Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жасампаз жасақ» – ерлікке тағзым

«Жасампаз жасақ» – ерлікке тағзым

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қару ұстауға қауқарлы азаматтардың барлығы майданға аттанып, ұрыс даласында ерлік көрсетті. Бейбіт өмір үшін от кешкен ерлерге кейінгі толқынның құрметі мол. Олардың ұрпақтары бүгінде «Жасампаз жасақтың» қатарынан табылып, батыр бабалар рухына тағзым етуде.
Тарихи деректерге жүгінсек, екінші дүние­жүзілік соғыс жылдарында қазақ даласынан 1 жарым миллион жауынгер, соның ішінде Сыр өңірінен 70 мың сарбаз соғысқа аттанған. Оның жартысынан көбі ұрыс даласында қаза тапты. Ал елге аман-есен оралғандардың қатары уақыт өткен сайын сиреп барады.
«Жасампаз жасақ» – бүгінгі ұрпақ зұлмат соғыста кеудесін оқ пен отқа тосқан жауынгер бабаларын ұмытпайтындығының бір көрінісі. Осы орайда жылдағы дәстүрге сай «Жасампаз жасақ» шарасы өткізілуде. Бірақ қазіргі қаран­тин жағдайына байланысты іс-шара онлайн режимде өткізіліп, Сыр бойынан шыққан батырлардың ерлігі кең көлемде насихатталуда.
Бұл бастаманы алдымен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бастады. Аймақ басшысы Қызылорда облысы әкімдігінің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында әкесі Науша Әбдіқалықов жөнінде айтып, май­дан­гердің ерлігі кейінгі ұрпаққа өнеге екенін жеткізді.
«1941 жылдың жаз айы. Бұл мезгіл мектеп бітіріп, білім ұясынан енді ғана түлеп ұшқан әкем Науша Әбдіқалықов үшін ең қасіретті кезеңдердің бірі болды. Ол 1942 жылдың наурызында соғыстың нағыз қызған шағында қызыл әскер қатарына қосылды. Жауынгерлік жолын гвардиялық 279 атқыштар полкінде бастап, Смоленскіден Балтық теңізі жағасындағы Кернз­бергке дейінгі сұрапыл соқпақты жүріп өтті. Жауға қарсы топ бастап, қаншама қала, елді мекенді азат етуге атсалысқаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болды. Әкелердің ел үшін жасаған ерлігі біз үшін үлгі. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес» деді аймақ басшысы.
Міне осыдан бастап облыс аумағында әлеумет­тік желі арқылы «Жасампаз жасақ» шарасына қатысушылар өздерінің соғысқа қатысқан аталары, әкелері, аналары туралы көпшілікке насихаттап жатыр. Олар оқ пен оттың ортасында ерлік көрсеткен жақындарының фашизмді жоюға қосқан үлесін әңгімелеп, майданнан жіберген хаттарын оқып, бейнеролик түсіруде. Майдангерлердің суреттерін де көрсетіп, олармен мақтанатынын айтуда. Бұл бейнежазбалар әлеуметтік желіде #SyrBatyry, #Jeniske75, #BatyrUrpagy хэштегімен жариялануда.
Игі бастаманы сырдариялықтар да жалғас­тыруда. Ауданнан майдан даласына 3 мыңға жуық жауынгер аттанып, олардың жартысынан көбі туған жерге оралмады. Отан үшін ерлікпен жауға тойтарыс берді. Сол қаһармандар ерлігін ұлықтау үшін ұрпақтары «Жасампаз жасақ» шарасына қатысып, кейінгі толқынға олардың жүріп өткен жолын, басынан кешірген қиыншылықтарын әңгімелеп, жауынгерлермен мақтанатынын жеткізуде. Бұл бүгінгі ұрпақтың бейбіт өмір сыйлаған батырлар алдындағы перзенттік парызы.
Биыл Ұлы Жеңіске – 75 жыл. Қазіргі төтенше жағдайға байланысты айтулы датаны кең көлемде атап өтуге мүмкіндік жоқ. Десе де қандай кезең болса да майдангерлер ерлігі насихаттала береді. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды!

Ердос БЕРКІНБАЕВ
05 мамыр 2020 ж. 818 0