Облыстық айтыстың жүлдегері атанды
Айтыскер-ақын, өтірік айтыс өнерінің майталманы Замаддин Ибадуллаевтың 80 жылдық мерейтойында аудан әкімі Р.Рүстемовтің бастамасымен ақын атындағы «Алдаспан» үйірмесі ашылған болатын. Аталған үйірменің мүшесі, Аманкелді ауылының тумасы Қамбар Нұрланұлы облыстық жас ақындар айтысының жүлдегері атанды. Қуанышты хабарды аудандық газетке жариялап, жыр сүйер қауымнан сүйінші сұрауды жөн көрдік.
Жаңақорған ауданында өткен оқушылар айтысында Сыр өңірінің өлең-сөзге құштар жас өрендері бақ сынады. Айтыс Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық, Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы аянда ұйымдастырылған. Айтыста Сырдария ауданының намысын «Алдаспан» жас ақындар үйірмесінің мүшесі Қамбар Нұрланұлы қорғады. Ол көпшілік ықыласына бөленіп, жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Жас өренді жыр бәйгесіне дайындаған Мамыр Байдәулетовтің айтуынша, іс-шара жоғары деңгейде өтіпті.
– Айтыс – ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр. Көпшілік алдында тез әрі ұтымды сөз саптай білетін шеберлердің жыр бәйгесіне халқымыздың құрметі ерекше. Осынау қасиетті өнердің туын төмен түсірмеу мақсатында Замаддин Ибадуллаев атындағы «Алдаспан» жас ақындар үйірмесін ұйымдастырып, ауданның өнері мен мәдениетін биікке көтеру үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта да оқушылардың талабын ұштап, бағыт-бағдар береміз. Қамбар Нұрланұлының жетістігі үйірменің ғана емес, ауданның жетістігі. Үйірме мүшелерінің әлі талай бас жүлделер алатынына сенемін, – дейді М.Байдәулетов.