Еріктілердің елге көмегі көп
Қоғамда жастардың қозғаушы күш ретінде алар орны зор. Олар қай істе де жігерлілік танытып, көпшілікке көмек қолын созады. Осы ретте, ауданға қарасты Аманкелді ауылындағы жастардың жігермен атқарып жатқан жұмыстары көпке үлгі. Олар «Жалын» еріктілер штабына топтасып, елді мекендегі әлеуметтік мәселелерді атқарушы билікпен бірлесе отырып, шешілуіне бір кісідей атсалысуда.
Өткен жыл елімізде «Волонтерлар жылы» болса, соның аясында Аманкелді ауылында еріктілер штабы құрылды. Оның құрамында аудандық мәслихат депутаты, ауыл әкімдігінің мамандары, жеке кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары және жастарынан құралған 12 мүшесі бар. Облыс төңірегінде құрылған бірден-бір жастар штабы ауылдың әлеуетін көтеру үшін тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетуді мақсат еткен. Осы бағытта ерікті түрде елге көмектерін тигізіп келеді.
– Еріктілер штабы ашылғаннан бері атқарылған жұмыстар ауқымды. Елді мекен тұрғындарының әл-ауқатын көтеру мақсатында және еріктілікті дамытудың 7 бағыты бойынша шамамыз келгенше жұмыстар жүргізудеміз. Елді мекенде өрт жағдайы орын алып, ауыл тұрғыны, көпбалалы отбасы үйінен өрт шығып, оны сөндіру барысында ауыл еріктілері Б.Бекетов, Ж.Исабеков ерен еріктілік көрсетті. Жастармен бірге ауылдағы аға буын да төтенше жағдай орын алған отбасыға тиісті дәрежеде қолдау көрсетті. Одан бөлек, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға ауыл жастары шама-шарқынша қайырымдылық көмек көрсетіп келеді, – дейді ауыл әкімдігінің жастар ісі жөніндегі маманы Н.Абдрасилов.
Елімізді індет жайлағанда аманкелділік жастардың ауызбірлігін байқаған болатынбыз. Олар ерікті түрде ауыл әкімдігі мамандарымен бірлесе, карантиндік талаптарды қатаң сақтауға қатысты түсіндірме жұмыстарына атсалысты. Ол кезеңде де тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік себеттерін таратуға ерікті түрде мұрындық болды. Осындай ерен еріктіліктің арқасында олардың мерейі үстем болды. Өткен жылдың қорытындысында «Еркін елдің еріктілері» тақырыбымен форум өтіп, онда жыл көлемінде жан-жақты еріктілік жұмыстармен айналысқан19 ерікті марапатталған. Оның ішінде, «Үздік ерікті» ретінде Руслан Смагулов 200 000 теңге қаржылай марапатқа ие болды.
Биылғы арайлы Азаттықтың мерейлі жылында да «Жалынның» жастары жарқын бастамаларды жанына серік еткен. Олар осы уақытқа дейін 30 жылдықтың аясында көкпар, көптеген спорттық жарыстар, жастар арасында балық аулаудан сайыс өткізіп, жастар саясаты, олардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында кездесулер ұйымдастырған. Жігерлі жастар ауылдың тазалығына атүсті қарамайды. Олар апта сайынғы сенбіліктерге қатысып, көшелерді күл-қоқыстан арылту ісінде де белсенділік танытады.
– Биыл біз жастар арасында өзекті деп танылған 10 бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде, жастарға бейресми білім беру, жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға тарту, сондай-ақ дарынды жастардың бастамаларына қолдау көрсету сынды ауқымды істер бар. Әр бағыт бойынша өзіміздің жоспарымызды құрып, оны жүзеге асыру тұрғысында ауыл халқы жұмыла көмек көрсетуде. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тұрғындардың ауызбірлігінің арқасында бір тұрғынға үй алып бергеніміз де соның дәлелі, – дейді «Жалын» еріктілер штабының төрағасы Б.Серікбаев. Айта кетейік, Бексұлтан Серікбаев биылғы жыл қорытындысында аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығымен марапатталды.
Сонымен бірге, жыл көлемінде Қызылорда облысының «Волонтёрлер фронт-офис» жетекшісі Болатбек Айтбенбетов, «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорының төрағасы Сағатбек Сиюов, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Ораловтар еріктілер штабының мүшелерімен және ауылдың белсенді жастарымен еркін форматта кездесу өткізген. Кездесу барысында «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 30 игі іс», «Еріктілер – қоғамның қозғаушы қуаты», Жолдаудан туындаған міндеттерді іске асыру тақырыптары қамтылып, өзара тәжірибе алмасқан. Бұл тәжірибе өз нәтижесін беріп, 30 игі іс бастамасы аясындағы «Қайырымды істер марафонына» ауыл тұрғындары автоволонтерлыққа шақырылып, олардың тізімі жасақталған. Бұл істе 10 автоволонтер белсенділік танытып, Қызылорда қаласы мен Аманкелді ауылы арасында тегін тасымалдау арқылы халыққа қызмет жасап, ризашылыққа бөленген.
Жалпы, еріктілер штабының жұмысына көз сүйсінеді. Ауылда қандай да бір әлеуметтік мәселе болса, белсенді жастар басы-қасынан табылады. Әрбір ауылда өскелең ұрпақ осындай белсенділік танытса, халықтың әл-ауқаты артатыны айқын. Тек жігерлілер бір іске ұйыса білсе болғаны. Бұл ретте, аманкелділік жастарды үлгі етеміз.
Ердос БЕРКІНБАЕВ