Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Танк экипажының командирі

Танк экипажының командирі

Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Жеңіс күнінде аға ұрпақтың өшпес ерлігі жадымызда жаңғырып тұра­ды. Оларды жарыққа шығарып, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында әңгімелеудің маңызы ерекше болмақ.
Ел басына күн туғанда қолына қару алып, қан майданға аттанған, ата жауға қарсы қажыр-қайратын, батылдығы мен ерен ерлігін көрсетіп, ақыр соңында фашистерді өз «ұясында» талқандауға қатысқан ата-ағаларымыздың ерлігі ел жадында. Сондай ерлігі мен өрлігі өзіне сай, жас кезінде жалынды жауынгер болған азаматтың бірі – тереңөзектік Әбілқасым Ақшалов еді. Әбекең үш бірдей соғысқа қатысқан және саналы ғұмырының тоғыз жылын әскери өмірге арнаған жеңіс сарбазы болатын. Ол осы қасиетті Тереңөзек топырағында төңкерістен бір жыл бұрын, яғни 1916 жылы дүниеге келіпті. Ескі мен жаңа формация алмасып жатқан алмағайып заманда өмірге келген жанның балалық, жігіттік шағы қиыншылыққа толы болған. Ақтар қашып, қызылдар қуған, одан кейінгі тәркілеу, тасмешін-ашаршылық қазақтың тұқымын қынадай қырған тажал болғаны тарихтан белгілі. Осындай өмірдің өткелінен шарболаттай қайралып шыққан 21 жастағы Әбілқасым Ақшалов 1937 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылады. Белоруссияда жаяу әскер құрамында азаматтық борышын өтеп жатады. Солдаттық өмірдің екі жыл ыстығына күйіп, суығына тоңған әскери тактиканы жақсы меңгерген жаяу әскер құрамын бір түнде, яғни 1939 жылдың тамызында әскери дабылмен көтеріп, шұғыл ала жөнеледі. Сөйтіп олар Польшадан бір-ақ шығады. Ал осы жылдың желтоқсан айын­да финдермен ұрысқа кіреді. Бұл соғыс қысқа мер­зімде аяқталғанымен, алғаш финдер бет қаратпады. Әсіресе, бұл соғыс Кеңес әскеріне қиынға соқты. Өйткені, күн қақаған суық,-45С-тан асады. Күннің көзі бұл жақта төрт сағат қана көрінеді екен. Қардың қалыңдығы 1-1,5 метр. Кеңес солдаттарының аяғына өмірі шаңғы байлап көрмегендер де бар. Алғашқыда томп-томп құлаудың «көкесі» де болыпты. Дегенмен, неге де болса дайын, идеологиялық жағынан жақсы қаруланған, рухы мықты әскер қойсын ба, финдер тас-талқан болып жеңіледі. Бұл соғыс біткеннен кейін жауынгер Әбілқасым Ақшалов елге оралады. Туған жерге деген сағыныш кеудені кернеп, арада айшылық жол жүріп, Тереңөзекке табаны 1940 жылдың қараша айында тиді. Өкінішке орай, арада жыл өтпей жатып Ұлы Отан соғысы басталып, оған қайта шақырту алды. Бұл жолы қатардағы жауынгер Челябинскідегі танкистер даярлайтын училищеде оқып, әскери жаттығудан өтеді. Содан кейін бұлардың бөлімі Ленинград блокадасындағы «қанды қасапқа» кіреді. Алғашқы сәттен бас­тап ала топалаңға қосылып кеткен Ақшалов 64 тонналық ауыр танкіні ұршыққа үйіріп, бастапқы ұрыста жеті тәулік бойы бел шешпей шайқасады. Жан беріп, жан алысқан бұл айқаста жаудың мыңдаған жендеттері танк табанында тапталып жатты. Дүние күңіреніп тұрғандай болды. Бұл соғыс деген қайғы-қасірет екенінің көрінісі. Блокада ойранынан аман шыққан Ақшалов 34-ші танкісімен Шығыс Пруссияға жол тартады. Сол бетте Кеннисбергті азат ету ұрыстарына қатысады. Бұл да тарихта өзіндік орны бар майданның бірі. «Темір тажал» атанған 34-ші танкімен Еуропаны көктей өткен Ақшалов жеңіс күнін Берлинде қарсы алады. Өмірінің тоғыз жылын Отан қорғауға арнаған Ә.Ақшалов 1945 жылдың мамыр айында жеңіспен елге оралды. Соғыстан кейін құлазып тұрған халық шаруашылығын көтеруге аянбай атсалысады. «Үлгі» колхозында мал фермасын басқарады. Содан кейін зейнетке шыққанша азық-түлік өнімдерін дайындау­­шы болып сауда саласында еңбек етті.
Біз Әбекең ақсақалмен көп жыл көрші тұрдық. Көп ішінде көшелі сөз айтатын көшенің көсем ардагері еді. Ақжарқын, бауырмалдылығы өз алдына. Жеңіс күні омырауына орден, медальдарын тағып шыға келгенде, ардагерді танымай қалатынбыз. Қарапайым шалдан еңселі командирге айналып жүре беретін. Ә.Ақшалов соғыстағы ерліктері үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызыл жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» орден­дерімен, «Ерлігі үшін», «Кеннисбергті азат еткені үшін» және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.
Әбекеңнің жолын қуған қызы Гүлстан көп жыл дүкенші болса, қазіргі кезде ауданның маңдай алды кәсіпкері. Жаңадан ашылып жат­қан балабақшаларға, тұрмысы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек жасаудан кенде емес. Әкесі тәрізді жомарт жан. Ұлы Отан соғысындағы ерен ерлігі мен және бейбіт өмірдегі жарқын еңбегімен артына өшпес із қал­дырған жауынгердің бүгінде немере-шөбе­релері ер жетіп, ата-баба өнегесіне сай өсіп келеді.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
07 мамыр 2021 ж. 454 0