауыр, бүйрек, бұлшықеттер мен басқа да жасушалар оттегінің жетіспеушілігінен әртүрлі ауыр дерттерге шалдығады, оның аяғы әртүрлі мүгедектікке алып келуі мүмкін.


Жанар Бисенбай,
Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының жетекші маманы

Фото: ашық дереккөзден
20 сәуір 2023 ж. 355 0