Бөлімше командирі һәм киномеханик
Жеңіс туын желбіретуге жастық шақтары қан мен терге малынып өткен қаһарман сырдариялықтардың қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай. Олар оқ пен оттың ортасында жүріп Отанды қорғады. Ел басына күн туғанда қолына қару алып, жасақталған жауға қарсы қажыр-қайратын, батылдығы мен ерлігін көрсетіп, ақыр соңында фашистерді өз «ұясында» талқандауға қатысқан майдангерлердің есімі ел жадында. Олардың қатарында бөлімше командирі һәм соғыс жылдарында киномеханик болған Бапабек Сақыбеков бар.
Қан майданда тілерсектен қан кешкен жауынгер ұрыс даласына 1942 жылы аттанған. Ол кезде 19 жаста болған. Тереңөзек әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына алынып, Ақтөбе қаласында әскери даярлықтан өткен. Қолға қару алып, ұрыс тәсілдерін меңгерген. Аз ғана уақыт ішінде даярлықтан өткен жас сарбаз 1942 жылдың 29 мамырында Сталинград майданына кіріскен. Алғаш барғанда 17-ші атқыштар полкінің құрамында болса, кейіннен 214-ші атты әскер қатарында жаумен айқасқа түскен.
Сержант шеніндегі сырдариялық жауынгер бөлімше командирі ретінде бірнеше ұрыстарда қаруластарын майданға бастаған. Сол кескілескен шайқастарда ауыр жараланады. Десе де Отан үшін еш аянбаған Б.Сақыбеков госпитальда емделіп, кейін қайта майданға қосылған.
Ақтөбе қаласында даярлық кезінде жауынгер кинооператорлық мамандықты меңгерген. Ұрыс даласында әскери басшылар осы мамандығын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, Кеңес әскерлері азат еткен жерлерді түсіруге, сол арқылы тарихи шежіре жасауды жүктейді. Ол кезде сержант 218 гвардиялық атқыштар полкінің ІІ арт дивизия құрамында болған. Осында жүріп құжаттамалық деректі фильмдер түсіруге атсалысты, соғыстың тірі шежіресін жасауға үлес қосты. Міне, жау жерінде сондай кадрларды түсіру сәтінде оң жақ кеудесінен оқ тиіп, ауыр жараланады. Кезекті рет госпитальда ем алады, Ұлы Жеңіс күнін тойлайды. 1945 жылдың 27 желтоқсанына дейін әскери міндетін өтеп, елге келген.
Бапабек Сақыбеков Германия қалаларына дейін барып ерлік көрсеткені үшін «Германияны жеңгені үшін» медалімен наградталған. Сондай-ақ Польшаның Вроцлов, Венгрияның Будапешт, Чехословакияның Брюне қалаларын азат етуге қатысқаны үшін Сталиннің мақтау грамоталарымен марапатталған.
Елге келгеннен кейін майдангер «ПМК-15» мекемесінде еңбек етті. Одан кейін Қараөзек станциясында жұмысшылар комитетінің төрағасы болған. Соғыстан келгеннен кейін отбасын құрып, Құдай қосқан жары Нағима Сақыбековамен бірге 7 ұл-қыз тәрбиеледі. Ұлдары Асылбек, Аябек, Әлібек, Әділбек және қыздары Шырынкүл, Аягүл, Алтынкүлдер өсіп жетілді. Бүгінде үлкен әулетке айналып, әке есімін ардақ тұтып келеді.
– Әкеміз соғыс даласында ерлік көрсеткен. Бала кезімізде әкем майдандағы отты күндер туралы айтып отыратын. Киномеханик болғанын, сарбаздар рухын көтеру үшін окопта жатып кинолар көрсеткенін айтатын. Ақ матаны іліп, соған әскери қолбасшы Чапаев туралы фильмдерді көрсеткен. «Сол кезде ақ матаны атылған оқтар тесіп жататын» деп отыратын еді. Майдандағы кеудесіне тиген оқ әкемізді қажытты. Сол жараның зардабынан 61 жасында дүниеден өтті. Биыл әкеміздің туғанына – 100 жыл. Біздер үшін қан кешіп, жанқиярлықпен соғысқан, бейбіт өмір сыйлауға атсалысқан әке есімін мәңгі ету – біздің парызымыз, – дейді ұлы, аудандық ардагер жүргізушілер кеңесінің төрағасы Аябек Наурызбаев.
Бірнеше рет жараланса да жаумен шайқастан қайтпаған Бапабек Сақыбековтің ерлігі ешқашан ұмытылмайтыны хақ. Осы орайда, ұрпақтары майдангер есімін жаңғырту үшін Тереңөзек кенті көшелерінің біріне есімі берілсе деген ұсынысын айтады. Мұндай игі іс сырдариялық жауыргердің рухына деген тағзым болары сөзсіз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ