Белгілі айтыскер ақын өмірден өтті
Белгілі айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова өмірден өтті. Бұл туралы айтыскер ақын Біржан Байтуов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«Алаштың аяулы ақыны Əселхан Қалыбекова апамыз бұл жалғанмен қоштасты. Барша қазақ еліне қайғырып көңіл айтамыз. Жаназа уақытын қосымша хабарлаймыз», деді ол.
Әселхан Қалыбекова 22 сәуір, 1950 жылы Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында туған.
Әселхан Қалыбекова белгілі халық ақыны Ергөбек Құттыбайұлының ұрпағы.
1966 жылы Көксарай елді мекеніндегі Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебін бітірген. 1970 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық газет редакциясында қызмет етті. 1971-91 жылдары аралығында аудандық ауа райы мекемесінде бақылаушы қызметін атқарған.
1981 – 1982 жылдары суырып салма айтыс ақындарының додасына қатыса бастады. Әселханның айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол.
Ақын апа айтыс әлемінде алып самұрыққа ұқсайтын, қанатымен дауыл тұрғызып, екпінімен найзағай ойнататын, елінің ең сүйікті перзентіне айналған.
Республикамызға танымал белгілі ақындардың бәрімен кездесіп, аймақтық, республикалық, халықаралық көптеген дүбірлі айтыстарда намысты қолдан бермеген, от ауызды орақ тілді, арқалы ақын.