Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еріктілік үлгісін іздесеңіз...

Еріктілік үлгісін іздесеңіз...

Түркі халқының ойшылы Ә.Науаи «Жо­марттық пен адамгершілік – ата мен ана, адалдық пен инабаттық солардың екі перзенті» десе, ортағасырлық ақын А.Иүгінеки «Ең жақсы әдет – жомарт­тық» дейді. Игі іс, жомарттық, еріктілік туралы айтқанда осындай нақылдар бірден ойға оралады. Өйткені өз еркі­мен қайырымдылық жасап, «Атымтай Жомарт» атанып жүргендердің кең­пейілділігіне куә болғанда олар­дың игілікті істі ең жақсы әдетке айналдырғанына тәнті боласың.

Расында, жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай, ана сүтін ардақтап, ата салтын салмақтайтын елде ерікті болу, қайырым­дылық көрсету, жанашырлық таныту – әуелден қалыптасқан игілік. Бұл жолда қандай таршылық пен жоқшылық нәубет келсе де бір үзім нанды өзгелермен бөлісіп жеген ұлттың ұлылығы өзгелерге үлгі-өнеге. Ал осындағы еріктілік қасиеті әрбір адамның бойында табылса, онда сол қоғамның адамдары бақытты екені шүбәсіз.

Ерікті болу дегеніміз – көмекті қажет етушілерге сүйіспен­шілік танытып, жәрдем көрсету. Қайырымдылық – адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі екені айтпаса да белгілі. Сол себепті де еріктілік қызмет – өз еркіңмен баратын қайырымды шара. Яғни, ерікті болу – жүректің ісі. Міне, осы жүректің қалауымен жарымжан жандарға, көмекті қажет ететіндерге қамқорлық көрсету – нағыз ерлік. Сондай-ақ жүрек қалауының қызметі қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірінде ежелден келе жатқан – жылу жинау немесе асар жасау дәстүрлерінің тарихи жалғасы болып саналады. Бұл тұста Мемлекет басшысы «Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз» деп атап өткен болатын.

Халқымызда табиғат апатынан немесе өзге де бақытсыздық салдарынан баспанасынан, мал-мүлкінен айырылған отбасыға ауыл болып көмектесу бағзыдан қалыптасқан. Оның бір үлгісі – төл әдебиетіміздегі тұңғыш роман-эпопея «Абай жолында» бар. Бар дейміз-ау, жалпы қазақтың дана, дара тұлғасы жөніндегі эпопея тұнып тұрған еріктілік. Бүкіл қазақтың болмысы бейнеленген шығарма бойында жақсылық жасау, ізгілік көрсету, қайырымдылық, досқа, бауырға деген бауырмалдық, ағайынға деген жанашырлық, қиын-қыстау кезеңдегі көмек көрсету, бәрі бар.

Роман-эпопеяда Абай Құнанбайұлының жеке өмірі мен өсу жолы ғана суреттеліп қоймайды, сонымен қатар ақын өмір сүрген қоғамның қоғамдық-әлеуметтік жағдайы, оның ішінде асарлату, жылу жинау дәстүрі жан-жақты бейнеленген. Мәселен, романның «Қияда» атты тарауында дана Абайдың жерінен айырылған, малынан ажыраған, жұтқа ұшыраған аш-арық халыққа жанашырлық, қайырымды іс-әрекеті баяндалады. Ол «Ағайынға қайырым етіңдер» деген ұранмен көпке көмек қолын созады.

Жалпы қазақ халқы әуелден төрт-түлікті күнкөріс қамы еткен. Жыл он екі айда ішері, мінері сол. Сояры, сатары да сол. Киер киімі, бас панасы да сол айналдырған аз тұяқ. Ал табиғат апаты, жұт болғанда қорасындағы азын-аулақ тұяқтан айырылса, күнкөрісі әлсіз, осал болмақ. Міне, осындайда іргелі ел, жұрағат, жұрт болып қиындыққа төтеп беру үздік туындыда көрініс тапқан. Жұт деген, жоқшылық, апат деген осындай болып қақ қасын келгенде Абай ерікті түрде жұртқа жана­шыр­лық танытты.

«Малдарын күресін қардың арасына тығып, қоянның кеуегіндей оптың ішін паналаған жандарға жаны ашыды. Әрбір ауылдың үлкендеріне соңғы рет қайтадан соғып:

– Тоңғандарың мына тұс-тұсыңдағы ауылдарға барып, жы­­лы­нып қайтыңдар. Бір-бір мезгіл ыстық ішіңдер. Осы қо­рық­тарда отырған ауылдардың бәрі де ағайын ғой. Қумайды. Жас­қанбаңдар!.. – деген сөздерінен данышпанның апатпен алы­сып жатқан ағайынды бірлікке, бірлесе қиындықтан шығу жолдарын іздегенінің көрінісі. Боран болып, ел қиналғанда Абай­ ат үстінде жортып жүріп, бар қыстауды аралап шығады. Сон­дағысы халыққа қамқорлық жасауды басты міндеті санайды.

«Әр ауылдың Ызғұтты сияқты үлкендерін және әсіресе, ас иесі кексе қатындарын тысқа шақыртып алып:
– Мынау апатпен алысып жатқан ағайынға қайырым етің­дер! Ауылда неше қазан болса, соның бәріне ыстық істеп, күніне бір-бір рет қорек беріңдер! – деп қадағалап, тапсырып шықты. Осымен әр ауылдың күтетін аш-арығы белгіленіп, тұс-тұсындағы түтіндерді меншіктеп алды».

Демек, қиыншылық келгенде өзіңде барды өзгелермен бөлісуді, қай уақытта да ағайынға жақсылық жасауды Абай жан-жағындағыларға өзі үлгі бола жүріп, насихаттаған. Тіпті ро­манда қысылтаяң шақта өзінің қамын ғана ойлау қазақтың қанында жоқ қасиет екенін ұғындырады. Оны Қаражанға айт­қан мына сөзінен анық аңғаруға болады:

«Мынау маңайдағы ел жұтап, қырылып жатыр. Бас аманда пішеніңді шабатын, құдығыңды қазатын, малыңды суаратын, барып-келіңе жүретін сол ағайын болатын. Қазір қысылып, басына күн туып кеп тұр. Малдарына жайылыс бердік. Өз қыстаулары алыста. Күн болса суық. Осы маңдағы барлық ауылға кісі үлестіріп беріп келеміз. Біздің ауылда 40-50 жан болады! Орын жетпей жатыр. Жаңа өздеріне атап тапсырдым. Сенің аулыңның тұсында жиырма кісі бар. Төрт ауылдың адамы. Соларға күніне бір мезгіл ыстық іс­теп беріп отыр...»

Осылайша, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» дейтін Абай «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін іспен дәлеледейді, жылы жүрек қалауымен игі іс атқарады.

Бұдан бөлек эпопеяның бірінші томының «Өрде» тара­уында Бөжей асы туралы айтылады. Ел мен елдің арасы бірде қату, бірде тату болып, сұлтандар өзара бітім-тынымға келе алмай, араларында пайда болған талас-тартыс өршіген. Алайда Бөжей дүние салып, асы берілер шақта Абай әкесіне:

– Тағы бір жайды айтуға рұқсат етіңіз. Ол мына Бөжейдің асы туралы. Бұл жөнде біз ада қылмаған ағайын міндеті көп. Жалғыз-ақ, енді мынау ас жалғыз Жігітекке сын емес. Бірнеше дуанның еліне сауын айтып отыр. Ағайынмын, адаммын де­геннің бәріне сын. Өлімінде оқшау қап ек, енді тым құрыса, мы­нау асына атсалысайық, – дейді.

Елге сыйлы жанға ас беру бір жағынан еске алу рәсімі болса, екінші жағынан елдің татулығын, бірлігін нығайтады. Осындай аста қонақ күту кәдесі өте ерекше. Бұл жерде асты өткізуде барлығы жұмыла кіріседі. Міне, Бөжей асында да ағайын болып атсалысуға Абай өз еркімен рұқсат алып, жоқ-жітікті түгендейді.

«Қонаққа тігіліп жатқан үйлердің ортасынан Абай өзі тіккізетін үйлерге бөлек орын тілейді. Ол үлкен үйді осы бүгіннен қалдырмай әкеліп тігудің міндетін алады. Он үй – отыз-отыздан үш жүз кісі түсетін үй болмақ. Сол үйлерге арналған ішкі жасау, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ – баршасы үйлермен бірге келеді. Және он үйдің ертеңгі-кеш ас азығы, бар сойысы, барлық күтімі өзіне бөлек. Ол Абайлардың өз мойнында. Ас ошағын да өздері жайлайды. Аспазшы, күтуші, даяршы жігіттердің бәрін де Абай өзі қамдайды». Осының бәрін Абай өзі ерікті түрде абыроймен атқаруға мойнына алады. Жас болса да үлкендер сенімін ақтап, асты абыроймен өткізеді. Мұның өзі түсінген жанға еріктілік, ағайынға деген сүйіспеншілік, жанашырлық. Осы арада барлық істі атқаруда асар әдісі бар екені айқын аңғарылады.

Жалпы, роман-эпопеяның әрбір тарауынан, шығарманың өн бойынан еріктілік тақырыбын айтып тауыса алмаспыз. Өйткені қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, қазақи болмыс­ты бүкпесіз баяндайтын роман осындай ізгі қасиетке тұнып тұр. Асылында, данышпан Абайдың өзі риясыз, ерікті түрде баршаға жаны ашып, қазақ тарихының бедеріндегі еріктіліктің үлгі-өнегесін көрсетіп кеткені даусыз.


Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
03 мамыр 2023 ж. 130 0