Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Атты әскер жауынгері

Атты әскер жауынгері

Ұзақбай Ахметов – Тереңөзек ауданы, Бидайкөл ауылында 1923 жылы дүниеге келген.

Ұлы Отан соғысы басталып, қан майданда қызу шайқастар жүріп жатқан 1942 жылы 18-ден 19 жасқа қараған Ұзақбай Ахметов Тереңөзек әскери комиссариаты арқылы майданға шақырту алып, аттанған. 1942 жылдың шілде айында 9-шы дивизияның 22 Кавказ кавалериялық полкінің құрамында шайқасқа кіреді. Жастайынан ат құлағында ойнап өскен Ұзақбай Ахметов кавалериялық полктің алдыңғы қатарлы жауынгері болды.

Кейіннен артеллерист болып ІІ Украина майданында Орел, Харьков, Курск шайқастарына қатысқан. Бұл шайқастар Ұлы Отан соғысында шешуші орын алған. Оның айғағы – Ұзақбай Ахметов «Ұлы Отан соғысы» ордені мен «Соғыстағы ерлігі үшін» медалімен және басқа да орден, медальдармен марапатталған.Жауынгер кезекті шайқастардың бірінде ауыр жараланады. Сол қолына екі жерден оқ тиіп, сол жарықшақтың сынығы Ұлы Жеңістен кейін Ұзақбай Ахметовтың денесінде 30 жыл бойы жүрген. Содан соң, қолы іріңдегесін дәрігерлер жарықшақты алып тастаған.

Соғыстан І топ мүгедегі болып оралған майдангер бейбіт өмірде кент орталығындағы түрлі мекемелерде зейнетке шыққанша еселі еңбек еткен.

Соғыс ардагері Ұзақбай Ахметов майданда алған жарықшақтың зардабынан 1986 жылы 63 жасында дүниеден озған.
09 мамыр 2020 ж. 830 0