Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерікті болу – ерлік

Ерікті болу – ерлік

Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Айдарлы ауылының халқы биылғы жылы толайым істердің куәгері болды. Ауыл жастары елді мекен игілігі үшін жұдырықтай жұмылып, ізгі амалдар жасады. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауыл жастарының демеушілігі негізінде елді мекенге кіреберіс маңнан үлкен қақпа салынған болатын. Сонымен бірге белсенді жастар мүмкіндігі шектеулі азаматқа бір пәтер салып берді. Ерен еріктіліктің жарқын үлгісін көрсеткен ауыл жастарының ізгі істеріне аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова ауданға сапар барысында оң бағасын берді.
Қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін қазақстандық ерікті жастардың бүгінге дейін атқарған еңбектері орасан зор. Елімізде әрбір сегізінші жас еріктілер қатарын толықтыруда. Жастар жылы­ның ізін ала бастау алған Еріктілер жылында ел жастары жеті жұрттың қамын жеп, туған жеріне барынша қызмет етуде. Бүгінде еріктілерге ерекше көзқарас қалыптасқан. Осындай ерен еріктілік аясында туған жерге деген қамқорлықпен Айдарлы ауылының жастары ізгілік жаршысына айналды.
Айдарлы ауылының жастары №139 орта мектеп қабырғасында білім алып жатқан 25 оқушыны мектеп киімдерімен, оқуға қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Туған ауы­­лына сүйіспеншілік танытқан ауыл жастары Сәдуақас молда мешітінің жанынан 150 орынды шатыр орналастырған. Аталған шатыр бүгінде халықтың игілігіне жарап тұр. Ерікті жастар өз қаржысына ауылдағы 2 жалғыз басты ананың есік алдын темір шарбақпен қоршаласа, бір жалғыз бас­ты анаға от жағатын және кіре беріс бөлме салып берді. Үш қарияның ауласын тазалау жұмыстарын ұйымдастырды.
Қазақ халқында «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтылмаса керек-ті. Ауылды сүйіп, қадірлейтін жастардың игілікті ісі кіндік қаны тамған ауылын, өскен ортасын дамытуға зор үлесі деп білеміз.
– Төтенше жағдай кезінде ерікті жас­тар ауыл­дағы 26 отбасына азық-түлік таратты. 2 мың дана қорғаныш бетперде дайындап, ауыл тұрғындарына тегін үлестірді. Ауылдағы блок бекетке қажетті дене қызуын өлшейтін «термометр» құрылғысын алып берді. Алдағы уақытта ауданның, облыстың, елдің өркендеуіне бағытталған жұмыстарды ерен еріктіліктің арқа­сында жасайтын боламыз. Осындай сындарлы сәтте жұдырықтай жұмылып, игілікті істерді жал­ғастыру перзенттік парызымыз, – дейді ауылдық әкімдіктің жастар ісі жөніндегі маманы Өмірзақ Есболатов.
Айта кету керек, биыл «Айдарлы жастар» бригадасы құрылып, 7 белсенді жас жұмыс жасауда. Жеке кәсіпкер Досхан Болатұлы Ақбостай жерінен 70 гектар жүгері егіп, жастарды жұ­мыспен қамтуда.
Өткен аптада ауданға жасаған жұмыс сапарында ауыл жастарының белсенді жұмыстарына ризашылығын білдірген облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова оларды қолдай отырып, өзгелерге үлгі етіп көрсету керектігін айтты. Ендеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәр­менімен еріктілерді қолдау барынша жүзеге аса беретін болады. Өйткені ерікті болу – ерлік.
Балтабай Ордабеков
30 мамыр 2020 ж. 1 650 0