Ауыл еріктілері үн қосты
Еріктілік – өз еркіңмен баратын жүректің жұмысы. Жүрек жанданса – қоғам да өркениетке қадам басары сөзсіз. Сондықтан қазіргідей індет жайлаған кезеңде еріктілердің елге қолғабыс тигізуі – жанашырлықтың нақ үлгісі екені анық.
Бүгін облыс орталығында «Syr volonterlary» орталығы ашылды. Орталықтың мақсаты – еріктілерді бір орталыққа біріктіріп, халық игілігі үшін қызмет көрсету. Аймақ еріктілері 7 бағыт бойынша онлайн форматта жұмыс істейтін болады. Бұған елі ырысты, жері күрішті ауданның ерікті жастары да сүбелі үлес қосарына сенім мол.
Қазіргі таңда ауданның ерікті жастары тұрғындарға көмек қолын созуда. Оның ішінде науқастарға көмек көрсетуде олар ұйымшылдық танытуда. Мәселен, бүгін ауданға қарасты Айдарлы ауылының ерікті жастары бірлесіп, ауылдық амбулаторияға құны 90 000 теңгеге қажетті дәрі-дәрмекті жеткізіп берді. Бұл өз кезегінде үйден ем алып жатқан науқастарға үлкен көмек.
Сондай-ақ Аманкелді ауылының еріктілері де игілікті іске үн қосты. Қазіргі таңдағы қауіпсіздіктің басты талабы маска тағу болса, аманкелділік жастар тұрғындарға медициналық бетперделерді таратты. Сөйтіп, қауіпті індеттің бетін қайтаруға ұйысқан ерікті жастар мүмкіндігінше көмектерін көрсетуде. Мұндай игі іске басқа елді мекен еріктілері де атсалысуда.
Қысылтаяң шақта еріктілердің осылайша елге жанашырлық танытуы – мақтауға тұрарлық!